Дәрігер кеңестерін жинаған The Telegraph басылымына сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz жүрек-қан тамырлары денсаулығын қорғауға көмектесетін алты маңызды әдетті түсіндіреді.
Жүрек жеткіліксіздігі кезінде жүрек ағзаға қанды қажетті деңгейде айдай алмайды. Оны семіздік, 2-типті қант диабеті, жоғары қан қысымы және қозғалысы аз өмір салты асқындырып жібереді. Аурудың қиындығы – бастапқы кезеңде белгі бермеуі. Ентігу, тұрақты шаршау немесе аяқтың ісінуі байқалғанда дерт асқынып үлгереді. Кардиолог Франческо Ло Монако күнделікті қарапайым әдеттер арқылы оның негізгі қауіп факторларын азайтуға болатынын айтады.
Бірінші қадам – қан қысымын бақылау . Жоғары қысым жүректі күштірек жұмыс істеуге мәжбүрлеп, уақыт өте оның қан айдау қабілетін әлсіретеді. Ло Монако 40 жастан асқан адамдарға қан қысымын кемінде жылына бір рет өлшеуге кеңес береді. Бір зерттеуде систолалық қысымды ұдайы 120 мм сын. бағ.-нан төмен деңгейде ұстаған тәуекелі жоғары адамдарда инфаркт, инсульт қаупі 25%-ға төмен болған.
Екіншісі – тұрақты қозғалыс . Дәрігер аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды жаттығу – жылдам жүру, велосипед тебу немесе жүзу – не 75 минут қарқынды спортпен айналысуды ұсынады. Бұған қоса аптасына кемінде екі рет күш жаттығуын жасаған жөн.
Аптасына 150-300 минут орташа белсенділік танытқан адамдарда жүрек жеткіліксіздігі қаупі 63%-ға төмен болатынын зерттеулер дәлелдеген.
Үшінші маңызды әдет – ұйқы режимі. Ересектерге түнде 7-9 сағат ұйықтау және күн сайын шамамен бір уақытта жатып, бір уақытта тұру ұсынылады. Тәулігіне жеті сағаттан аз ұйықтау жүрек жеткіліксіздігі қаупінің 20%-ға артуымен байланысты болған. Және жиі күліп, көңіл-күйді әзілмен көтеру де жүрекке пайдалы.Төртіншісі – тұтас әрі аз өңделген өнімдерден жасалған тағамдар. Ло Монако көкөніс, жеміс-жидек, бұршақ, жаңғақ, зәйтүн майы мен майы аз ақуыз көздеріне бай Жерорта теңізі үлгісіндегі рационды ұсынады. Сондай-ақ аптасына кемінде екі рет балық жеген жөн. Зерттеулердің бірінде зәйтүн майы қосылған Жерорта теңізі диетасы тәуекелі жоғары адамдарда ауыр жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 31%-ға төмендеткен.
Бесінші кеңес – ұйқыға дейін кемінде 3 сағат бұрын тамақтануды тоқтату. Әсіресе кешкі уақытта алкоголь, майлы және ащы тағамдар мен тәттілер ұйқыны бұзып, кей адамдарда жүрек қағысын күшейтуі мүмкін.
Ал алтыншысы – күйзелісті басқаруға күн сайын уақыт бөл у. Созылмалы стресс қан қысымын көтеріп, ұйқыны нашарлатады және денсаулыққа зиян әдеттерге итермелейді. Дәрігер күніне 5-10 минут баяу әрі бақыланатын тыныс алу жаттығуларын, медитация, йога немесе таза ауада серуендеуді ұсынады.
«Алдын алу анда-санда жасалатын пайдалы таңдаулардан емес, күнделікті әдеттерден құралады», – дейді Ло Монако.










