Жаңа тәртіпке сәйкес, сертификаттаудан өтіп, кәсіби біліктілігін растаған риэлторлар бірыңғай тізілімге енгізіледі. Осылайша, риэлторлардың ресми тізілімін дайындау – тұрғын үй нарығындағы алаяқтықты азайтып, клиенттердің құқығын қорғауға бағытталып отырған шара.
Елімізде риэлторлардың жұмысына қатысты шағымданатын тұрғындардың саны азаймай тұрғаны белгілі. Халық өзін риэлтормын деп таныстырғандар арасында алаяқтардың барын және келісімшартты өз пайдасына шешіп, жоғары комиссия алатындардың құрбаны болатынын үнемі айтып келеді. Pana Ұлттық риэлторлар палатасының вице-президенті Әсет Айтбаевтың айтуынша, бүгінде 30 мыңнан аса риэлтор бейресми жұмыс істейді, тіпті мұндай агенттердің санын дәл анықтау мүмкін емес. Олар салық төлемейді, ресми түрде жұмыссыз деп тіркелген, сонымен қоймай, екі тараптан да жоғары ақы талап етеді. Тек 2 мыңдай риэлтор ресми түрде тіркеліп, адал қызмет етіп жүр. Халықтың алаяқтардың құрбанына тап болдық дейтін уәжі осыдан келіп шығады. Нәтижесінде, қазір жалдау мәмілелерінің 67 пайыздан астамы ресми келісімшартсыз жасалып отыр.
Қазір біртіндеп халықтың да сауаттылығы артып жатқандай, демек алда риэлтордың көмегіне жүгінбес бұрын сертификат талап етіле бастайтыны анық. Риэлторларды сертификаттау жүйесі Ұлттық риэлторлар палатасының бастамасымен іске асып жатыр. Әсет Айтбаевтың сөзінше, сертификаттаудан өтуде риэлтордың кәсіби дайындығы, біліктілігі мен тәжірибесі міндетті түрде тексеріледі. Сонымен қатар ұйым 1000-нан аса сұрақтан тұратын база дайындап шыққан.
– Сұрақтардың шамамен 40-50 пайызы нақты тәжірибеге негізделген. Біздің ойымызша, сертификат маманның кәсіби дайын екенін және қызметті сапалы көрсететінін дәлелдейді, – дейді Әсет Айтбаев.
Демек, емтиханды тапсыру да оңайға соқпайды және тестілеу мемлекеттік қызметке іріктеу кезінде қолданылатын прокторинг технологиясы арқылы өтеді. Бұл жүйеде нәтижені сатып алу, көшіру немесе басқа адамның орнына тапсыру мүмкін емес. Кейін бұл жүйе сертификатталған риэлторлардың бірыңғай электрон тізілімін толықтырып отырады. Соның нәтижесінде маман таңдау тұтынушы үшін ашық әрі қауіпсіз бола түседі.
Тестілеуден pana-urp.kz сайты арқылы өтуге болады. Риэлтор емтиханға тіркелу үшін 80 мың теңге көлемінде ақы төлеуге тиіс және үміткерге екі мүмкіндік беріледі. Сертификатқа ие болу үшін 60 сұрақтың кемінде 45-іне дұрыс жауап беру керек. Сертификат бір жылға жарамды болады. Бұл жүйенің риэлторлар үшін де пайдасы мол болмақ, алдымен, тұтынушылардың сеніміне ие болса, екіншіден, жоба серіктестерінің платформасында жарнамасын ілгерілетуге арналған бонустар да беріледі.
Дамыған елдердегі риэлторлық қызметтің жөні бөлек. Мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Испания сияқты Еуропа елдерінде риэлторлық қызметке қатысты нақты талаптар белгіленген. Елімізде де бұл тәртіп біртіндеп қалыптасып жатқанға ұқсайды. Сертификаттау жүйесі де – халықаралық озық тәжірибенің үлгісі. Еуропа елдеріндегі тәжірибе бойынша сатып алушы мен жалға алушы риэлтор қызметі үшін қосымша ақы төлемейді, мұнда онсыз да қаржы шығындап жатқаны ескеріледі. Сонымен қатар бұл елдерде меншік иесi сататын үйiн тұтынушыға өзi көрсетпейді, риэлторлар жұмыс атқарады. Сол себепті қызметке ақыны табыс тауып отырған жақ төлейді.
Қазір елімізде өзін-өзі реттеу жүйесі де қатар іске қосылып жатыр. Мұндай қадам көлеңкелі айналымды жойып, мемлекеттік бюджетке салық түсімін арттырады. Бұл жүйеде ресми келісімшарт негізінде екі тараптың, артық шығыннан қорғалатын клиенттің де, риэлтордың да құқығы заңмен реттеледі.
– Ақшаны алып, ізім-ғайым жоғалып кеткен жағдайлар аз болған жоқ. Мұндай кезде клиент те, риэлтор да қорғалмайды, өйткені қызмет көрсету туралы ресми келісімшарт жасалмаған. Біз барлық риэлторды кінәламаймыз. Кейде клиент тарапынан да заңсыз әрекеттер болады. Сондықтан екі тараптың да құқығын қорғайтын жүйе қалыптастырып жатырмыз, – дейді риэлторлар палатасының вице-президенті.
Дегенмен де бұл мамандық әлі де заң жүзінде нақты реттелмеген. Бұған дейін риэлторлық қызмет туралы заң жобасы туралы бірнеше рет талқылау болғанымен, әзірге заң қабылданған жоқ. 15 жылға жуық тәжірибесі бар риэлтор Дидар Түсіпханұлы саланы реттейтін заң жүйесінің болғанын асыға күтіп жүр. Себебі алаяқтар қарапайым халықпен қатар адал еңбек етіп жүрген риэлторларды да алдап соғатынға ұқсайды.
– Әйелім екеуіміз алғашында флипер болып жылжымайтын мүлік саласында еңбек ете бастадық, кейінгі жылдары пәтерді жалға беру бойынша жұмыс істеп жүрміз. Осы жылдарда өзім де алаяқтардың көбін көрдім. Солардың кесірінен біздің де жұмысымызға зияны тиіп жатыр. Сол себепті де риэлторларды сертификаттау жүйесінің болғаны орынды, алда саланы реттейтін заңның тезірек қабылданғаны жөн, – дейді маман.
Оның ойынша, сертификаттау жүйесімен қатар риэлторларға арналған курстар мен оқу бағдарламасы да болуы керек. Тұтынушымен тіл табысу, қазақ және орыс тілін меңгеру де бүгінде басты талап қатарына жатуға тиіс.
– Емтихан тапсырмастан бұрын риэлторларды дайындауға, кәсіби біліктілігін арттыруға арналған оқыту жүйесі болғаны дұрыс. Қазір жеке кәсіпкер ретінде тіркелуден бөлек, маманның біліктілігін дәлелдейтін де құжат керек. Тәжірибемде мынадай да жағдай болған. Дін жолында жүрген адаммын деп тұмшаланып киініп алған бір адам келді. Екі күнге үйді жалға алуға келіседі де, қызығы, кейін сол үйді ұзақ мерзімге жалға беріп, қулығын асырып кетті. Үйдің иесі кім, қандай келісімшарттар болуға тиіс, мұның бәрін білмей, алданып қалатын тұрғындар өте көп, – дейді Дидар Түсіпханұлы.
Қазір риэлторлардың тізілімін дайындау, сертификаттау жүйесі, өзін-өзі реттеу жүйесін ұйымдастыру іске асып жатыр. Алда заң тұрғысынан да бастамалар жалғасар дейміз. Қолданыстағы заңдарда «риэлтор», «жылжымайтын мүлік делдалы», «ақпараттық қызмет» деген терминдерге нақты анықтама жоқ. Сонымен қатар қаржылық қауіпсіздік те реттелуге тиіс. Егер риэлтордың әрекеті тұрғынға зиян келтірсе, сақтандыру компаниясы өтемақы төлеуі керек. Мұндай тәжірибе көптеген елде бар көрінеді.
Қысқасы, ендігі кезекте риэлторлық қызмет туралы заң қабылданса, тұрғын үй нарығындағы алып-сату мен жалға берудегі көптеген мәселе шешімін табар еді.
Айсұлу СЪЕЗХАН










