Дегенмен қазір туризмнің жаңа бағыты біртіндеп дамып келеді. Бұл бағыт қоғамдастыққа негізделген туризм (Community based tourism) деп аталады. Қарапайым түрде жеткізсек, туризм саласындағы жаңа бағыт – агротуризм. Бұл бағыттың ерекшелігі – бір қауымның, яғни бір ауылдың тұрғындары туристік қызмет көрсетіп, табыс таба алады.
Осы ретте Премьер-Министр Олжас Бектенов жыл басындағы Үкімет отырысында туристік аймақтарға қатысты бірнеше мәселе барын қозғап, жауапты ұйымдарға Туризмді дамыту тұжырымдамасының іс-шаралар жоспарын жаңарту қажет деп тапсырма бергені ойға оралады. Туристік маусым басталған кезде де Премьер-Министр облыс әкімдеріне туристік инфрақұрылымдарды дамытуға байланысты ескертулер берді. Бұл іс-шаралар ауыл туризмін дамытуға қаншалықты әсер етіп отыр?
Агротуризм Еуропа елдерінде, соның ішінде Испания, Италия, Франция және Беларусь елінде жақсы дамыған, тіпті әрбір шаруашылық түрінен пайда табудан бөлек, оны туристерге таныстыру арқылы да екі есе табысқа жетуге болатынын дәлелдеп отыр. Мысалы, гүл өсірумен айналысатын кәсіпкерлер туристерді гүл бағына, гүл фермаларына туристер тартып, ерекше демалыс бағдарламасын ұсынып жатады, сонымен қатар флористермен шеберлік сабағын өткізеді. Бұл елдерде жүзім бағына бару, одан шарап дайындау, ауыл шаруашылығы өнімдерін алу, жинау немесе омарта шаруашылығын аралау секілді өңірдің шынайы өмірін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін танытуға бағытталған демалыс түрін жиі өткізеді. Әрине, елімізде де жағымды жаңалық жоқ емес, кейінгі кезде ауылдық туризмнің дамуына бағытталған қолдау іс-шаралары, арнайы жобалар іске асып жатыр. Сарапшылар да Қазақстанның агротуризмге сұранып-ақ тұрған ел екенін баса айтады.
Табыс тетігі
Кейінгі кездері экологиялық туристік аймақтарға жақын орналасқан ауыл тұрғындары агротуризмнен табыс табуға болатынын енді түсініп келе жатқандай, дегенмен жаңа істі бастауға жүрексінетіндер де көп. 2023-2029 жылдарға арналған Туризмді дамытуға арналған тұжырымдамаға сәйкес, қазір ауылдарда туристерге қызмет көрсету бойынша ауыл тұрғындарын оқыту іс-шараларын өткізу, агротуризм субъектілерінің тізілімін жүргізу және инвестициялар тартуға бағытталған бірқатар шара қолға алынып жатыр.
Мәселен, енді ауыл тұрғындары өз үйінде туристерді қонақ қылып, табыс таба алады. Солайша, еліміздің табиғи, мәдени, тарихи және ауыл шаруашылығындағы жетістіктерін шетелдік туристерге танытуға, мол қаржы табуға мүмкіндік туады. Бұл жобаны Қазақстан туристік қауымдастығы қолға алған. Қауымдастық шетелден келетін туристерге әсерлі демалыс сыйлау мақсатында ауыл тұрғындарына «Қонақжай үй» жобасын ұсынып, арнайы нұсқаулық дайындап, тұрғындарды оқытып, табыс табуға бағыт беріп отыр. Қауымдастық 2005 жылдан бері елдегі экологиялық туризм, агротуризмді дамытуға үлес қосып келеді. Сонымен қатар 2005-2008 жылдары USAID және Еуразия қорының қаржылық қолдауымен қоғамдастыққа негізделген туризмді дамыту жобасын сәтті жүргізіп, 88 қонақүй ашылған еді. Осылайша, 2000 жылдардың басында-ақ еліміздің шығыс, оңтүстік, орталық аймағында және Алматы облысында туристік бағыттар дами бастаған еді.
Осы орайда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қарасты Туризм департаментінің басқарушы директоры Дамиля Құнанова да ауылдық аймақтарда қонақ күту үйлерінің ерекше маңызға ие бола бастағанын айтты.
– Бұл тәсіл қонақүй салуға қомақты қаражат жұмсамай-ақ, қолда бар ресурсты пайдалануға мүмкіндік береді. Ауыл тұрғындары қонақжайға орналастыру қызметінен бөлек, тамақтандыру, экскурсиялар, дегустациялар, шеберлік сабағы, фермалар мен омарта шаруашылығына бару, балық аулау, жидек теру, бау-бақша өнімдерін жинау және басқа да қызметтерден табыс таба алады. Қазақстан туристік қауымдастығының дерегіне сүйенсек, қазір 200 қонақ күту үйі нақты жұмыс істеп тұр, – дейді Дамиля Құнанова.
Ал қонақ күту үйлерінің жеке мемлекеттік есебі әзірге жүргізілмейді екен, дегенмен мүмкіндікті пайдаланып үйін туристерді күтуге арналған қонақжай ретінде тіркеп, жұмысын жүргізіп жатқан жандар жоқ емес. Яғни, мұндай ерекше қонақ күту үйлері еліміздің туристік аймақтарына жақын орналасқан ауылдарда қиындықсыз жұмыс істеп жатыр. Белсенді ауыл тұрғындары ағылшын тілін меңгеріп, шетелдік туристерге қазақ мәдениетін насихаттап, түрлі іс-шара ұйымдастырып жүр. Алайда тәуекелге бел буып, жаңа бағытта өзін сынап көретін тұрғындар көп деп айта алмаймыз, себебі көбі шаруашылық немесе кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеуден қорқады.
Ауыл тұрғыны үйін қонақ күтуге арналған үй ретінде тіркесе, кәсіпкер ретінде салық төлеуге міндеттеледі. Ал істі енді бастап, аяққа тұра алмай жатқан ауыл тұрғыны үшін мемлекет тарапынан қолдау да керек. Тұрғындардың дені агротуризмге жеңілдік беретін бағдарлама болғанын қалайды. Дамиля Құнанованың айтуынша, өкінішке қарай, қазір елімізде дәл қонақ күту үйлеріне арналған жеке салық режимі немесе арнайы қолдау жоқ. Қонақ күту үйлеріне арналған салықтық немесе қаржылық жеңілдіктер қарастырылмаған. Біз маманнан ауыл тұрғындарына берілетін жеңілдіктер жөнінде де сұраған едік. Туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жоспарында әзірге ауыл тұрғындары үшін агротуризм және экотуризм, оның ішінде қонақ күту үйлерін жүргізу бойынша практикалық сабақтар өткізу ғана қарастырылыпты. Егер адам туристерді орналастыру қызметтерін жүйелі түрде көрсететін болса, ең түсінікті нұсқа – жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салық режимін таңдау.
– 2026 жылдан бастап белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдана алады. Ал базалық мөлшерлеме табыстың 4%-ын құрайды, бұл ретте мәслихаттар оны белгіленген шектерде өзгерте алады. Егер сөз тұрғын үйді бір рет немесе әдеттегі тәртіппен жалға беру туралы болса, алынған табыс та салық салуға жатады, – дейді маман.
Оның айтуынша, қызметтерді тұрақты түрде көрсету, оларды Booking, Airbnb және басқа да платформалар арқылы жарнамалау қызметтің кәсіпкерлік сипатта екенін және тиісінше жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажетін көрсетуі мүмкін.
Ал Алматы облысындағы Саты ауылының тұрғыны Жұлдыз Тілегенқызы туристік аймақта орналасқан ауылдарда кәсіп жүргізу тиімді екенін айтады. Әсіресе ауыл тұрғыны өз үйін туристерді күтуге пайдалана алуы – үлкен мүмкіндік. Жұлдыз ханым жыл сайын біртіндеп кәсібін дамытып жатқанын жеткізді.
– Жолдасым екеуіміз туристерді күтумен 2013 жылдан бері айналысып келе жатырмыз. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс істейміз. Негізінен, бізге бағыт-бағдар берген ата-енем еді. Ол кісілер 1989 жылдан бері бұл саланы қолға алған екен. Қазір заман талабына сай етіп, ісімізді біртіндеп дамытып келеміз. Ары қарай да осы істі жалғастырып, жандандырып, үлесімізді қосқымыз келеді, жоспарымыз да көп, – дейді ауыл тұрғыны.
Жұлдыз Тілегенқызы қазір туристерді жатын орынмен қамтамасыз етіп, шағын асхана жүргізіп отыр, сонымен қатар қонақтарға монша да ашыпты. Қызығы, ауыл кәсіпкері ешқандай да жарнама да жүргізбепті, ел бір-бірінен естіп-ақ келеді дейді.
Жарнаманың жолы қандай?
Бүгінде 2023-2029 жылдарға арналған туристік саланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, өңірлердегі фермерлік шаруашылықтарға, омарталар мен марал фермаларына бару, бал және сүт өнімдерінің дәмін тату, ірімшік, қымыз және шұбат өндірумен танысу, шарап және гастрономиялық турлар өткізу, егін жинауға қатысу, ұлттық тағамдар, жылқы шаруашылығы және қолөнер бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастыру шаралары қолға алынып жатыр. Елордада жыл сайын ұлттық мәдениетке және қазақтың ұлттық тағамдарына арналған халықаралық BaiQymyz гастрономиялық фестивалін ұйымдастыру дәстүрге айналып жатыр. Ал 29 тамызда Ақтау қаласындағы Амфитеатр алаңында SHUBAT FEST-2026 республикалық ұлттық гастрономиялық фестивалі өтпек. Бұл іс-шара шұбатты ұлттық бренд ретінде дәріптеуге, түйе шаруашылығын қолдауға және өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталып отыр. Демек, агроөнімдерді насихаттауға арналған түрлі жоба халық көңілінен орын тауып отыр. Осы орайда Дамилия Құнанова сала осылайша дами түсетінін, бәрі ретімен іске асатынын түсіндіріп берген еді.
– Басты міндетіміз – агротуризмді туристке жаңа тәжірибе, ал ауыл халқына қосымша табыс пен даму мүмкіндігін беретін толыққанды туристік өнімге айналдыру үшін жағдай жасау. «Атамекен» ҰКП тарапынан статистикалық есеп пен заңнамалық базаны жетілдіруді, туристерді қабылдағысы келетін фермерлер үшін тиімді жағдай жасауды, ауыл тұрғындарын оқытуды жалғастыруды, инфрақұрылымды жақсартуды және қонақ күту үйлер мен ауылдық жерлердегі басқа да нысандарды туристік маршруттарға белсендірек енгізуді маңызды деп санаймыз әрі бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз, – дейді Д.Құнанова.
Расында да, ауылдық туризмді дамытуға, агроөнімдерді насихаттауға бағытталған жобалар сәтті жүріп жатыр. Сонымен қатар жаңа туристік өнімдер құруға, салт-дәстүрді сақтауға, инфрақұрылымды дамытуға ықпал етіп келе жатқан тағы бір жоба – «Үздік туристік ауыл» ұлттық байқауы.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұлттық байқауды жыл сайын ұйымдастырып келеді. Жақында ғана еліміздің үздік бес ауылы белгілі болған еді. Биыл Басши (Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы), Торайғыр (Павлодар облысы, Баянауыл ауданы), Берел (Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы), Коробиха (Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы) және Имантау (Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы) ауылдары еліміздің ең үздік туристік ауылдарының қатарына еніпті. Былтыр бұл байқауда Лепсі, Нағи Ілиясов, Хан Ордасы, Поперечное және Шабанбай би ауылдары жеңімпаз атанған еді. Қазақстанның ауылдық туризмі халықаралық деңгейде де жоғары бағаланып келеді. Мысалы, 2023 жылы Алматы облысының Саты ауылы БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының беделді Best Tourism Villages by UN Tourism марапатына ие болып, әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі атанды.
Еліміздің агротуризм саласында мол табысқа жетуіне айтарлықтай мүмкіндік бар, жасырары жоқ, ел туризмін жарнамалап, шетелдік туристерге таныстыруда әлеуметтік желідегі белсенділер мен блогерлер де еңбек етіп жүр. Жақында ғана WIBA Awards 2026 халықаралық байқауда «Әлемнің үздік travel-блогері» сыйлығының иегері атанған саяхатшы Дастан Мұхамедрахымның бастамасымен елімізге танымал шетелдік инфлюенсерлер келген еді. Олар Алматы мен Маңғыстау облысын аралап, еліміздің табиғаты мен туристік әлеуетін миллиондаған аудиторияға таныстырды.
Ендігі кезекте туристік инфрақұрылымдарды дамыта түсу, туристерге жайлы жағдай туғызу ең басты орында тұруға тиіс және ауыл туризмін дамытуға атсалысқысы келетін тұрғындарға қолдау қажет деп санаймыз.
Айсұлу СЪЕЗХАН










