Облыс бойынша Экология департаментінің биылғы тоғыз айда атқарған жұмыстары осы бағыттағы ахуалдың күрделі тұстарын аңғартады. Департаменттің мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі есепті кезеңде 36 тексеру іс-шарасын өткізген. Оның 15-і жоспардан тыс тексеру болса, 10-ы субъектілер мен объектілерге қатысты профилактикалық бақылау, тағы 11-і талаптарға сәйкестікті тексеру болған. Нәтижесінде, экологиялық заңнама талаптарының 83 бұзушылығы анықталып, оларды жою жөнінде 31 нұсқама берілген. Оның 24-і орындалған. Қалған жеті нұсқаманың орындау мерзімі әлі аяқталған жоқ.
– Бақылау шараларының нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының сақталуына қатысты бірқатар бұзушылық анықталды. Оларды жою үшін тиісті нұсқамалар беріліп, олардың орындалуы бақылауға алынды, – дейді Абай облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары Оралхан Әуезбеков.
Әкімшілік жауапкершілікке қатысты көрсеткіштер де назар аудартады. Есепті кезеңде әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша 97 іс қозғалған. Оның 12-сі бойынша ескерту түріндегі жаза қолданылса, 85 іс бойынша жалпы сомасы 601 миллион 410 мың 811 теңге айыппұл салынған. Сонымен бірге 76 іс бойынша жалпы сомасы 56 миллион 971 мың 161 теңге әкімшілік айыппұл мемлекет кірісіне ерікті түрде толық өндірілген. Бұл цифрлардың әрқайсысының артында белгілі бір құқықбұзушылық пен оны жоюға бағытталған талап тұр. Бірақ экологиялық бақылаудың нәтижесін тек қозғалған істердің немесе салынған айыппұлдың сомасымен өлшеу жеткіліксіз.
Өңірдегі ірі кәсіпорындарға жүргізілген тексерулер экологиялық талаптардың сақталуына қатысты бірқатар мәселені анықтаған. Мәселен, «Қаражыра» АҚ кен орнында 2026 жылғы 28 сәуір мен 21 мамыр аралығында жүргізілген тексеру кезінде қалдықтарды арнайы белгіленбеген орындарға орналастыру, экологиялық рұқсат талаптарын орындамау, сарқынды сулар бойынша эмиссия нормативтерін асыру және өндірістік жабдықтардың жобалық құжаттамаға сәйкес келмеуі анықталған. Осы құқықбұзушылықтар үшін кәсіпорынға 23 миллион 122 мың 953 теңге айыппұл салынған. Талапты елемей, бірнеше миллион айыппұл арқалаған бұндай кәсіпорындар бір емес, бірнеше.
Экологиялық ахуалды жақсартудағы тағы бір маңызды бағыт – заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою. «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясы» АҚ геопорталының деректеріне сәйкес, 2026 жылы Абай облысында 137 заңсыз қоқыс орны анықталған. Ресми мәлімет бойынша, олардың барлығы жойылып, көрсеткіш 100 пайызға жеткен. Бұл – назар аударуға тұрарлық нәтиже.
Заңсыз қалдық орындары мәселесі облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының да назарында болған. Ұсынымды қарау барысында заңбұзушылықтарға жол бергені үшін 13 лауазымды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 2 миллион 811 мың 250 теңге айыппұл салынған. Сонымен бірге анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде жеке ұсыну берілген. Оған қоса, Төтенше жағдайлар департаментінен түскен материалдар негізінде рұқсат етілмеген қоқыс орындарының өртену фактілері бойынша 18 әкімшілік іс қозғалып, 1 миллион 492 мың 124 теңге айыппұл салынған. Қоқысты кез келген жерге төгу де, оны рұқсатсыз өртеу де қоршаған ортаға қауіп төндіреді.
Өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуда көгалдандырудың да орны бөлек. Облыстың өңірлік жоспарына сәйкес, биыл 67 мың ағаш көшетін отырғызу көзделген. Қазір оның 64 мың 318-і отырғызылып, жоспар шамамен 96 пайызға орындалған. Бұдан бөлек, облыс аумағында қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін бірінші санаттағы 61 кәсіпорын және екінші санаттағы 189 кәсіпорын жұмыс істейді. Ұсынылған деректерге сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыс бойынша атмосфералық ауаға шығарылған ластаушы заттардың нақты көлемі 20,980 мың тоннаны құраған.
Табиғаттың тағдыры бүгінгі ұрпақтың қолында. Сондықтан оған қамқорлық жасау – науқандық міндет емес, үздіксіз жауапкершілік. Ал экологиялық заң талаптарын сақтау – таңдау емес, баршаға ортақ міндет. Өйткені табиғатқа жасалған әрбір қиянаттың өтеуі бар, ал бүгінгі жауапкершіліктің жемісін ертеңгі ұрпақ көреді.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы









