Осыған байланысты «Әділет» партиясы Қызылорда облыстық филиалының алаңында көпқабатты тұрғын үйлердің шатырларын жөндеу мәселесіне арналған тақырыптық қабылдау өтті. Жиынға партия филиалы төрағасының орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, жауапты мекеме өкілдері мен пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері қатысты.
Басқосуда тұрғын үйге қатысты өзекті мәселелер, оның ішінде, көпқабатты үйлердің шатырларының техникалық жағдайы, жөндеу жұмыстарын қаржыландыру тетіктері және тұрғындардан түскен өтініштер талқыланды.
Жауапты мекеме өкілдерінің мәліметінше, 2025 жылы Қызылорда қаласы мен елді мекендердегі 35 көпқабатты тұрғын үйдің шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар техникалық зерделеу және тұрғындардың өтініштері негізінде жөндеуді қажет ететін бірқатар көпқабатты тұрғын үй анықталған.
Қазір келіп түскен өтініштің бірқатары бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Атап айтқанда, қаладағы Ж. Бахадур, Сүлейменов, Уәлбеков, Есенов көшелері мен Н. Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйлер қамтылған.
Бұдан бөлек, тұрғын үйлерді модернизациялау бағытында қажетті қаржы көздерін қарастыру және тиісті жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Бұл ретте тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсарту, ортақ мүлікті жаңарту және азаматтарға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға басымдық берілмек.
Талқылау қорытындысы бойынша проблемалық тұрғын үйлердегі жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру, қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру және дайын жобаларды іске асыру мәселелерін тиісті деңгейде көтеру туралы шешім қабылданды. Осы бағытта мәслихат депутаттары тарапынан депутаттық сауал жолданып, оның қаралуы мен нақты шешім қабылдану барысы бақылауға алынатын болады.
Жалпы, тұрғындардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада өмір сүруі – «Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасындағы маңызды бағыттардың бірі. Бағдарламада тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық берілген.
Сондықтан партия алаңында көтерілген әрбір мәселенің нақты шешімін табуы маңызды. Осыған орай тақырыптық қабылдаулар барысында айтылған ұсыныстар тиісті органдарға жолданып, олардың орындалуы мен мәселелердің шешілу барысы тұрақты бақылауда болады.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы










