Еңбек – адамның өміріне мән, отбасына береке, қоғамға тұрақтылық сыйлайтын құндылық. Тұрақты жұмысы бар адамның ертеңге деген сенімі нығайып, кәсіби мүмкіндігі кеңейеді. Ал білікті маманмен толыққан кәсіпорынның өндірісі өркендеп, өңір экономикасының әлеуеті артады. Сондықтан жұмыспен қамту мәселесін тек жұмыссыздық көрсеткішін төмендетумен немесе өткізілген іс-шаралардың санымен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы бағасы – тұрақты жұмысқа орналасқан азамат, кадр тапшылығын еңсерген жұмыс беруші және өз кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер.
Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығының директоры Руслан Оспановтың айтуынша, жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы қажет.
– Біздің басты мақсатымыз – жұмыс іздеп жүрген азамат пен кадрға мұқтаж жұмыс берушінің арасын жақындату. Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары халыққа түсінікті әрі қолжетімді болуы керек. Сондықтан біз жұмыс берушілермен тікелей кездесіп, азаматтарға кеңес беріп қана қоймай, оларды нақты жұмыс орындарына бағыттауға басымдық береміз, – дейді Руслан Оспанов.
Бұл – еңбек нарығындағы жұмыстың негізгі қағидасы. Өйткені мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі олардың қағаз жүзінде бар болуымен емес, азамат пен кәсіпорынға қаншалықты пайда әкелгенімен бағаланады.
Биыл қалалар мен аудандардағы Мансап орталықтары жұмыс берушілерге арналған 161 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасын өткізіп, оған 2 071 жұмыс берушіні тартқан. Оның 215-і Zoom платформасы арқылы қашықтан қамтылған. Кездесулер барысында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тәртібі, оларды құру талаптары және жұмысқа орналастыруда сараланған тәсілді қолдану мәселелері түсіндірілген. Сонымен қатар Еңбек мобильділігі орталығының мамандары аудандарға 21 рет көшпелі іс-шара ұйымдастырып, жұмыс берушілермен жүздескен. Мұндай кездесулердің мәні тек бағдарламалардың шарттарын түсіндіруде емес. Олар кәсіпорындардың нақты кадрлық қажеттілігін анықтауға, жұмысқа қабылдау кезінде туындайтын мәселелерді талқылауға және мемлекеттік қолдауды орынды пайдалануға мүмкіндік береді. Яғни жұмыспен қамту қызметі жұмыс берушінің сұранысын алдын ала біліп, азаматты сол сұранысқа сәйкес бағыттауға ұмтылады. Бұл жерде бір маңызды жайт бар: еңбек нарығына қажет мамандықтарды дәл анықтамайынша, жұмыссыздықты азайтуға арналған шаралар күткен нәтижені бере бермейді. Сондықтан кадр даярлау, жұмысқа орналастыру және жұмыс берушілермен байланыс өзара сабақтас жүргізілуге тиіс.
2026 жылғы 1 қазанға дейін Абай облысында 127 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі мен шағын жәрмеңке өткізілген. Оған 740 жұмыс беруші қатысып, 4 230 адам қамтылған. Қатысушылардың 2 116-сы – әйелдер, 46-сы – мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Жәрмеңкелер нәтижесінде 339 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Бұдан бөлек, 191 азамат қоғамдық жұмыстарға, 37 адам кәсіптік оқуға, 21 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 67 адам жастар практикасына жолданған. Ал 27 азамат «Күміс жас» жобасы аясында жұмысқа орналасуға мүмкіндік алған. Іс-шаралар барысында 3 548 адамға консультациялық қызмет көрсетілген. Бұл көрсеткіштердің әрқайсысының артында жеке тағдыр, еңбекке деген талпыныс және жаңа мүмкіндікті пайдалануға деген ниет тұр. Бір адам өзіне лайықты қызмет тапса, екіншісі жаңа мамандық игеруге жолдама алады. Үшіншісі еңбек нарығындағы сұранысты біліп, алдағы қадамын жоспарлайды.
Дегенмен жәрмеңкенің нәтижесін тек қатысушылар санымен бағалау жеткіліксіз. Ең маңыздысы – жұмыс іздеушінің кейінгі тағдыры, оның тұрақты еңбекке араласуы және табыс табу мүмкіндігінің артуы. Уақытша жұмысқа жолданған азаматтың кейін тұрақты қызметке орналасуы да жұмыспен қамту жүйесінің тиімділігін көрсететін маңызды өлшемдердің бірі.
– Біз үшін өткізілген іс-шараның саны ғана емес, оның азаматқа берген нақты нәтижесі маңызды. Жұмыс іздеуші жәрмеңкеге келіп, өзіне лайықты жұмыс тапса немесе кәсіптік оқуға жолдама алып, еңбекке араласуға мүмкіндік алса, бұл – жұмыстың нақты нәтижесі, – дейді Руслан Оспанов.
Расында, жұмыспен қамту саласында сан мен сапаны бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Іс-шаралар көп болғаны маңызды, бірақ сол шаралардың адамды нақты жұмысқа жетелеуі одан да маңызды. Осы орайда азаматтармен тікелей жұмыс істеудің нәтижесін олардың өз тәжірибесінен де көруге болады.
– Мамандығым болмағандықтан, жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Орталық мамандары қоғамдық жұмыс аясында жұмысқа орналасуыма көмектесті. Қазір осы бағыт бойынша екінші жыл қатарынан еңбек етіп келемін. Бұл жұмыс мен үшін өте қолайлы. Жұмысқа орналасуыма қолдау көрсетіп, мүмкіндік берген орталық мамандарына алғысымды білдіремін, – дейді Шолпан Советбекқызы.
Бір қарағанда, бұл – бір адамның өміріндегі шағын ғана оқиға. Бірақ жұмыспен қамту саясатының қоғамдық маңызы да осындай нақты өзгерістерден көрінеді. Еңбекке араласқан азамат табыс табады, тәжірибе жинайды, өзіне деген сенімін нығайтады. Оның отбасына түсетін әлеуметтік салмақ та жеңілдеуі мүмкін. Биылғы жылы облыста жұмыс берушілер мен халық арасында жұмыспен қамту мәселелеріне арналған тағы 127 ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізіліп, оған 708 жұмыс беруші қатысқан. Жалпы 1 346 адам қамтылып, 985 азаматқа консультациялық қызмет көрсетілген. Іс-шаралар нәтижесінде 222 адам жұмысқа орналасса, 71 азамат қоғамдық жұмыстарға, бір адам кәсіптік оқуға, бес адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Сонымен қатар 62 азамат жастар практикасына жолдама алған. Бұл деректер Мансап орталықтарының қызметі кеңес берумен шектелмейтінін аңғартады. Дегенмен ақпараттандыру жұмысының тиімділігі азаматтың алған кеңесін іс жүзінде пайдалануына байланысты. Сондықтан кеңес беру, жұмысқа бағыттау және кейінгі нәтижені бағалау өзара байланыста болғаны жөн.
2026 жылы өңірде 280 адамды кәсіптік оқыту жоспарланған. Оның 250-і білім беру ұйымдарында, 30-ы жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытылуға тиіс болған. Жыл басынан бері кәсіптік оқуға 281 адам жолданған. Оның ішінде 251 азамат білім беру ұйымдарында, 30 адам жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқуды бастаған. Қазіргі уақытта 154 адам оқуын аяқтап, олардың 150-і жұмысқа орналасқан. Тағы 127 азамат кәсіптік оқуын жалғастырып жатыр. Оқуын аяқтаған 154 адамның 150-інің жұмысқа орналасуы – назар аударарлық нәтиже. Бұл кәсіптік оқытудың еңбекке араласуға ықпал ететін пәрменді тетік екенін көрсетеді. Әсіресе жұмыс берушінің өз жұмыс орнында маман даярлауы азаматқа теориялық біліммен қатар практикалық тәжірибе жинауға мүмкіндік береді.
Еңбекке бейімдеудің тағы бір жолы – азаматтың өз кәсібін ашуына жағдай жасау. Өйткені тұрақты табыс табудың жолы тек жалдамалы еңбекпен шектелмейді. Қолөнермен айналысатын, өнім өндіретін немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлер де өңір экономикасына үлес қосып, өзгелер үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алады. Мұның бір мысалы – Самаржан Сүттібаеваның кәсібі.
– Үйде құрақ көрпелер тігіп, түрлі тоқыма бұйымын жасаумен айналысатынмын. Кейін «Бастау Бизнес» жобасы аясында білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгердім. Бұл маған өз ісімді дамытуға үлкен мүмкіндік берді. Бүгінде ұлттық нақыштағы бұйымдар жасап, оларды сатумен айналысып келемін. Сонымен қатар «Аламан құрақ» халықаралық жобасына қатысып, дүниежүзілік рекордтар кітабына ендік. Бұл – мен үшін үлкен жетістік әрі еңбегімнің жемісі. Осындай жетістіктерге жетуіме мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың ықпалы зор деп білемін, – дейді ол.
Бұл оқиға мемлекеттік қолдаудың азаматтың бойындағы қабілетті ашуға ықпал ете алатынын көрсетеді. Кәсіпкерлікке оқыту адамға бизнес жүргізудің негіздерін үйретсе, кейінгі жетістік оның еңбегіне, ізденісіне және бастамасын жүйелі дамытуына байланысты.
Өткен жылы Абай облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 205 азаматқа жалпы сомасы 322,4 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант берілген. Қазір 183 азамат өз жобаларын жүзеге асырып отыр. Мемлекеттік грант – кәсіп бастауға ниетті адамға берілетін маңызды мүмкіндік. Бірақ қаражат алу кәсіпкерлік жұмыстың аяқталғанын білдірмейді. Керісінше, одан кейін жобаны іске асыру, қаржыны мақсатты жұмсау, келісімшарт міндеттемелерін орындау және басталған істің тұрақтылығын қамтамасыз ету кезеңі басталады.
Қазақстан Республикасы Еңбек министрлігінің 2026 жылғы 28 қыркүйектегі №06/6769-И хатына сәйкес, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беруді тоқтату туралы шешім қабылданған. Бұған дейін берілген және қолданыстағы келісімшарттары бар гранттар бойынша мониторинг жалғасып жатыр. Бақылау барысында қаражаттың мақсатты жұмсалуы, бизнес-жобалардың орындалуы және келісімшарт талаптарының сақталуы назарға алынады. Грант қаражатын қайтаруға байланысты да тиісті шаралар жүргізілген. Үш азамат қаражатты толықтай ерікті түрде қайтарған. Ал 19 азаматқа қатысты қаражатты өндіріп алу мақсатында сотқа талап арыздар жолданған. Олардың екеуі қаражатты толық қайтарса, екеуі сот шешімімен ішінара қайтарып жатыр. Алты азамат бойынша сот шешімі шыққан, тоғыз азаматтың ісі қаралуда. Бұл мәліметтер мемлекеттік қолдау шараларында қаржылық тәртіп пен жауапкершіліктің маңызын көрсетеді.
Жұмыспен қамту бағдарламаларының тиімділігі оларды іске асырумен ғана өлшенбейді. Мемлекеттік қолдау алған жұмыс берушілердің шарт талаптарын сақтауын, бөлінген қаражаттың белгіленген мақсатқа жұмсалуын және бағдарламаға қатысушылардың құқықтары ескерілуін бақылау да маңызды. Осы мақсатта Мансап орталықтарының мамандары субсидияланатын жұмыс орындары бойынша шарт талаптарының орындалуына қатысты тоғыз айда 298 көшпелі мониторинг жүргізген. Жыл басынан бері 2 252 жұмыс беруші тексеріліп, 2 652 қатысушы қамтылған.
Мониторинг нәтижесінде 328 бұзушылық анықталып, жұмыс берушілерге тиісті хабарламалар жолданған. Мұндай бақылаудың мақсаты – кемшіліктерді тіркеумен ғана шектелмей, мемлекеттік бағдарламалардың талапқа сай орындалуын қамтамасыз ету. Сонымен қатар жұмыс берушілерге қолданыстағы ережелерді түсіндіру, ықтимал заңбұзушылықтардың алдын алу және мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына жағдай жасау да осы жұмыстың маңызды бөлігі саналады. Өйткені мемлекеттік бағдарламаға қатысу екі тарапқа да міндет жүктейді. Жұмыс беруші белгіленген талаптарды орындауға тиіс болса, жұмыспен қамту органдары қолдау шараларының ашық әрі әділ жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі керек.
Бір жұмыс іздеушінің лайықты қызмет табуы бір отбасының әлеуметтік жағдайын жақсартуы мүмкін. Кәсіпорынның қажетті маманын табуы өндірістің тұрақтылығына ықпал етеді. Ал өз кәсібін дамытқан кәсіпкер өңір экономикасына үлес қосып қана қоймай, өзгелерді де жұмыспен қамтуға жол ашады. Сондықтан жұмыспен қамту саласындағы басты міндет – адамдарды уақытша шараларға қатыстыру емес, оларды тұрақты еңбекке бейімдеу, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту және еңбек нарығындағы өзгерістерге икемдеу. Бұл үшін жұмыс берушілердің сұранысын дәл анықтау, кәсіптік оқытуды нақты қажеттілікпен ұштастыру, мемлекеттік қолдаудың тиімділігін бағалау және бағдарламалардың орындалуына жауапкершілікпен қарау қажет. Абай облысының Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталықтарының жұмысы осы міндеттерді кешенді шешуге бағытталған. Алдағы кезеңде де азаматтарды нақты жұмыс орындарына бағыттау, еңбек нарығындағы сұранысқа сай мамандар даярлау және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру өзекті бола бермек.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы









