Асқар Дүйсенбі, ақын, композитор, фольклортанушы ғалым: Ақынның міндеті – дәуірдің ізін сөзбен сақтау

Қиын да қызықты өмір жолынан өткен ақын мен оның өнердегі орны, ән әлемі және шығармашылық тағдыры туралы әңгімелескен едік.

–  Асқар аға, жақында туған ауылыңыз Қан­дөзде сіздің туындыларыңызды арқау еткен «Ән-дәурен» атты Қызылорда облыстық ән байқауы өткенінен хабардармыз. Туған жеріңізге барғанда әуелі ойыңызға не оралды? Жалпы, ауылға жиі барып тұрасыз ба?

– Ауыл деген – алтын бесік қой. Қандөздің қасиеті атауының өзінде тұрғандай. Биыл тамыз­да өнердің көшін туған жерге бұрып, ба­рып қайттым. «Ән-дәурен» атты әншілер байқауының өтуі мен үшін үлкен қуаныш, туған жерге тәу етіп, тағзым жасаудың бір жолы деп білемін. 

Әбіш ағамның: «Тұлпарды танығың келсе, тай күнін өткізген жеріне бар» деген сөзі ойыма жиі оралады. Ата-анамның ізі қалған топырақ, бала күнімде асыр салып өскен белдер, жас дәуренде бірге жүрген қимас жандар көз алдымнан өтеді. Ақын болмасам, осының талайы елеусіз қалуы да мүмкін еді. Өйткені ақынның міндеті – өз басынан өткенді ғана емес, өзі куә болған дәуір мен ортаның да ізін сөзбен сақтау. Ауылға жиі барамын десем, артық айтқаным болар. Кейде жыл аралатып, кейде екі жылда бір барып қаламын. Бірақ арадағы қашықтық туған жерден алыстата алмайды. Өйткені Қандөз – менің жырымның тамыры.

Жазба өлең ауызша поэзиядағы олқылықты кешірмейді

–  Бала кезіңізден атақты Нартай ақын әуені нақышын, иірімдерін әдемі келтіреді деп естігеніміз бар, құпия болмаса мұны қайдан, кімнен үйреніп алдыңыз? Сіздің өнерге үйірлігіңізге ата-анаңыз Кейкі көке мен Тұрар апа қалай қарады? 

– Дүйсенбі атам – заманында домбыра, қобыз тартып, сырнайға қосылып жыр айтқан, жанынан өлең шығарып, айтысқа түскен өнер­паз кісі екен. Бұл туралы әкем жиі айтып отыратын. Өзі де грампластинкаға жазылған терме-жырларды сатып әкеліп, үйде көп тың­дайтын. Біз кей сөзін түсініп, кейбірін түсінбесек те, әкеміздің жанында жата қалып, құлақ түре­тінбіз.

Өнердегі алғашқы қадамым бала кезімнен басталды. Бастауышта сөз ұйқастырып, әзіл өлеңдер жазатынмын. Кейін домбырамен терме, толғау, халық әндерін орындай бастадым. Әке-шешем өнерге бейімділігімді үнемі қолдады. Марқұм Болсын әжем әр сайысқа аттанарда батасын беретін. Өнердегі жолымның ашылуына атаның аманаты, әкенің тәрбиесі, ананың қолдауы мен әженің батасы себеп болды деп ойлаймын.

–  Білуімізше, Сіздің өнерге алғаш қадам басқан кезіңіз тоқырау жылдары басталған 90-жыл­дарға тұспа-тұс келетін секілді. Сол кездегі ұлттық өнерге сусаған жұрттың шөлін басқан – айтысқа қалай араласып кеттіңіз. Қиырдағы ауыл баласының сол кездегі қиыншылыққа қарамай, Алматы қаласында өткен аламанға қатысып, жай қатысып қана қоймай, азулы ақындармен тай­таласқа түсуіне қандай құдірет күш берді?

– 1980 жылдардың соңында «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, ұлттық құндылықтар қайта жаңғырып, ауылда мәдени шаралар жиі өте бастады. Сол кезеңде айтыскер ретінде өнер сахнасына шықтым. Өнердегі жолыма рухани ағам, сатирик ақын Нұрмахан Елтай көп ық­пал етті. Ол ауылда алғаш рет үлкендер мен жас­тарды жұптастырып айтыс ұйымдастырып, мені өзімнен үлкен жігіттермен айтыстырды. Нұрмахан ағам мені одан әрі қанаттандырып, үлкен айтыс додаларына алып шықты. Алдымен Қажымұқан Мұңайтпасовтың 120 жылдығына арналған аламанға қатыстым. Кейін Алматыда «Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған «Қа­зақ қандай халық?» атты республикалық ақын­дар айтысында бақ сынадым. Осындай ірі жарыстардан кейін Жүрсін Ерманов ағамыз ұйымдастырған республикалық айтыстарға қатысып, еліміздің әр өңірінен шыққан талай жүйрікпен сөз додасына түстім.

– Сізді жұрт ең алдымен айтыскер ақын ретінде таныды. Суырыпсалмалық қасиет пен жазба поэзияның өзіңіз үшін айырмашылығы неде? Қайсысында ақынның ішкі әлемі көбірек ашылады?

– Мен үшін суырыпсалмалық пен жазба поэ­зия – құстың қос қанатындай. Әуелде еке­уі екі басқа шығармашылық бағыт секілді көрінгенімен, менің ақындық болмысымда олар бірін-бірі толықтырып келеді. Суырыпсалма өнердің табиғаты бөлек. Оның басты талабы – қарсыластың аңысын аңдап, орайын тауып, сөзбен ұту. Шабыт үстінде буын мен бунақ ауытқыса да, ақынның орындаушылық шеберлігі мен дауыс ырғағы оны табиғи қабылдатады. Ал жазба поэзия – өзіңмен оңаша қалып, ішкі дүниеңді таразылау. Мұнда әр сөз екшеліп, ырғақ пен ұйқас, образ бен ой өз орнын табуы керек. Ауызша поэзиядағы кейбір олқылық жазба өлеңде кешірілмейді.

Әр әннің тағдыры бар

– Қазақ эстрадасында сіздің сөзіңізге жазылған, халық ұйып тыңдайтын әндер аз емес. Ондай әндердің дүниеге келуіне не әсер етті?

– Бірнеше жүздеген әннің бәрінің тарихын айтып шығу мүмкін емес. Ішінде Алтынай Жора­баева орындайтын «Ағажан» әні мен Ұлықпан Жолдасовтың орындауындағы «Шаттығым сенсің» әнінің туу тарихы есімде ерекше сақталған. «Ағажан» әнін үлкен ағам Жұмағалиға арнадым. Әке-шешемізден ерте айырылған соң, ағам қара шаңырақта қалып, бізге әке орнына әке болды. 2003 жылы қырық жасқа толғанда оған ерекше сыйлық жасағым келді. Бір күні қоғамдық көлікте Әсет Бейсеуовтің Оспанхан Әубәкіров сөзіне жазылған «Ағаларым» әнін естіп, кенет өз ағама ән арнау ойы келді. Сол сәт­те туған алғашқы жолдар кейін «Ағажан» әніне айналды. 

Ал «Шаттығым сенсің» әнінің тарихы сәл өзгеше. Оның мәтіні осыдан отыз жылдай бұ­рын, аспирантурада оқып жүрген кезімде өлең болып туған. Алматыдан Түркістанға айтқан уақытымнан ертерек келсем, жұбайым Гүл екі жасар Ақбота қызымызды алып, ауылға – Қан­дөзге кетіпті. Оларды қуантайын деп соңдарынан ауылға аттандым, ал олар дәл сол күні қалаға қарай жолға шығып, жолда бір-бірімізге қарама-қарсы өтіп кетіппіз. Ауылға жетіп, әкеммен, бауырларыммен қауышқаныммен, көңілім алабұртып, ішімді сағыныш биледі. Сол көңіл күйден «Шаттығым сенсің» деген өлең туды. Кейін марқұм досым, композитор Арман Дү­йсенов өлеңді кітабымнан оқып, ән жазды. Сөйтіп, бір кездегі сағыныштан туған жыр ел сүйген әндердің біріне айналып кетті.

Меніңше, жақсы әннің ғұмыры да осындай шынайы сезімнен басталады. Өйткені жүректен шыққан дүние ғана жүрекке жол табады.

– Жақын досыңыз болған композитор Ар­ман Дүйсеновпен шығармашылық байланыс­тарыңыздан көптеген танымал ән туды. Осындай шығармашылық тандемнің сыры неде еді?

– Ән жазуға ден қойып, эстрада өнеріне келуіме марқұм досым Арман Дүйсеновтің ық­палы зор болды. Консерваторияны бітірген ол Райымбек Сейтметов ағамыздың шақыруымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қызметке келді. Біз­дің таныстығымыз да сол жерде басталды. Ол уақытта арамызда шығармашылық байланыс болған жоқ. Бірақ Арман менің өнерімді сырттай бақылап, бағалап жүретін. Бірнеше жылдан кейін университет ректоратында кездейсоқ кездесіп қалдық. Алматыға біржола кетіп бара жатқанын айтты. Қолымдағы жаңадан шыққан «Ләйлә ғұмыр» жыр жинағымды сыйладым. Сол күні кешке хабарласып: «Кітабыңдағы өлеңдер әнге сұранып тұр екен. Екеуіне ән жаздым», – деді. Содан бастап шығармашылық байланысымыз қоюлана түсті. Алматыға барсам, студиясына ертіп кетіп, бірге ән жазатынбыз. Өлеңнің әнге айналып, әншінің орындауында жаңа сипатқа ие болғанын көру маған қанат бітірді. Ән мен өлеңге деген осы жаңа махаббат мені Түркістаннан Алатауға жетелеп, шығармашылық кеңістігімді кеңейтті.

– Бір әннің халыққа кең таралуына не көбірек әсер етеді деп ойлайсыз: жүрекке жететін сөз бе, жақсы әуен бе, әлде оны орындайтын әншінің шеберлігі ме?

– Адам сияқты әннің де тағдыры болады. Ән – ошақтың үш бұтындай осы үштағанның жарасымынан өріс алады. Сөзі мен сазы қанша жерден жақсы болғанымен, кейде оған лайық орындаушы табылмаса, әннің ғұмыры қысқа болуы мүмкін. Ал үшеуі бір-бірін жаңылмай тапса, әнге жан бітіп, автордың дүниесі халықтың қазынасына айналады.

– Айтыс, поэзия, ән, телевидение, ұстаздық – шығармашылық жолыңыз сан арналы. Өнер сізге не берді, өзіңіз өнерге не бере алдым деп ойлайсыз?

– Жан-жақтылықты жастық қуатқа тән қасиет деп есептеймін. Әрине, Алла берген шынайы дарының болса, оның бір саламен шектелмей, бірнеше бағытта қанат жаюы да заңды шығар. Бірақ уақыт өте адамның да күші азайып, ойдың құнары саябырлай бастайды. Мен қырық жастан асқанша айтыс, поэзия, ән мәтіндерін жазу, ғылыммен айналысу, шә­кірттерге дәріс оқуды қатар алып жүруге тырыстым. Меніңше, адамның ғұмырының шын бағасы – артында не қалдырғанында. 

– Әсерлі әңгімеңіз үшін рақмет! 

Әңгімелескен

Бифат ЕЛТАЕВА