Бұл ретте МИБ пен ПИК төрағалары шамадан тыс жүктемеге, кадр тапшылығына және жұмыс барысында туындайтын түрлі қиындықтарға тап болып отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл мәселелер «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында өткен өңірлік форумда талқыланды.
Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов, депутаттар, мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің өкілдері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының сарапшылары қатысты.
Бүгінде өңірде 1 920 көпқабатты тұрғын үй бар. Оның ішінде 502 МИБ және 198 ПИК тіркелген. Күрделі жөндеу және абаттандыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатқанына қарамастан, салада жүйелі мәселелер де бар . Атап айтқанда, тұрғын үй қорының тозуы, білікті мамандардың жетіспеушілігі және күрделі жөндеуге арналған жинақ көлемінің төмендігі өзекті болып отыр.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың айтуынша, тұрғын үйлерді тиімді басқару үшін қаржының ашықтығын, тұрғындардың белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, цифрлық шешімдерді енгізу қажет.
«Т ұрғын үй реформасы – бір реттік науқан емес. Бұл – адамдармен, тұрғын үйлермен және заңнамамен күн сайын жүргізілетін жүйелі жұмыс. М емлекет – қолайлы жағдай жасауы керек, бизнес – тиімді шешімдер ұсынуға тиіс, ал меншік иелері – өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауы қажет. Нақты нәтижеге тек осы үш тараптың өзара үйлесімді іс-қимылы арқылы ғана қол жеткізуге болады. Солтүстік Қазақстан облысы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесі ашық, кәсіби және әр тұрғынға түсінікті болатын өңірге айналуды мақсат етеді. Бүгінгі форум – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі» , – деді өңір басшысы.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Александр Данилов ТКШ реформасы азаматтардың тұрмыс жағдайына тікелей әсер ететінін атап өтті.
« МИБ пен ПИК төрағалары күн сайын тұрғындармен тікелей жұмыс істеп, олардың мәселелерін нақты біледі. Сондықтан партия бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді, атап айтқанда оқыту бағдарламаларын ұйымдастыруды, қалалық кеңестер құруды және әкімдіктермен өзара іс-қимылды кеңейтуді жоспарлап отыр. Біздің басты міндетіміз – тұрғын үйлерді басқару жүйесін кәсіби, ашық және тиімді ету» , – деді Александр Данилов.
Форумға қатысушылар ТКШ саласын цифрландыру, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының аясын кеңейту, «OSI-SKILLS» оқыту семинарларын іске қосу, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ПИК төрағасы «AMANAT» партиясының қатарына қосылды. Саланың үздік мамандары алғыс хатпен және құрмет грамотасымен марапатталды.









