Астанада конкурдан Қазақстан Кубогы басталды

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Қазақстан Республикасының Кубогы басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Дәстүрлі додаға Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы облысынан 35 тәжірибелі спортшы қатысып жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге.

Сайыс әуесқойлар, жасөспірімдер және кәсіби спортшылар арасында үш санат бойынша өтеді. Қатысушылар биіктігі 100-130 сантиметр болатын алты кедергіден өтіп, өз шеберлігін көрсетеді.

Қазақстанның ат спорты федерациясының вице-президенті Дәурен Ахметовтің айтуынша, мұндай жарыстар елдегі конкур спортының дамуына серпін беріп, жас шабандоздардың тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жарыс Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қолдауымен халықаралық стандарттарға сай ұйымдастырылған. Қазақстан құрамасы 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарына қайта қатысуға дайындалып жатыр. Ұлттық құрама өкілдері құрлық додасында жүлдеге таласуды көздейді.

Жарыс ертең, 30 тамызда жалғасады.