Табиғатты сақтау – ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік

Мемлекет басшысы саммитке қаты­су­шыларға ілтипат білдіріп, қонақжайлық танытқаны және БҰҰ Биоалуантүрлілік бойынша конференциясы аясындағы көшбасшылар саммитін жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Премьер-министр Никол Пашинянға алғыс айтты.

Президент табиғатты сақтау жөнінде келер ұрпақ алдында ортақ жауапкершілік пен халықаралық күш-жігерді үйлестіру қажет екенін еске салды.

– Біз табиғат тартуын болашаққа жет­кізуді көздейтін халықаралық ынты­мақ­тастықты кеңейту мақсатында жиналып отыр­мыз. Яғни күрделі сын-қатерлермен бетпе-бет келуі ықтимал өскелең ұрпақ ал­дындағы ортақ жауапкершілік жөнінде сөз қозғадық. Бұл – біздің өркениетіміздің аман қалуына да қатысты мәселе. Өйткені биоалуантүрлілік адамдар игілігін, эко­номикалық орнықтылықты және ұзақ­мер­зімді қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өте қажет. Бүлінбеген экожүйелер азық-түл­ік өндірісінде, су ресурстарын қорғауда және миллиондаған адамды кіріс көзімен қам­туда маңызды рөл атқарады. Шө­лейт­тену және су тапшылығы, басқа да эко­ло­гиялық проблемалар табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікке орасан қауіп төндіреді. Судың жеткіліксіздігі мен жер­дің тозуы миллиондаған адам үшін үй­реншікті жағдайға айналды. Мұның сал­дары тым ауыр. Себебі бұл үдерістер мем­лекеттер аумағынан ары асып, ор­нық­ты дамуды тежейді әрі жаһандық тұрақ­тылыққа зардабын тигізеді. Мұқият ойластырылған және нақты шараларды қамтитын экологиялық күн тәртібі саяси қайшылықтарды еңсеруі қажет. Бізге шы­найы серіктестікке, бөліп-жармауға не­гізделген, ең бастысы, нақты нәтижелерге қол жеткізуді көздейтін халықаралық ын­тымақтастық керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЖАЛПЫҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯҒА АЙНАЛУДА

Мемлекет басшысы жер кө­лемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей био­алуан­түрлілігімен ерекше­ленетінін айтты.

– Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы боры­шымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауап­кершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Консти­туциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптас­тыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығын­дай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қор­ша­ған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақ­саттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау эко­номика­лық өрлеумен қатар жүруі керек еке­ніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құн­ды­лықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экология­лық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүние­танымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның сирек кездесетін жануар­­ларды сақтау мен көбейту жолын­дағы күш-жігеріне тоқтал­ды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қа­зақстан қазірдің өзінде био­логиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткіз­генін мәлімдеді. Елі­мізде киік санының көбеюін осы жетістік­тердің бірі ретінде атап өтуге бо­лады.

– Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы эко­логиялық тепе-теңдікті сақтау­дағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыс­тары попу­ляция­сын қалпына келтіру жұмыс­тары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы елі­міз­дегі қорғалатын аумақтарға тие­сілі. Өткен ғасырдың тоқ­саныншы жылдары құрып кету­дің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қор­ғау және жүйелі ғылыми мони­торинг шараларының нәтиже­сінде шама­мен 190-ға дейін кө­бейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық се­рік­­тес­тердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұ­мысының нәти­жесінде қол жеткізілді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Феде­рация­сына және оның Прези­дентіне, БҰҰ Даму бағдарлама­сына, Дүние­жүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серік­тес­терге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат ая­сына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.

Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы чех, неміс және мажар әріп­тестерімізбен бірге қазақ дала­сына Пржевальский жылқы­ларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті. 

ТЕҢІЗ ТАҒДЫРЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАДЫ

Президенттің пікірінше, Кас­пий теңізінің бірегей биоалуан­түрлілігін қорғау қажет.

– Таяуда Түрікменстанда өт­кен алғашқы Каспий экология сам­митінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Кас­пий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қа­жет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақ­станның Халықаралық сирек түр­лерді қорғау және био­алуантүр­лілікті сақтау жөніндегі қор құру туралы бастамасына тоқталып, шетелдік серіктестерді аталған іске үн қосуға шақырды.

– Он жылға арналған бұл бастаманы Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі ұлттық бағдар­лама толықтыра түседі. Құжат та­биғи мекендеу орталарын қал­пына келтіруді, түрлерді қорғауды және ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар желісін кеңейтуді көздейді. Бұдан бөлек, Ұлттық генетикалық биоалуантүрлілік банкін құруға кірістік. Қазақстан аймақтық деңгейдегі табиғатты сақтау шараларына белсене қатысады. Биыл сәуір айында Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтті. Жиын қорытындысы бойынша Орталық Азиядағы экологиялық ынтымақтастық жөніндегі Астана декларациясы қабылданды. Теңіз маңындағы бес мемлекеттің қол­дауымен Қа­зақ­стан Каспий теңізі­нің су ре­сурс­тарын сақтауға бағыт­талған ха­лықаралық бағдар­лама қабыл­дау туралы бастама көтерді, – деді Президент.

Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ істің бірнеше бағы­тын айқындады. Мемлекет бас­шысы су ресурстарын басқаруда берік байланыс қажет деп санай­ды.

– Өткен жылы Қазақстан БҰҰ жүйесінде Халықаралық су ұйы­мын құруды ұсынды. Бұл бастама Орталық Азия елдеріне ортақ әрі оған мүдделес мемле­кеттердің бар­лығы үн қоса алады. Мақсатымыз – су қауіпсіздігін нығайтып, өзен-көлдер мен сулы-батпақты алқап­тар­дың жай-күйіне тәуелді табиғи эко­жүйелерді қорғау, – деді ол.

Қазақстан Президенті био­алуантүрлілікті сақтау үшін озық технологияларды кеңінен қол­дануға шақырды.

– Бүгінде тиімді серіктестік цифрлық технология мен жасан­ды интеллектіге арқа сүйеуі қажет. Себебі олар экожүйелерді мо­ниторингтеу, табиғи ресурс­тарды басқару және экологиялық қауіп-қатерді болжау әдістерін түбегейлі өзгерте алады. Қазақ­стан үшін жасанды интеллектіні дамыту және цифрлық трансфор­мация – ұлттық басымдық. Астанадағы Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығын бірлескен ғылыми зерт­теу­лер жүргізу, биоалуантүрлілік дерек­терін талдау, алдын ала ес­керту жүйелерін әзірлеу, сала ма­ман­­дарын даярлау платформасы ре­тінде пайдалануды ұсынамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Мемлекет бас­шысы Биоалуантүрлілік жөнін­дегі конвенция Хатшылығының өңірлік кеңсесін Алматыда орна­лас­тыруды ұсынды. Президенттің пікірінше, бұл кеңсе Орталық Азия елдеріне биоалуантүрлілік жөнін­дегі Куньмин-Монреаль жаһандық негіздемелік бағдар­ламасын жүзеге асыруға қолдау көрсетіп, ғылыми тәжірибе алма­суға және табиғатты қорғау жөніндегі бірлескен жоба­ларды жүзеге асыруға ықпал ете алады.

Мемлекет басшысы Био­алуан­түрлілік мәселелері бойын­ша саммит аясында бірқатар кездесу өткізді. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО Бас директоры Халед Әл-Ананимен және Еуро­палық комиссияның таза, әділ және бәсекеге қабілет­тілікке көшу мәселелері жөніндегі атқарушы вице-төрағасы Тереза Риберамен кездесті.

Халед Әл-Ананимен кезде­суде Қазақстанның ЮНЕСКО-мен білім беру, ғылым және мә­де­ниет салаларындағы ықпал­дастық перспек­тивасы талқы­ланды. Ха­лық­аралық бастама­ларды ілгері­летудегі ынтымақтас­тықты кеңей­тудің маңызы ай­тылды. Бұл елдер арасындағы гуманитарлық байла­ныстарды дамытуды және диалогты нығай­туды көздейді.

Тереза Риберамен әңгімелесу барысында Қазақстан мен Еуро­палық одақтың орнықты даму, энергетика және қоршаған ор­таны қорғау саласындағы ынты­мақтас­тығын нығайту мәселелері қозғалды.