Форумда тараптар өзара іскерлік байланысты кеңейту, жаңа жобаларды жүзеге асыру және екі ел бизнесі арасындағы серіктестікті жандандыру мәселелерін талқылады.
Жиында арнайы сөз алған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов өңірде инвесторлар мен кәсіпкерлер үшін қажетті жағдай жасалып жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, қазір мұнда аумағы 9 мың гектар болатын 22 индустриялық аймақ құрылып жатыр. Олардың жалпы инвестициялық портфелі шамамен 1 трлн теңге. Агроөнеркәсіп саласында да жалпы құны 1,3 трлн теңгеден асатын 44 инвестициялық жоба бар. Қазіргі кезеңде аймақта ет пен сүтті, астық пен майлы дақылдарды, жеміс-жидек пен көкөністі терең өңдеуге басымдық беріліп отыр.
– Биылғы сегіз айда Алматы облысына 747 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,4 пайызға көп. Қазір жалпы құны 7,1 трлн теңге болатын 293 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар аумағы 98 мың гектар болатын Alatau арнайы экономикалық аймағы дамып келеді. Алатау қаласын өнеркәсіп, логистика, заманауи технологиялар мен іскерлік инфрақұрылым қатар дамитын жаңа экономикалық орталық ретінде қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Шыңғыс Әрінов өз сөзінде Қазақстан мен Дания арасындағы сауда-экономикалық байланысты кеңейтуге мүмкіндік мол екенін қоса айтты. Әсіресе екі елдің инвестиция, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп, энергетика және заманауи технологиялар саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әлеуеті жоғары.
Дания тарапы да Қазақстанмен арадағы экономикалық байланысты жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін аңғартты. Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан Дания үшін маңызды серіктестік бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті. Мәртебелі мейманның сөзінше, Дания өкілдері инвестициялық жобаларды жүзеге асырып, жаңа жұмыс орындарын ашуды, мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, екі жаққа да тиімді бизнес құруды көздейді.
– Табысты экономикалық ынтымақтастық тек технология мен капиталға емес, өзара сенімге де сүйенеді. Сондықтан Қазақстан мен Дания арасындағы байланыстың бұдан әрі де нығая түскенін қалаймыз, – деді Ларс Лёкке Расмуссен.
Кездесу соңында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Данияның ірі кәсіпкерлік ұйымдарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат екі ел арасындағы іскерлік байланысты күшейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға негіз болмақ.
Бүгінде Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланыс серпін ала бастады. Мәселен, былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 19,7 млн долларға жетіп, 43,9 пайызға өскен. Мұндай берік ынтымақтастық өндірісте өз нәтижесін беріп келеді. Соның дәлелі – Боралдайда бой көтерген жаңа кәсіпорын. Мұнда Carlsberg Kazakhstan компаниясының алкогольсіз сусын шығаратын зауыты жұмысын бастады. Жобаға 344 млн доллар көлемінде инвестиция салынған. Зауыт жылына 1 млрд литрге дейін сусын өндіруге қауқарлы. Кәсіпорында 230-ға жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді деп жоспарланып отыр. Дайын өнім ішкі нарықпен қатар ТМД елдеріне де экспортталмақ.
Өңір басшысы Шыңғыс Әрінов жаңа өндіріс орнының ашылуын Алматы облысының өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда маңызды қадам деп бағалады. Оның айтуынша, инвестиция тарту мен жаңа өндіріс орындарын іске қосу өңір экономикасын әртараптандыруға мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруды нақты міндет ретінде белгілеп отыр. Экономиканың дамуы ең алдымен өңірлерде жүзеге асатын нақты жобалардан көрінеді. Сондықтан Carlsberg Kazakhstan компаниясының жаңа өндіріс орны – өңір үшін маңызды жобаның бірі, – деді Шыңғыс Әрінов.
Кәсіпорынның ашылуына арнайы келген Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі Ларс Лёкке Расмуссен бұл жобаны Қазақстан мен Дания арасындағы экономикалық байланыстың нақты көрінісі деп атады.
– Қазақстан мен Дания географиялық тұрғыдан бір-бірінен алыс орналасқанымен, бұл біз үшін бірлесіп жұмыс істеуге кедергі емес. Бүгін іске қосылған кәсіпорын – соның айқын дәлелі. Бұл – жаңа жұмыс орындары мен сауда көлемінің артуына, заманауи технологиялардың өндіріске енуіне мүмкіндік беретін ортақ инвестиция, – деді ол.
Салтанатты шара барысында қонақтар өндіріс желісін іске қосу түймесін бірге басып, кәсіпорынның жұмысын ресми түрде бастады. Кейін зауыт аумағын аралап, жаңа кәсіпорынның технологиялық процесімен танысты. Жобаның алғашқы кезеңінде түрлі дәмдегі сусындарды өндіруге және қаптауға арналған бес өндірістік желі жұмыс істейді. Кейін қоймалау және тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту қарастырылған. Сонымен қатар зауытта су, электр энергиясы мен жылуды үнемді пайдалануға арналған заманауи технологиялар енгізілген.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы облысы










