Дегенмен ресми статистика бойынша, жалпы ішкі өнім жоғары қарқынмен өсіп жатқанымен, былтыр халықтың нақты табысы төмендеген. Сала сарапшылары арасында осы қайшылық жиі сөз болып кеткен соң, Жұманғариннің өзі арнайы түсініктеме берген еді. Алайда экономистер арасында оның ұстанымына қырын қарайтындар табылып жатыр.
Қайшылық неден туып отыр?
Жұманғариннің айтуынша, елдің экономикалық өсімі ЖІӨ-нің нақты көлем индексімен өлшенеді, яғни тұрақты баға мен нақты өндіріс көлемінің өсуінен қалыптасады. Сондықтан салаларда нақты қосылған құн өскенімен, ол ақшалай түсім мен табыс көлемі әрдайым ұлғая береді деген сөз емес. Мұндай айырмашылық мұнай саласында айқын көрінген. Айталық, 2025 жылы мұнай өндіру көлемі 13,3%-ға артқанымен, әлемдік мұнай бағасы 14,4%-ға арзандаған. Яғни өндірісте өсім бар, бірақ ақшалай түсім аз.
«Мұндағы басты мәселе экономиканың құрылымына байланысты. Егер экономикалық өсім капиталды көп қажет ететін немесе шикізат салалары есебінен қалыптасса, оның халық табысына ықпалы уақыт өте келе (белгілі бір кезеңнен кейін) ғана байқалады. Ал құрылыс, қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы сияқты еңбек ресурстарына негізделген салалар дамыған тұста бұл әсер халыққа әлдеқайда жылдам сезіледі», – дейді Жұманғарин.
Сонымен қатар оның сөзінше, экономикадағы тауарлар мен қызметтерді тұтыну деңгейі ұсынысқа қарағанда жылдамырақ өсіп жатыр. Қарапайым тілге салсақ, өндіріс көлемі сұраныстың арту қарқынына ілесе алмай келеді. Бұл бағаға қосымша қысым тудырады. Дегенмен бұл өсіп келе жатқан экономика үшін қалыпты жағдай екенін айтады. Өйткені қысқа мерзім ішінде өндіріс көлемін күрт арттыру мүмкін емес.
Оның үстіне, сыртқы факторлар әсері де бар. Кейінгі 4 жылда бұрын-соңды болмаған инфляциялық қысымға ұшырадық. Соның салдарынан экономикалық өсім халықтың нақты табысына соншалық әсер ете қоймады. Пандемиядан кейін азық-түлік пен энергия тасымалдаушылар бағасы жер-жаһанда өсіп жатты, логистикалық тізбектер үзілді. Оған қоса, өңірдегі геосаяси шиеленіс, көрші елдер мен әлемдегі инфляция қарқыны үдеді, валюта бағамының құбылуы және бар.
Зимбабве қайда, біз қайда?!
Жұманғариннің бұл ұстанымына сала сарапшыларының көзқарасы біртекті емес. Тіпті, халықтың нақты табысын арттыру мәселесін экономикалық өсімге теліп қоюға да қарсы. Тура осы мәселеге Зимбабвені мысалға келтіріп жатқандар бар. Онда былтырғы экономика көрсеткіші ерекше қарқын алған. Халықаралық валюта қорының мәліметі бойынша, ел билігі 2025 жылға 6,6% өсім болжаған болса, жыл қорытындысы бойынша 7,5%-ға бір-ақ шыққан. Алтынның рекордтық бағасы мен жаңартылған салық жүйесінің арқасында экономикалық өсім биыл да жалғасып келеді. Әйтсе де, осынша жарқын көрсеткішке қарамастан әлемнің ең кедей елдерінің бірі болып отыр, 15 млн-ға жуық халықтың басым бөлігі кедей. Ендеше экономика өсімін негізге алып отыра берсек, Қазақстанның жағдайы да осы сценариймен өрбіп кетпесіне кім кепіл? Бұл да жай айтылған сөз емес. Алдымен 4,6% жұмыссыздық статистикасы бар. «Жұмыс істейтін кедейлер», яғни тапқанын айдан айға әрең жеткізіп отырғандар бізде жоқ емес. Одан бөлек, шамамен 2,2 млн азаматымыз өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Ол еңбекке қабілетті деп саналатын 9,77 млн халқымыздың бестен бірі. Табысы тұрақсыз болғандықтан, олар да кедейлік қаупінен ада емес. Табысы жоғары деп жүргендердің әрқайсының мойнында зейнеткерлер мен жасөспірімдер отырғанын тағы қосайық.
Экономист Асқар Қысықов бұдан да пессимист пайым айтады. Жуырда өткен Atameken Business FORUM-дағы сөзінде ол ел экономикасының ресми өсім көрсеткіштері бірқатар саладағы нақты жағдайды толық көрсетпейтінін мәлімдеген. Оның пікірінше, Үкімет жыл соңына қарай ЖІӨ өсімі 5%-ға дейін қалпына келеді деп болжап отырғанымен, ішкі сұранысқа бағытталған көптеген сала қазірдің өзінде қиын жағдайға тап болған. Айталық, құрылыс саласы негізінен мемлекеттік инфрақұрылымдық жобалар есебінен өсіп отыр.
«Құрылыс саласының құрылымына қарасақ, бүгінде оның негізгі қозғаушы күші теміржолдар, метро, электр беру желілері мен телекоммуникациялық инфрақұрылым нысандарының құрылысы болып отыр. Мұның бәрі мемлекет қаржысына тәуелді. Ал тұрғын және тұрғын емес ғимараттар құрылысы анық төмендеген», – дейді ол.
Қысықовтың сөзіне салсақ, құрылыс қана емес, өңдеуші өнеркәсіпте де жағдай осыған ұқсас. Сектордың 43%-ы металлургияға тиесілі. Соған қарамастан сала 6,3%-ға құлдыраған. Ал өсімді негізінен автокөлік пен азық-түлік өндірісі беріп отыр.
Ең күрделі жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлар саудасы, тұрмыстық техника нарығы, жылжымайтын мүлік, киім-кешек саудасы, сондай-ақ ойын-сауық және демалыс индустриясында байқалып отыр екен. Бұлар халықтың тұтыну белсенділігіне тікелей тәуелді салалар. Экономистің пайымынша, мұның себебі халықтың сатып алу қабілеті төмендеген. Жоғары инфляция салдарынан былтыр қазақстандықтардың нақты табысы 2,3%-ға азайып, азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтерге жұмсалатын шығындар үлесі 39%-ға дейін қысқарған.
Оның үстіне, азаматтарға шамадан тыс жүктеме болмас үшін тұтынушылық несие беру де азайған. Салық реформасынан кейін қосылған құн салығы артқан соң ол бизнеске қосымша жүктеме түсірген.
Осы жерде Жұманғариннің статистикасын да айтпай кетуге болмайды. Вице-премьер елде ШОБ жаппай қысқарып жатыр деген уәжбен мүлде келіспейді. Оның салық органдарына сілтеген деректеріне қарасақ, биылғы бірінші тоқсанда 207 912 жеке кәсіпкер қызметін тоқтатқан. Иә, ол алдыңғы жылдарға қарағанда 2-2,5 есе көп. Алайда мәселе аты бар, заты жоқ нысандарда екенін айтады.
«Негізінде бұдан да көп (300 мыңға дейін) жабылады деп күтілген болатын. Себебі арнайы салық режимдерін бизнесті бөлшектеу үшін пайдаланғандар нарықтан кетеді деп болжанды. Талдау нәтижесінде байқағанымыз, 2026 жылы жабылғандардың негізгі бөлігі – табысы, қызметкерлері және нақты қызмет белгілері жоқ белсенді емес кәсіпорындар», – дейді министр.
«Салық пен инвестициядан бұрын меншік құқығын өзгерту керек»
Сарапшылар арасында мәселені арыдан тарқататындар да бар. Экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, билік экономиканың өсуіне және оның тиімділігін асыруға тырысып жатқанымен, нәтиже көңілдегідей емес. Оған бірнеше себеп бар. Мәселен, билік қалыптасып болған іргелі экономикалық жүйенің тек алғышарттарын өзгертуге басым көңіл болып жатыр. Мысалы, салығын, бюджеттен инвестиция тарту көлемін ұлғайту, тұтынуды шектеу, импортты жерсіндіру, тағы басқалар. Алайда негізгі түйткіл фундаментінде, яғни экономикадағы меншік мәселесінде болып тұр. Жиі айтылып жүрген мемлекеттік кәсіпорындар, компаниялардың ЖІӨ-дегі үлесі 60%-ға жақын жүйеде Үкімет әрекетінің нәтиже беруі қиын деп санайды. Бұл, керісінше, жемқорлықты өршітуі мүмкін. Мұндайда тездетіп әділетті әрі жариялы түрде жекешелендіру қажет. Сөз ақырын «бақылауды күшейткен сайын жемқорлық соғұрлым өсе береді» деген аксиомаға әкеп тірейді.
Экономист Ғалым Құсайыновтың пікірінше, ЖІӨ-нің халықтың нақты табысына қалай әсер етіп жатқанын анықтау үшін соңғы жыл емес, бірнеше жылдың мәліметін салыстырып қарау керек. Ал қысқа мерзімде нақты табысты жоғары инфляция төмендейтінін, Қазақстанның жағдайында дәл осы фактор негізгі рөл атқарып отырғанына назар аудартады. Елдің қалтасын жұқартып отырған негізінен осы азық-түлік инфляциясы екенін Жұманғариннің өзі де Үкімет отырыстарының бірінде айтқан еді.
Экономистің ойынша, нарықта ұсыныс өспей жатып табыс артып кетсе, оның әсері уақыт өте келе инфляцияға ұласады. Біздің ел қазір осы жағдайды бастан кешіріп отыр. Сондықтан сарапшы алдымен ұсынысты арттыру үшін саудаға бағытталған секторларға инвестиция көлемін көбейту қажет деп санайды. Бірақ көпшілік айтып жүрген экономиканы әртараптандыру тек экспорттық бағыттар арқылы жүзеге асуы керек деген пікірмен келіспейді. Шындығында, әртараптандыру қай бағытта жүретінін мемлекет емес, нарық анықтауы керек деген пікірде. Өйткені нені сатып, нені сатып алу керегін нарықтың өзі шешеді. Ал мемлекеттің бұл жердегі міндеті – жоғары қосылған құны бар, саудаға бағытталған салалардың дамуына қолайлы жағдай жасау керек. Кейін олардың өнімі экспортқа шығарыла ма, әлде импортты алмастыра ма – оны саудагерлер өзі шеше жатар.
Қайткен күнде соңғы сөз Үкіметтің өзінде. Вице-премьер жақын арада 2029 жылға дейінгі «Халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыру» жөніндегі жаңартылған кешенді жоспарды таныстыратынын мәлімдеді. Ондағы мақсат құр жалақыны көтеру емес, сапалы әрі тұрақты жұмыс орындарын ашу, адами капиталды дамыту және халықты жұмыспен қамту аясын кеңейту бағыттарына басымдық беріледі. Халықтың нақты табысын тұрақты өсірудің басты негізі де осылар болуға тиіс деп санайды.
Ербол ТҰРЫМБЕТ










