Ине-жіптен жаңа шыққандай кейінгі үлгіде әрленген жайлы мектептер зәулім сарайдай болып қозыкөш жерден-ақ көз тартады. Заманауи талаптарға сай технологиялармен жабдықталған білім ошақтарын салудан елорданың іргесіндегі Ақмола өңірі көш бастағаны жиі айтылады. Өңірде үш ауысымды оқытудың түбегейлі шешілгені айтылып жатады. Бір қарағанда бәрі керемет секілді, алайда түйткілдер әлі де барын жасырмау қажет.
Ақмолада бірнеше мектептің құрылысы мен күрделі жөндеуіне қатысты дау тұтас қоғамды алаңдатып отыр. Уақытында аяқталмаған жұмыстар, сапасыз құрылыстар мен күмәнді жобалық шешімдерден көз сүрінеді. Құжатсыз талан-таражға түскен жүздеген миллион теңге қулығына құрық бойламайтындардың аранына кете барғанын да бағамдауға болар. Кезекті оқу жылы мәресіне жеткенімен, мәселе өңірдің қоғамдық кеңесінің соңғы отырысында тағы бір мәрте көтерілді.
Аймақта «сақалды» құрылыстар мен сиырқұйымшақтанған жөндеу жұмыстарының классикалық үлгісі, яғни қаржының жетіспеуінен құрылыс жұмыстарын уақытша тоқтатып, келер жылы түзету енгізіп, бюджеттің бүйірінен қомақты қаржыны қамтып қалу әдетке айналған. Мәселен, Көкшетаудағы №14 мектептің күрделі жөндеуі осы мәселелердің ең айқын мысалы болды. Күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген 783 миллион теңгеге бағаланған жоба сонау 2023 жылдан бері аяқталмай келеді.
Ақмола облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, жөндеу жұмыстары басталған сәттен-ақ мердігер тарапынан мерзім бұзу мен сапаға қатысты кемшіліктер анықталған. Авторлық және техникалық қадағалау бірнеше мәрте ескерту жасаған.
Мектеп әкімшілігі тіпті мердігермен келісімді бұзу үшін сотқа да жүгініпті. Бірақ сот «мерзім әлі аяқталмаған» деген уәжбен талапты қанағаттандырмаған көрінеді. Осылайша, уақыт ұтқан компания жұмысты әрі қарай жалғастыра берген. Білім ошағы толық аяқталмай жатып оқу жылын бастауға мәжбүр болған. Мердігердің жауапсыз тірлігінің салдарынан қомақты қаражат жұмсалғанымен, іс жүзінде мектептің ауласы абаттандырылмаған, спорт алаңы бітпей, автоматты өрт дабылы орнатылмаған күйі қалған. Ең сорақысы – жүздеген миллион теңгенің жұмысы техникалық құжаттармен расталмаған болып шықты.
Құрылыс саласының ардагері, тәуелсіз сарапшы Серік Қасымовтың пікірінше, бүгінгі басты проблема – мердігер таңдаудағы жүйенің әлсіздігі.
– Қазір тендерді көбіне ең арзан баға ұсынған компания ұтып алады. Бұл мемлекеттік сатып алуы жүйесіндегі жазылмаған қағидаға айналып кеткен. Алайда олардың бұл саладағы тәжірибесі, техникалық мүмкіндігі, кадрлық әлеуеті екінші орынға ысырылып қалады. Соның кесірінен әлеуметтік нысандарды жауапкершіліктен жұрдай компаниялар алып жатыр. Қомақты қаржыны қалтасына басқанымен, құрылыстың артын сиырқұйымшақтатып, оның арты үлкен дау-дамай туғызатын жайлар жетіп артылады, – дейді Серік Қасымов.
Көкшетаудағы Сарыарқа ықшамауданында салынған №20 «Жайлы мектеп» те қоғам назарынан тыс қалмады. Алыстан мен мұндалай көрінетін 1 500 орындық заманауи білім ордасында 45 түрлі сәйкессіздік анықталған болып шықты. Қоғам белсенділері әсіресе дабыл қондырғысы, бейнебақылау, желдету жүйесі, шатыр сапасы бойынша көптеген ескерту болғанын айтады. Кейін шенеуніктер кемшіліктер жойылды деп мәлімдегенімен, жұртшылықтың көкейіндегі күмән сейілер емес.
Қоғамда кейінгі уақытта көп айтылып, ащы резонанс тудырған ең даулы мәселелердің бірі – «Білім-Инновация» интернатының құрылысы. Бастапқыда жоба-жоспарға сәйкес, 1 200 орындық мектеп болған. Кейін жоба өзгеріп, 588 орындық мектеп-интернатқа айналған. Соған сәйкес, құны да бір-ақ сәтте қымбаттап шыға келеді. Қоғам белсендісі Игорь Плюсниннің айтуына қарағанда, бірінші қабаты толық бітпеген ғимаратта құжат бойынша шатыр, желдету жүйесі, жасанды шөп, едендер мен төбелер әлдеқашан «орнатылып қойған».
Жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы да 652 миллион теңгеге қатысты сәйкессіздік анықтап берді. Басқарма өкілдері мұны «Құжат уақытында тапсырылмаған» деп түсіндіруге тырысқанымен, қоғам үшін мұндай уәж сенімді естілмейтіні анық.
Қоғамдық кеңесте ең алаңдатқан жайттардың бірі – құрылыс материалдарының іс жүзінде ауыстырылуы. Мәселен, тұтас кірпіштің орнына ортасы қуыс кірпіш қолданылғаны айтылды. Қоғам белсенділері мұндай шешімнің қауіпсіздігіне күмән келтірді. Құрылыс инженері Нұрлан Жүнісов мұндай өзгерістер міндетті түрде қайта сараптамадан өтуі тиіс екенін алға тартты.
– Егер жоба бойынша бір материал екіншісімен ауыстырылса, міндетті түрде қайта есеп жүргізілуі керек. Әсіресе, мектеп секілді әлеуметтік нысандарда бұл өте маңызды. Себебі жүктеме, температуралық төзімділік, өрт қауіпсіздігі сияқты аса келелі мәселелердің бәрі соған байланысты, – дейді Нұрлан Жүнісов.
Аймақ халқын толғандырған тағы бір аса өткір мәселе – облыс орталығында бала санының көптігінен білім ошақтары белгіленген межесінен бірнеше есе артық баланы оқытуға мәжбүр. Мәселен, қаланың қақ ортасындағы №1, №2, №8 мектепте орын жетіспейді.
Ал жаңа мектептер көбіне қаланың шеткі жағындағы жаңа ықшамаудандарына салынып жатыр. Бұл түйткілге қатысты жергілікті шенеуніктер орталықта бос жер жоқ екенін алға тартады. Егер мектеп салынса, жер телімдерін сатып алу керек, бұл жобаны қымбаттатады дейді. Бірақ сарапшылар мәселенің түп-төркіні дұрыс жоспарлауда екенін айтып отыр.
Урбанистика маманы Әлібек Төлеуовтің пікірінше, әлеуметтік инфрақұрылым тұрғын үй құрылысынан кейін емес, сонымен қатар жүруі тиіс.
– Бізде мүлде ақылға сыймайтын бір парадоксты жағдай жиі көрініс табады. Алдымен тұрғын үй кешендері салынады, кейін ғана сол аймақта мектеп пен балабақша мәселесі көтеріледі. Соның салдарынан бүтін бір аудан шамадан тыс тығыздалып кетеді, – дейді Әлібек Төлеуов.
P.S.
Бүгінде өңірде көтерілген сұрақтардың нақты жауабы әлі жоқ. Түйткілдің түйіні жауапкершіліктің болмауы мен жүйенің жөнсіздігінде болса керек. Ал оны қалпына келтіру тұтас қоғамның қырағылығын қажет етеді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы










