Баспана көбейсе, береке көбейеді

Қазақстан үшін тұрғын үй мәселесі қа­шанда әлеуметтік саясаттың өзегінде тұр. Себебі баспана – адамның күнделікті тұр­мысын ғана емес, оның ертеңге деген се­німін де айқындайтын фактор. Өз үйі бар азаматтың отбасын құруға, бала тәр­бие­леуге, еңбек етуге, кәсіби дамуға деген мүм­­­кіндігі де кеңейеді.

Сондықтан тұрғын үй құрылысының қар­қынына тек құрылыс саласының көр­сет­кіші ретінде қарау аздық етеді. Бұл – тұтас өңірдің экономикалық белсенділігі мен әлеуметтік ахуалының айнасы. Осы тұр­ғыдан алғанда, Абай облысында кейінгі жыл­дары тұрғын үй құрылысына берілген ба­сымдықтың нәтижесі көңілге қонады. Жаңа үйлер бой көтеріп, тұрғын үй инф­ра­құрылымы кеңейіп, әлеуметтік осал аза­маттарды баспанамен қамтуға бағыт­тал­ған нақты шаралар жүзеге асырылып жа­тыр.

Шаршы метрден маңыздысы – адам

– 2025 жылдың қорытындысы бойынша қар­жыландырудың барлық көздері есе­бі-нен Абай облысында 337,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өсу қарқыны 105,8 пайызды құрады. Бұл – былтырғымен салыстырғанда тұрғын үй құрылысы көлемінің артқанын көр­сете­тін нақ­ты нәтиже, – дейді Абай облысы Құры­лыс басқармасы басшысының орын­басары Ерсін Кенжебекұлы.

Ал 2026 жылға Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құры­лыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті облыс бойын­ша 348,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жөнінде жоспар белгіледі. Жоспар толық орындалған жағдайда өсім қарқыны 103,3 пайызға жетпек.

Облыстық Құрылыс басқармасы бас­шы­сы орынбасарының мәліметінше, жыл ба­сынан бергі көрсеткіш те жаман емес. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында об­­­­лыста 138,489 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 107,2 пайызға жоғары.

Цифрлардың өзі көп нәрсені аң­ғар­тады. Бірақ статистиканың ар жа­ғындағы әлеуметтік мазмұн одан да маңыз­ды. Бір жаңа үй – бір құрылыс ны­саны ғана емес. Ол – жаңа қоныс. Бір пә­тер – жай ғана жылжымайтын мүлік емес, бір отбасының тұрмысын өзгертуге мүм­­кіндік. Сондықтан тұрғын үй құры­лы­сы­ның нәтижесін шаршы метрмен есептеу қа­жет болғанымен, оның шынайы құны адам тағдырымен өлшенеді. Тұрғын үй са­лынған сайын құрылыс индустриясы жанданады. Жұмыс орындары ашылады. Құрылыс материалдарына сұраныс артады. Инвестиция келеді. Инженерлік желілер тар­тылады. Демек, баспана құрылысы – эко­номиканың бірнеше бағытына қатар сер­пін беретін сала.

Абай облысы құрылғаннан бері бюджет қара­жаты есебінен 48 көппәтерлі және 1 381 екі пәтерлі тұрғын үй пайдалануға бе­ріл­ді. Бұған қоса, жеке инвесторлардың қа­ра­жаты есебінен 92 көппәтерлі тұрғын үй ел игілігіне тапсырылды. Бұл көр­сет­кіш­­­­тердің әрқайсысының артында нақты от­басының қуанышы тұр. Бірі жылдар бойы жалдамалы үйде тұрса, енді бірі тар бас­панада күнелтті. Тағы бірі тұрғын үй ке­зегін күтті. Ал жаңа баспанаға ие болу – мұндай отбасылар үшін әлеуметтік жағдайдың ғана емес, өмір сапасының өзгеруі. Осы жерде тұр­ғын үй саясатының бір маңызды қыры кө­рінеді: мемлекет үшін үйдің салынуы ға­н­а емес, оның кімге қолжетімді болуы да маңызды. Бүгінде тұрғын үй бағдар­ла­ма­лары аясында азаматтарға несиелік және жал­ға берілетін баспаналар ұсынылып, әлеу­меттік осал санаттарға арналған пәтер­лер де қарастырылуда. Бұл – тұрғын үй саясатының әлеуметтік бағдарын айқын­дай­тын маңызды тетік.

Кезекте тұрғандар көп

Дегенмен атқарылып жатқан жұмысқа қарамастан, баспана мәселесі әлі де өткір. Қа­зір облыс бойынша тұрғын үй кезегінде ша­мамен 33 мың адам тұр. Оның ішінде 22 мың­ға жуық тұрғын Семей қаласында ке­зекте тұрғаны белгілі. Бұл – тұрғын үй құ­рылысының қарқынын одан әрі арттыру қажеттігін көрсетеді. Өйткені кезекте тұр­ған әр адам статистикадағы бір сан емес. Оның артында жас отбасы, көпбалалы жа­нұя, мүмкіндігі шектеулі азамат, жетім ба­ла немесе әлеуметтік қолдауға мұқтаж бас­қа да тұрғын тұр.

Осыған байланысты әлеуметтік осал азаматтарды баспанамен қамтуға ба­ғытталған мемлекеттік қолдау тетіктерінің маңызы артып отыр.

2025 жылы бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,122 млрд теңге, сондай-ақ ау­дандық бюджеттерді кредиттеу тетігі ар­қылы 16,133 млрд теңге бөлінді. Нәти­же­сін­де, 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды да­мыту тұжырымдамасы аясында әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар үшін 1 097 жалға берілетін пәтер сатып алынды. Бұл жерде ең бастысы – бөлінген қаржы­ның көлемі емес, оның нақты нәтижесі. Бас­паналы болуды күткен азамат үшін мем­лекеттік бағдарламаның тиімділігі есеп-қисаптағы миллиардпен емес, қо­лы­на тиген пәтердің кілтімен бағаланады.

2026 жылы да бұл бағыттағы жұмыс жал­ғасып жатыр. Әлеуметтік осал санат­тағы азаматтарға тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 2,122 млрд тең­ге бөлінді. Бұдан бөлек, мемлекеттік ба­ғалы қағаздар шығару арқылы 9,4 млрд теңге қаражат тарту көзделуде. Бөлінген және тартылатын қаражаттарды тиімді игеру нәтижесінде жыл соңына дейін осы са­наттағы азаматтар үшін шамамен 700 пә­тер сатып алу жоспарланған.

Бұл – жүздеген отбасының тұрғын үй мә­селесін шешуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Әсіресе көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, же­тім балалар және әлеуметтік қолдауды қа­жет ететін өзге де тұрғындар үшін мұндай мүмкіндік ерекше маңызды. Қоғамның әлсіз тұсында тұрған азаматқа қаншалықты қолдау көрсете алатыны мемлекеттің адам­ға деген көзқарасын көрсетеді.

Тұрғын үй құрылысы әлеуметтік инф­ра­құрылымнан бөлек қаралмайды. Абай об­лысы құрылғаннан бері өңірде 89 әлеу­меттік нысан ел игілігіне берілді. Оның ішін­де білім беру саласында – 8, денсаулық сақ­тау бағытында – 67, спорт саласында – 7, мәдениет саласында – 4 және әлеумет­тік қамтамасыз ету саласында 3 нысан бар. Бұл деректер өңірдегі құрылыс жұмыс­та­ры­ның ауқымы тұрғын үймен ғана шектел­мей­тінін көрсетеді.

Жаңа шағынаудан бой көтерді де­лік. Оның тұрғындарына мектеп, медициналық нысан, спорт алаңы, мәде­ниет ошағы мен сапалы инженерлік инф­ра­құрылым қажет. Яғни заманауи тұрғын үй саясатының мақсаты – төрт қабырға тұр­ғызу емес, адамның өмір сүруіне қолай­лы орта қалыптастыру. Осы тұрғыдан ал­ған­да, тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инф­рақұрылымның қатар дамуы – өңірдің орнықты өсуінің маңызды шарты.

Тұрғын үй мәселесінің мемлекеттік сая­­саттағы салмағы «Әділет» партиясының ал­­дағы бес жылға арналған жеті мақса­ты­нан да көрінеді. Оның алғашқы мақсаты – әр от­басыға барынша жайлы тұрғын үй жағ­дайын жасау. Бұл ұстанымның астарында үлкен міндет жатыр.

Еліміздің тұрғын үй қоры озық қар­қын­­мен өсуі керек. Ондаған мың отбасы тозған, апатты жағдайдағы үйлер­ден көшірілуге тиіс. Қиындыққа тап бол­ған үлестік құрылыс нысандарының бәрі аяқ­талуы қажет. Мұның барлығы бір мақ­сатқа – азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға ба­ғыт­талған. Өйткені баспана мәселесі ше­шіл­мейінше, әлеуметтік тұрақтылық тура­лы толыққанды айту қиын. Адамның көңі­­­­лінде «ертең қайда тұрамын?» деген сауал тұрса, оның басқа мәселелерге алаңсыз ден қоюы да оңай емес. Ал өз үйі бар адамның өмірге де­ген көзқарасы өзгеше. Ол бала­сы­ның бо­лашағын жоспарлайды, кәсібін да­мытуға ұм­тылады, қоғамдағы белсен­ділі­гін арт­ты­рады. Сондықтан тұрғын үй саясаты – әлеу­меттік саясаттың ғана емес, адам ка­пи­талын дамытудың да маңызды құралы.

­Абай облысының қазіргі құрылыс қар­қыны өңірдің экономикалық әлеуеті мен әлеуметтік дамуы қатар жүріп жатқанын көр­сетеді. Бір жағынан, тұрғын үйлер са­лынып жатыр. Екінші жағынан, мек­тептер мен медициналық нысандар, спорт және мә­дениет объектілері іске қосылуда. Үшін­ші жағынан, әлеуметтік осал азаматтарды баспанамен қамтуға қаражат бағытталуда.

Өңірдің қуаты өндіріс көлемімен не­месе инвес­тиция көлемімен ғана өл­шен­бей­ді. Оның басты ка­пи­талы – адам. Ал адам капи­талының сапасына жайлы тұр­ғын үй, сапалы әлеуметтік инфрақұрылым және тұрақты әлеуметтік қолдау тікелей әсер етеді. Сондықтан алдағы мін-дет – тұр­ғын үй құрылысын тек сан жағынан арт­тыру емес, оның сапасын, қолжетімділігін жә­не инф­ра­құрылыммен қамтылуын қам­тамасыз ету. Абай облысында бұл бағыттағы жұ­мыс­қа берілген серпін – маңызды бас­та­ма­ның бірі.

Өйткені үй салу – қабырға тұрғызу емес. Үй салу – отбасының ертеңін қа­лыптастыру. Ал отбасының ертеңі – елдің ертеңі. Бүгін бой көтеріп жатқан әр­бір тұрғын үй – өңірдің келешегіне са­лынған инвестиция. Ал жаңа пәтердің кіл­тін алған әрбір отбасы – сол инвес­ти­ция­ның ең нақты нәтижесі.

Қуатты өңір – ең алдымен, өз тұрғы­ны­на жайлы өмір сүруге мүмкіндік жасай­тын өңір. Ал осындай өңірлердің саны көбейген сайын қуатты мемлекеттің де не­гізі беки түседі. Абай облысындағы құ­ры­лыс қарқыны осы ұстанымның нақты кө­­­рінісі саналады. 

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ, 

Абай облысы