Диалог барысында ұстаздар білім беру сапасын арттыру, мұғалімнің қоғамдағы беделі мен мәртебесін көтеру, жас ұрпақ тәрбиесі және білім беру үдерісіндегі өзге де маңызды мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын білдірді.
Партияның қалалық филиалы төрағасы Мұрат Жолдыхожаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың ел болашағын қалыптастырудағы рөліне тоқталды.
– Мектеп – тек білім беретін орын емес, баланың тұлға болып қалыптасатын маңызды ортасы. Ал сол ортаның сапасы ең алдымен ұстаздың еңбегіне байланысты. Сондықтан педагогтердің ұсыныс-пікірлерін тыңдау және оларды шешуге бірге атсалысу – маңызды міндеттердің бірі. Ұстаз еңбегі біркүндік мерекемен ғана бағаланбайды. Сіздердің күнделікті атқарып жүрген жұмыстарыңыз – елдің болашағына жасалған инвестиция. Алдағы уақытта да білім беру саласының өкілдерімен бірлесіп жұмыс істеп, көтерілген мәселелерді шешуге өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Мұрат Жолдыхожаев.
Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлжан Сүгірбаева ұстаздармен ашық пікір алмасудың маңыздылығын атап өтті.
– Ұстаз үшін ең үлкен марапат – шәкіртінің жетістігін көру. Дегенмен мұғалім еңбегінің бағаланып, қоғам тарапынан қолдау көрсетілуі де бізге үлкен күш береді. Бүгінгі кездесуде ұстаздардың пікіріне құлақ асып, еңбегімізге құрмет көрсетіп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Мұндай ашық диалогтардың жалғаса бергенін қалаймыз, – деді Гүлжан Сүгірбаева.
Кездесу соңында білім беру саласының дамуына және жас ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген бірқатар педагогке алғыс хат табысталды.
Назгүл Назарбек, Шымкент қаласы









