Өмірден алынған оқиғаларға негізделген туынды ана мен қыздың қарым-қатынасын, әйелдің арманы мен өмірлік таңдауын арқау етеді. Мұнда әртүрлі тағдыр иелерінің өмірі арқылы бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер қозғалады.
Спектакльдің негізгі желісі аналардың жүріп өткен жолы мен сол өмірге қыздарының көзқарасы төңірегінде өрбиді. Кейіпкерлер аналарының тағдырын ой елегінен өткізіп, олардың орнында болса қандай шешім қабылдайтынын таразылайды. Бірі анасының өмірін қайталағысы келмесе, енді бірі оның бастан өткерген қиындықтарын түсінуге тырысады. Ал тағы бір кейіпкер анасының жастық шағына оралып, сол кездегі арман-тілегін білгісі келеді.
Алып қашудың көлеңкесіндегі тағдыр
Қойылым авторы әрі режиссері Іңкәр Каримова үшін бұл тақырыптың маңызы аналардың өмірін баяндаумен ғана шектелмейді. Ол сахнаға шыққан әйелдер тағдыры арқылы бүгінгі жас буынның дүниетанымын, олардың өмірге деген көзқарасын және өз болашағына қатысты ұстанымын көрсетуді мақсат еткен. Әсіресе аналардың бастан өткерген оқиғалары қыздарының мінезі мен таңдауына қалай әсер еткеніне назар аударған. Сонымен бірге режиссер ана бейнесіне қалыптасқан түсініктен өзгеше қырынан қарап, оның да өз арманы мен ішкі әлемі бар адам екенін көрсетуді маңызды санайды.
– Спектакльдегі шығармашылық құрамның айтқысы келгені – жалпы аналарымыздың тағдырлары арқылы біздің буынымыздың көзқарастарын көрсету және аналарымыздың өмірлері бізге қандай ықпал еткенін, біз, әйелдер, қандай өмір қалайтынымызды көрсету. Аналарымызды, аналарымыздың образын қыр-сырымен көрсете білу, оларды түсіне білу. Аналарымыз да өмірінде бірінші рет ана болып жатыр. Олардың да ішінде кішкентай қыздар отырғанына көз жеткізу. Және осыны біле тұра, оларға түсіністікпен, мейіріммен қарау, сүю және басқа адамдарға да соны жеткізу маңызды, – дейді Іңкәр Каримова.
Қойылымдағы оқиғаның бірі – алып қашудың құрбаны болып, өз еркінен тыс тұрмыс құрған әйелдің тағдыры. Өмірдің ауыртпалығын бастан өткерген ана қызының өзі жүрген жолмен жүруін қаламайды. Сондықтан оны білім алуға, тұрмысқа шығуға асықпауға, ең алдымен өз болашағын ойлауға тәрбиелейді. Кейін қызы бойжетіп, әйелдердің құқығы мен еркіндігін жақтайтын феминистік көзқарасты ұстанады.
Тағы бір оқиғада ана мейірімінсіз өскен қыздың өмірі баяндалады. Бала күнінде анасы тастап кеткен кейіпкер әкесінің тәрбиесінде өседі. Алайда есейген сайын өзге қыздармен тіл табысу, достық қарым-қатынас орнату оған қиынға соғады. Осы арқылы қойылымда балалық шақтағы жан жарасы мен отбасындағы қарым-қатынастың адам өміріне тигізетін әсері көрсетіледі.
Спектакльде тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдің жеке еркіндігі, қоғамның қыз балаға қоятын талаптары да назардан тыс қалмайды. Қыздардың білім алуы, арманына ұмтылуы, өз болашағына қатысты шешім қабылдауы мен отбасылық міндеттердің арасындағы қайшылықтар кейіпкерлер тағдыры арқылы ашылады.
Қойылымның ерекшелігі – сахналық шешімі
Шығармаға арқау болған жеті оқиға да өмірден алынған. Оларды жинақтап, сахналық туындыға айналдыру барысында режиссер әйелдер мен қыздардың бастан кешкен қиындықтарына тереңірек үңілген. Әсіресе зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандардың жан жарасын көркем шығарма тілімен жеткізу оңай болмаған. Өмір шындығы мен театр өнерінің көркемдік талаптарын ұштастыру шығармашылық ізденісті қажет еткен. Осы жұмыс барысында режиссерді әйелдердің ауыр жағдайларға төтеп беріп, өмір сүруге деген жігерін жоғалтпауы ерекше толғандырған.
– Психологиялық тұрғыдан маған бұл пьесаны жазу қиынға соқты. Өзім қыз болғандықтан, барлығын жүрегіме қатты жақын алдым. Мысалы, зорлық-зомбылық көрген қыздардың оқиғаларын оқығанда, оларды бір көркем дүниеге айналдыру қиын болды. Өйткені мұндай қорқынышты жағдайды қалай көркем шығармаға айналдыруға болады? Мен үшін осы уақытқа дейін шешілмеген мәселе бар: шындықты барынша шынайы жеткізгім келеді, бірақ театрдың өз тілі, өз драматургиясы бар. Осы екеуін біріктіру оңай болған жоқ. Әйел ретінде мен олардың қаншалықты мықты екенін түсіндім. Осы оқиғалардағы әрбір әйел, анасы туралы әңгімелеген әрбір қыз, өз тағдырымен бөліскен аналар – барлығы да өз үнінің естілуіне, еңбегі мен өмірінің бағалануына лайық, – дейді режиссер.
«Ана жолының» тағы бір ерекшелігі – оның сахналық шешімінде. Қойылымда жеті актриса жеті түрлі тағдырды баяндайды. Әрқайсысының жеке монологы бар. Кейіпкерлердің ішкі толғанысы мен жан дүниесіндегі қайшылықтар тек сөз арқылы емес, музыка, би және пластикалық қимылдармен де жеткізіледі. Кей тұста сахнадағы қозғалыс сөздің орнын басып, оқиғаның эмоционалдық әсерін күшейтеді.
Спектакль барысында актрисалар көрермендермен тікелей байланыс орнатып, оларға сұрақтар қояды. Осылайша, сахнада көтерілген мәселелер залдағы көрерменді де ойлануға жетелейді.
Қойылымда ана бейнесі тек отбасының қамын ойлайтын жан ретінде ғана емес, өз арманы, өкініші, қалауы мен өмірлік таңдауы бар жеке тұлға ретінде көрінеді. Аналардың да бір кездері арман қуған жас қыз болғаны, олардың да өмірден өз орнын іздегені әр оқиғада әр қырынан ашылады.
Драматургияға мықты әйел бейнесі керек
Режиссердің пайымдауынша, әйелдердің өз тағдырын өзі баяндауына мүмкіндік беру – қазіргі қазақ драматургиясы үшін маңызды бағыттың бірі. Өйткені сахнадағы әйел бейнесі көбіне біреудің анасы, жары немесе қызы ретінде көрініс табады. Ал оның жеке тұлға ретіндегі ішкі әлемі, арманы мен мұраты әрдайым шығарма өзегіне айнала бермейді. Іңкәр Каримова қоғамда әйелдердің өмірі мен еркіндігі туралы ашық әңгіме өріс алып келе жатқанын оң өзгеріс деп бағалайды. Оның түсінігінде мұндай шығармалардың міндеті –әйел мен ер адамды бір-біріне қарсы қою емес, бұрын назардан тыс қалған тағдырларға көңіл бөлу.
– Қазақ драматургиясына мықты әйел бейнелері қажет. Ол біреудің анасы, біреудің әйелі немесе қызы ғана емес, оқиға әйелдің өзінің төңірегінде өрбуі керек. Мұндай шығармаларды өте сирек кездестіремін. Тіпті әйел туралы қойылымдардың өзінде оның тағдыры ер адамға қатты тәуелді болып жатады. Әйелдерге өздері туралы айтуға көбірек мүмкіндік беру керек. Біздің қоғам әйел еркіндігі туралы ашық әңгімеге біртіндеп дайын болып келеді. Бес жыл бұрынғы уақытпен салыстырсақ, бүгінде феминистік көзқараспен түсірілген фильмдер мен қойылған спектакльдер бар. Мұны жақсы үрдіс деп санаймын. Бұл әйелдер мен ер адамдарды бөлу емес. Керісінше, бұрын жеткілікті көңіл бөлінбеген әйел тағдырына назар аудару. Меніңше, мұның қоғамға тигізер әсері оң болады, – дейді Іңкәр Каримова.
«Ана жолы» – әйелдің қоғамдағы орны мен жеке таңдау еркіндігін қозғайтын шығарма. Қойылым көрерменді өз анасының өміріне, оның бастан өткерген қиындықтары мен орындалмаған армандарына басқа қырынан қарауға шақырады. Әр кейіпкердің тағдыры арқылы әйелдің өз өміріне қатысты шешім қабылдау құқығы, ұрпақтар арасындағы түсіністік пен адамға деген құрмет мәселесі алға шығады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ








