Жібектей өрілген өнер өрнегі

«Ұлпан» – үздіктердің үздігі

Театрдың ғажабы неде? Сахна­да баяндалған өзгенің тағдырынан өмірдің бір үзігін көру. Кейді бірауыз сөз көңіліңді толқытуы мүмкін, кейде бір үнсіздік тұтас бір дәуірдің қасіретін сездіреді. Ал шынайы өнер сол сезімнің жете­гін­де қалдырмай, көрерменді ойлан­дыруында болса керек.

«ТЕАТР ALL» IV халықаралық театр фестивалі де осындай шы­ғарма­шылық ұжымдардың басын қосты. Өзбекстан, Қырғыз Рес­пуб­ликасы, Әзербайжан театр­лары мен еліміздің әр өңірінен келген өнер ұжымдары сахна мәдениетінің сан қырын танытты. 

Бұл фестивальдың Меруерт Өтекешеваның мерей­тойына арналуының да өзіндік мәні бар. Қазақ көрерменінің санасында Қыз Жібектің бейнесі арқылы сақталған актрисаның шы­ғармашылық жолы ұлттық өнер тарихының жарқын бетте­рі­нің бірі екені даусыз. Меруерт Өтекешева сомдаған Жібек  экран­дағы көркем кейіпкер ғана емес, тұтас бір ұрпақтың сұлулық пен нәзіктік туралы түсінігіне айнал­ды. Сондықтан оның мерей­тойы аясында өткен фестивальды белгілі актрисаға көрсетілген құрмет қана емес, қазақ сахнасы мен кино өнеріндегі сабақтас­тық­тың көрінісі деп қабылдаған ләзім. Фестивальдың басты жүл­де­лерінің бірі  – «Үздік қойылым» аталымы Ғабит Мүсірепов атын­дағы Қазақ мемлекеттік академия­лық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектакліне бұйырды.

Театрдың директоры Талғат Есенәлиев: «Бұл жеңіс кездейсоқ емес. Ұлпан – Ғабит Мүсірепов шығармасындағы ең күрделі әйел бейнесі. Ол — жылап отыратын жесір емес, ел билей алатын, дау­лы мәселені шеше алатын көшбас­шы. Фестивальдың Қыз Жібекке – Меруерт Өтекешоваға арна­луы­ның өзі үлкен символ. Қыз Жібек – махаббат пен сұлулықтың, Ұлпан – ақыл мен биліктің сим­волы. Екеуі – қазақ әйелінің екі қанаты. Сондықтан «Ұлпанның бас жүлде алуы – ұлттық театрдың өз тамырына оралуы» дейді.

Расында, бұл таңдаудың сим­волдық мәні бар секілді. Өйткені «Ұлпан» – қазақ әдебиетіндегі әйел болмысы, парасат, қайрат­керлік пен адамгершілік тақыры­бын қозғайтын күрделі шығарма. Ғабит Мүсірепов те бұл тақырыпқа бекер қалам тербеген жоқ. Ол өзі жасаған Ұлпан бейнесі арқылы бір адамның тағдырын көрсеткен жоқ. Ол осы образы арқылы қазақ әйелінің даналығын, елдік мүдде жолындағы жауапкершілікті, қоғам­дағы орны мен рухани қуатын танытты. 

«Ұлпанды» көркем шығарма күйінде көшіре салуға тағы бол­май­ды. Оқырман санасында орнық­қан кейіпкерді жаңа қыры­нан көрсету режиссер мен актер­лер­ге үлкен жауапкершілік жүк­тей­ді. Оқырман өзі оқыған Ұл­пан­ын іздейді, ал режиссер оны сахна заңдылығына сай қайта сөйлетуі керек.  Тағы бір айта кететін дүние – классикаға қайта оралу ескілікті қайталау емес, бү­гінгі қоғамға қажет ойды жаңа көркемдік тілмен жеткізудің бір жолы екенін айтқан жөн. 

Осы жолы фестивальда «Үз­дік актерлік ансамбль» аталымын Қырғызстанның Б.Кыдык­еева атындағы мем­ле­кеттік жас көрермен театрының «Жә­милә» спектаклі жеңіп алды. «Жәмилә» да күрделі шығарма, махаббат пен еркіндік арасындағы күрделі қатынасты бейнелейтін дүние. Мұндай дүниені сахналауда бір актердің шеберлігі жеткіліксіз. Кейіпкерлер арасындағы психо­логиялық байланыс, сахналық үйлесім, ортақ ырғақ пен актерлік тұтастық шешуші рөл атқарады. Ансамбльдік өнердің құндылығы да осында.

Режиссерлік шешім мен актерлік шеберлік

«Үздік режиссура» жүлдесі Нұр­мұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қой­ған Дина Жұмабаеваға бұйырды. Шығарманы жазу бөлек те, оны сахнаға алып шығу – бір бөлек. Бұл режиссер үшін екі есе жауап­кер­шілік жүктейді. Мың рет қой­ыл­ған классика болса да, оны жаңа қырынан танытып, сахнаға алып шығатын – режиссер. Оның тапқырлығы, ізденісі басты рөлді атқарады. Оның маңызды мінде­ті – көрерменге таныс тақырып­тың өзінен тың мағына табу. 

Актерлік шеберлік бойынша үздіктерді анықтау да оңай болма­ған секілді. Бүгінгі (фестивальға қатысқан) спектакльдерде өнер көрсеткен актерлердің осалы жоқ. Сол үздіктердің арасынан оза шабу актер Аян Өтепбергеннің маңдайына бұйырыпты. Ол «Шәкәрім» спектакліндегі образы үшін «Үздік ер адам бейнесі» аталымын жеңіп алды. 

Шәкәрімнің тұлғасын сах­на­да көрсету – күр­делі шығармашылық міндет. Ол – ақын ғана емес, философ, тарих­шы, ар-ұждан мәселесін терең зерделеген ойшыл. Мұндай тұлға­ны сомдағанда сыртқы ұқсастық­тан гөрі ішкі әлемін, рухани қай­шы­лығын, ой тереңдігін жеткізу маңыз­ды. Осы тұрғыдан келгенде, Аянның (актердің) образы биік шықты. 

Ал «Үздік әйел адам бейнесі» жүл­десі Максим Горький атын­дағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотво­рив­шая чудо или что такое лю­бовь?» спектаклінде Анни рөлін оры­ндаған Полина Харламоваға бұйырды.  

Ал «Үздік актерлік дуэт» жүлдесін Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» қойылымында басты рөлдерді сомдаған Нодир Мухам­маджонов пен Хусния Тура­муро­това иеленді.

Шығыс әдебиетінің мәңгілік махаббат тақырыбын арқау еткен бұл шығарма бірнеше ғасырдан бері өзектілігін жоғалтқан жоқ. Оның себебі қарапайым: заман өзгергенімен, адам сезімінің таби­ғаты, махаббат пен тағдыр ара­сындағы қайшылық өзгермейді. Театрдың да өміршеңдігі осындай мәңгілік тақырыптарды әр дәуір­дің көрерменіне жақындата білуінде.

Саңлақтарға арналған арнайы жүлде

Бұл фестивальдың тағы бір ерекшелігі – арнайы жүлделердің тағайындалуы. Театр саңлақтары Асанәлі Әшімов, Хадиша Бөкеева, Құман Тастан­беков атындағы жүлделер табыс етілді.

Қазақ көрерменінің жадында Құман Тастанбековтің есімі Қыз Жібек пен Төлегеннің мәңгілік махаббатымен тығыз байланысты. Сондықтан Меруерт Өтекешева­ның мерейтойына арналған фес­ти­вальда актер атындағы жүлденің болуы өнердегі рухани сабақтас­тықты тереңдете түседі.

Халықаралық фестивальдың құндылығын тек жүлделер саны­мен өлшеуге болмайды. Оның негізгі нәтижесі – шығармашылық байланыс, тәжірибе алмасу, өзге театрлардың ізденісін көру және кәсіби ортада ой бөлісу мүмкіндігі.

Бір сахнада бірнеше елдің өнер ұжымдары бас қосқанда олар­дың драматургиялық талға­мы, актерлік мектебі, режиссерлік ұстанымы мен сахналық мәде­ни­еті салыстырылады. Бұл салыс­тыру біреудің артықшылығын, екіншісінің кемшілігін іздеу үшін емес, өнердің мүмкіндігін кеңірек тану үшін қажет.

Мәселен, фестиваль бағдарла­масындағы «Ұлпан», «Жәмилә», «Шәкәрім», «Томирис», «Қаралы сұлу», «Қатынқамал» тәрізді шығармалар ұлттық тарих пен рухани мұраға деген қызығушы­лықтың сақталғанын аңғартады. Ал «Анна Каренина», «Макбет», «Овод», «Ләйлі мен Мәжнүн» се­кілді туындылар әлемдік әдебиет­тің мәңгілік тақырыптары театр сахнасында әлі де маңызды орын алатынын көрсетеді.

Осы шығармалардың қатар жүруінің өзі бүгінгі театрдың бағыт-бағдары туралы ойлануға жетелейді. Бір жағынан, ұлттық болмыс пен тарихи жадты сақтау міндеті тұр. Екінші жағынан, әл­ем­дік сахна өнеріндегі жаңа­лық­тарға ашық болу қажет. Театр осы екі бағыттың арасынан өз жолын табуға тиіс.

Фестиваль аясында Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этнофольклорлық мюзиклі сахна­ланды. Ұлттық өнердің көркемдік дәстүрін жаңаша қырынан таныт­қан қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Асхат Маемиров.

– Фестивальдың негізгі мақ­саты – түркітілдес елдердің театр ұжымдарын бір сахнада тоғыс­тырып, кәсіби тәжірибе алмасуға жол ашу, сондай-ақ көрермен қауымды заманауи сахна өнерінің үздік үлгілерімен таныстыру. Бір аптаға созылған өнер додасы түрлі театр мектептері мен шығарма­шы­лық ізденістердің басын қосып, елорданың мәдени өміріне ерекше серпін берді. Осылайша, халықаралық фестиваль қойыл­ымдар шеруімен ғана шектелмей, өнер иелері мен көрермендерді жақындастырған айтулы театр мерекесіне айналды. Фестивальға қатысқан театрлар соңғы екі жылда репертуарына енген үздік спектакльдерін ұсынды. Бұл қойы­лымдар режиссерлік шешім­дерінің сонылығымен, актерлік ансамбльдің үйлесімді ойынымен ерекшеленді. Фестиваль күндері елорда театр мерекесіне бөленіп, қалада айрықша шығармашылық ахуал қалыптасты, – дейді Асхат Маемиров. 

Біздіңше, мұндай өнер дода­ларының тағы бір маңызды мін­деті – өңірлік театрлардың шығар­машылық әлеуетін кеңінен та­ны­ту. Маңғыстау, Ұлытау, Атыр­ау, Ақмола, Түркістан өңір­лерінен келген ұжымдардың түрлі атал­ымда марапатталуы талант пен ізденістің белгілі бір қаламен шектелмейтінін көрсетті. Демек, өңірлік театрларды қолдау, олар­дың гастрольдік мүмкіндігін кең­ейту, режиссерлер мен актер­лердің кәсіби дамуына жағдай жасау алдағы уақытта да өзекті бола бермек.

P.S. Меруерт Өтекешеваның 75 жылдық мерейтойына арналған «ТЕАТР ALL» IV халықаралық фестивалі сахна өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдықтың  әлемдік мәдениеттің өзара сабақтастығын тағы бір мәрте әйгілегендей. Расында, өнерде жеңіс пен жеңілістен де биік тұратын бір ұғым бар: ол – көрермен сенімі. Театр осы сенімге ие болғанда ғана өз міндетін орындады деуге болады. 

Сахна шымылдығы жабылады. Көрермен көңілінде қалған ой мен сезімнің шымылдығы жабылмасы белгілі. Нағыз өнердің өлшемі де осы болар, бәлкім…

Айна ХАСАН