Бүгінде Қазақстанда шамамен 3,5 мың биткоин өндірілген. Ал цифрлық майнингтен бюджетке түсетін салық түсімі 2025 жылы 22,4 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы 9,9 млрд теңгемен салыстырғанда екі еседен астам көп. Майнерлер тұтынған электр энергиясының әр киловатт-сағатына 2 теңге мөлшерінде арнайы төлем жасайды.
Алайда саланың мемлекетке берері тек салықпен шектелмейді. Үкімет цифрлық майнингті экономиканың басқа секторларымен байланыстырып, одан әрі инвестиция тарту, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану және цифрлық активтер нарығын заңдастыруға басымдық беріп отыр.
Биыл цифрлық майнинг саласында жаңа механизм іске қосылды. Мысалы, шілдеде Үкімет стратегиялық цифрлық майнинг жүргізу қағидаларын бекіткен болатын. Оның негізгі ерекшелігі – стратегиялық жобаларға қатысатын майнерлер өндірген цифрлық активтердің 10 пайызын мемлекеттік криптовалюта резервіне беруі. Дегенмен10 пайыздық талап барлық майнинг компанияларына бірдей қолданылатын жалпы салық емес. Ол стратегиялық цифрлық майнинг жобаларының арнайы механизмі аясында белгіленген.
Майнингтің жаңа мүмкіндіктері
Бірінші стратегиялық жоба 12 қыркүйекте 90 МВт қуатпен іске қосылды. Жалпы, мұндай жобалардың жоспарланған қуаты 300 МВт болады. Инвестор майнинг жабдығын өз қаражатына әкеліп, деректерді өңдеу орталығын салады және электр энергиясын стансадан қолданыстағы тариф бойынша тікелей сатып алады. Жобаға электр стансасы тарапынан қосымша субсидия немесе жеңілдік қарастырылмаған.
Үкіметтің есебінше, қуаты 90 МВт болатын алғашқы жобаның жеті жылдағы жиынтық экономикалық әсері 156 млн доллар болады деп күтіледі. Яғни жаңа модельдің мақсаты – цифрлық актив өндірудің өзін ғана емес, оның айналасындағы экономикалық белсенділікті де арттыру.
Цифрлық майнинг электр энергиясын көп қажет ететін сала болғандықтан, оның дамуы энергетика жүйесіне де тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет майнинг орталықтарын қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін қарастырып жатыр.
Сонымен бірге «70/30» бағдарламасы арқылы жаңа электр қуатын салуға жеке инвестиция тарту көзделген. Оның аясында инвестор жаңа станса салуы немесе қолданыстағы электр стансасының қуатын арттыруы мүмкін. Өндірілетін жаңа қуаттың 70 пайызы майнерлер мен ірі тұтынушылардың қажеттілігіне бағытталса, қалған бөлігі ұлттық энергетикалық жүйеге беріледі.
Нарықтың көлемі артып келеді
Цифрлық активтердің экономикалық әлеуетін тек майнинг көлемінен емес, солар арқылы жасалатын операциялардан да байқауға болады.
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Лицензиялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаевтың айтуынша, қазақстандықтардың әлем бойынша шамамен 1 млн криптоәмияны бар. Бұл операциялардың белгілі бір бөлігі шетелдік платформаларда жүргізілетінін көрсетеді.
– Қазақстандықтарға әлем бойынша шамамен 1 миллион криптоәмиян тиесілі. Бұл операциялардың едәуір бөлігі әлі де шетелдік платформаларда жүргізілетінін көрсетеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – осы клиенттерді АХҚО-ның реттелетін ортасына тарту, – деді Еркеғали Еденбаев.
Қазір АХҚО-да цифрлық активтер саласында 35 провайдер жұмыс істейді. Оның ішінде 11 цифрлық активтер биржасы, 16 инвестициялық қызметтер провайдері және сегіз төлем ұйымы бар. Олардың қатарында Binance және Bybit сияқты халықаралық криптоплатформалар да бар.
Реттелетін нарықтағы операциялардың көлемі де айтарлықтай өскен. Егер 2023 жылы лицензияланған ортадағы цифрлық активтер операцияларының көлемі 320 млн доллар болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 10,5 млрд долларға жетті. 2026 жылдың алғашқы жартысында операциялар көлемі тағы 5,5 млрд долларға жуықтады.
Клиенттер саны да өскен. 2023 жылы лицензияланған ортада 53 мың клиент болса, қазір олардың саны 270 мың адамға жетті.
Еденбаевтың айтуынша, нарықтағы көрсеткіштер реттелетін ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
«Егер 2023 жылы лицензияланған ортадағы операциялардың көлемі 320 миллион АҚШ долларын құраса, былтырғы жылда бұл көрсеткіш 10,5 миллиард АҚШ доллары болды. Биылғы жылдың бірінші жартысының ішінде операциялар көлемі 5,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Осылайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін нарық отыз есеге өсті», – деді ол.
Мемлекет үшін келесі міндет – майнингті жеке тұрған сала ретінде қалдырмай, толық цифрлық қаржы экожүйесінің бір бөлігіне айналдыру.
Үкімет бекіткен цифрлық активтер саласын дамыту жоспары 65 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде цифрлық активтерді төлемдерде пайдалану, инвестициялық құралдарды дамыту, токенизация, активтерді сақтау және цифрлық қаржылық қызметтерді кеңейту бағыттары бар.
Мәселен, қазір Қазақстандағы 5 мыңнан астам сауда нүктесінде цифрлық активтер арқылы QR-кодпен төлем жасау мүмкіндігі іске асырылған. Төлем кезінде сатушы теңгемен қаражат алады. Ал тұрғын үй саласында Baspana Hub платформасы арқылы жылжымайтын мүлікті токенизациялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл инвесторға пәтерді толық сатып алмай-ақ, оның цифрлық үлесіне инвестиция жасауға мүмкіндік беруді көздейді.
Осылайша, майнингтің экономикалық мәні өндірілген биткоин көлемімен ғана өлшенбейді. Сала бюджетке салық түсіріп, мемлекеттік крипторезервті толықтырумен қатар, энергетикаға инвестиция тартуға, цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға және жаңа технологиялық нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы әлеуетті экономиканың басқа секторларымен тиімді байланыстыру.
Кәмила ДҮЙСЕН










