Ақтөбе көрермені «Астана Опера» әртістерін қошеметпен қарсы алды

Ұжым 31 мамырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Eurasian Resources Group (ERG) жетекші халықаралық өнеркәсіптік компаниясының қолдауымен «Өнер орталығы» концерт залының сахнасында танымал италиялық композитор Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» жарқын комедиялық операсын зор табыспен ұсынып, ақтөбеліктердің зор қошеметін туғызды.

«Өнер орталығының» фойесінде көрермендер залдың есіктері айқара ашылуын тағатсыздана күтуде, ал бұл уақытта сахнада маэстро Абзал Мұхитдин оркестр мен солистердің дайындығының соңғы нюанстарын пысықтауда. Әртістердің бойында қобалжу да жоқ емес, өйткені өздерін осымен үшінші мәрте қарсы алғалы жатқан ақтөбелік көпшіліктің алдына шығу труппа үшін үлкен қуаныш әрі сонымен бірге зор жауапкершілік. 

«Астана Опера» келетінін естігенде өңір тұрғындары әрдайым театр репертуарындағы үздік спектакльдерге қол ұшын тигізуді қалайды. Сондықтан елордалық ұжым Ақтөбеге Гаэтано Доницеттидің «Дон Паскуале» опера-буффасын алып барып, көрермендерді XIX ғасырдағы Италияға саяхат жасатты. Жиеніне қатты ашуланғандықтан, үйленуге бел буған бай әрі қарт бойдақ Дон Паскуаленің хикаясын асқақ өнер жанкүйерлері де және онымен алғаш танысқан жандар да бір демде тамашалады. 

Ақтөбе қаласының тұрғыны Жадыра Балмұханқызы операдан зор әсер алғанын айтты.

– «Астана Опера» әртістері келетінін естігеннен бері бұл өнер көрсетуді тағатсыздана күттім. Енді міне, осындай керемет спектакльге куә болғаныма өте қуаныштымын. Өзім опера өнерін қатты бағалайтын жанмын, өйткені бұл жанрдың қаншалықты күрделі екенін түсінемін. Бірақ бүгін әртістер сахнада өз партияларын асқан шеберлікпен сондай жеңіл әрі шынайы сомдап шықты. Маған және мен секілді жүздеген көрерменге рухани демалыс сыйлаған елордалық әртістерге алғыстан басқа айтарым жоқ. Сіздер қашан келсеңіздер де, әрдайым ыстық ықыласпен қарсы алуға дайынбыз. Келесіде міндетті түрде өзімнің отбасымды бірге ала келемін, – деді спектакльден кейін Ж.Балмұханқызы.

Көрермен Жанна Волкова да онымен келісті.

– Мені мұнда спектакль тамашалап келіңіз деп балаларым арнайы жіберді. Шынымды айтсам, «Астана Операның» өнер көрсетуіне алғаш рет келіп отырған жайым бар. Негізі мен операның нақ жанкүйері емеспін және Г.Доницеттидің осы туындысы жайлы да бұрын естімеппін. Алайда мұнда келер алдында опера жайлы шамалы мәліметті оқығандықтан, оның итальян тілінде жүретінін білдім. Әртістердің өнер көрсетуі шынайы әрі үйлесімді болғаны сонша, маған қойылымның жиырмасыншы минутында аударма қажет болмай қалды, оқиға желісіне тұла бойыммен еніп кеттім. Әртістердің керемет ойынының арқасында сахнадағы іс-әрекетті  аудармасыз-ақ түсініп отырдым. Осындай ұмытылмас кеш үшін труппаға зор рақметімді айтамын, – деді ақтөбелік көрермен Жанна Волкова.

Опера труппасы солистерінің вокалдық мүмкіншіліктері мен актерлік шеберліктері ешкімді бейжай қалдырмады. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан қырсық әрі өзімшіл Дон Паскуаленің бейнесін өте нанымды сомдады. Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин Дон Паскуаленің жиені Эрнестоның бойындағы романтикалық сезімталдық пен тектілікті шеберлікпен жеткізе білді. Сұлу Норинаның рөлінде сахнаға шыққан «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова тапқырлық пен комедиялық қуатты шебер ұштастырып, кейіпкерінің ішкі динамикасын көрсетті. Ержан Саиповтың орындауындағы айлакер Малатеста дәрігердің және Рамзат Балакишиев таныстырған  Карлитоның бейнелері және хор әртістерінің ойыны опера-буффаның комедиялық астарын тереңдете түсті. Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдиннің басқаруындағы «Астана Опера» камералық оркестрі солистерді сүйемелдеп қана қойған жоқ, ол өзінің спектакльдің атмосферасын құрушы және оқиғаның қарқынын белгілеуші басты күш екенін дәлелдеді. 

Хромтаулық көрермендердің де «Астана Опера» әртістеріне көрсеткен қошеметі бұдан кем болмады. Труппа 29 мамырда гастрольдік бағдарлама аясында Мәдени демалыс орталығы сахнасында Вокалдық және аспаптық музыка концертін ұсынған еді. Солистер Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Салтанат Мұратбекова, Жан Тапин, Ержан Саипов, Рамзат Балакишиев, Шыңғыс Расылхан мен басқа да опера әншілерінің орындауындағы «Гүлдерайым» халық әні, Абай Құнанбайұлының «Көзімнің қарасы»,  Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған А.Зацепиннің «Көктем вальсі» туындылары тыңдармандардың айрықша таңданысын туғызды. Көрермендер ұлттық туындылармен қатар, Дж.Вердидің «Герцогтың әні», «Үстел басындағы ән», Ж.Бизенің «Хабанера» сынды әлемдік классика жауһарларына да қол ұшын тигізуге мүмкіндік алды. Әртістер концертмейстер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембированың сүйемелдеуімен өнер көрсетті. 

– Бүгін мен «Астана Опера» жұлдыздары» гала-концертінен ұмытылмас әсер алдым. Әсіресе, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін естігенде жүрегімді ерекше тебіреніс сезімі кернеді, өйткені мен бұл туындыны бала кезімнен жақсы көремін. Опера әншілері де, оркестр де өте жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сондай-ақ аспаптарда жеке нөмірлерді ұсынған театрдың гобой тобының концертмейстері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дамиля Махпированың, бірінші скрипкалар тобының концертмейстері Әнел Шәкірова мен флейташы Александр Тараскиннің дәулескерлігін ерекше атап өткім келеді. Біздің шағын ғана қаламызға елордадан осындай әйгілі ұжымның екінші рет келгеніне өте қуаныштымыз, – деп алған әсерімен бөлісті Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкері Айгерім Абдуллина.

Бұдан бөлек, екі алаңда да, яғни «Өнер орталығы» концерт залы мен Мәдени демалыс орталығының фойелерінде enERGy of Earth тақырыптық фотокөрмесінің жайғасуы гастроль аясындағы тағы бір ерекше оқиға болды. Көрермендер табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру сынды өзекті тақырыптарды көтерген бұл фотокөрмені асқан құлшыныспен тамашалап, олардың фонында қуана суретке түсіп жатты. 

– Биыл ұжымымыз Павлодар, Ақтөбе мен Хромтауда табысты өнер көрсетті, бұл  ERG компаниясының қолдауы арқасында мүмкін болды. Әртістерімізді және сахна сыртында еңбектенген барлық қызметкерді гастрольдің сәтті аяқталуымен шын жүректен құттықтаймын, әріптестеріме шалқар шабыт пен зор жетістіктер тілеймін, – деп қорытындылады «Астана Опера» директоры Александр Совостьянов. 

Гастроль аншлагпен өтіп, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының және Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін ғана емес, екі қала тұрғындары мен қонақтары үшін де айтулы оқиғаға айналды. Өздерінің өнер көрсетулері арқылы өңір тұрғындарының рухын асқақтатып, ұмытылмас әсер сыйлаған «Астана Опера» әртістері жанкүйерлерімен қайта жүздесетін сәтті тағатсыздана күтеді.