Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің басшылығымен Камбоджа әлеуметтік-экономикалық табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды
Мемлекет басшысы Қазақстан Камбоджа Үкіметінің Cambodia Vision 2050 және Pentagonal Strategy бағдарламаларында межеленген ұзақмерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы күш-жігерін қолдайтынын айтты.
Президент жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай әлеует бар деп санайды.
– Сіздің және делегацияңыздың елімізде жасанды интеллектіні дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға қызығушылық танытып отырғандарыңызды білемін. Бүгін Астанадағы Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Қазақстанның осы салада қол жеткізген табыстарымен және негізгі әзірлемелерімен таныса аласыз. Еліміз БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту индексіне сәйкес, барлық бағытта оң динамика көрсетіп келеді. Ортақ ниет пен берік саяси ерік-жігер болса, өзара мүддемізге сай келетін көптеген бағыт бойынша ынтымақтастық аясын кеңейте алатынымызға сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.










