Аманатқа адалдық – қастерлі борыш

– Қос мерекенің мән-мазмұны – үн­дес, тағылымы – ортақ. Осы мейрамдарда еліміздің ерлік дәстүрі кеңінен дәріптеледі. Біз бұл күндері жұртымызға қорған болып жүр­ген ерлерге құрмет көрсетеміз. Сон­дай-ақ сұрапыл соғыста Отан үшін от кеш­кен батырлардың рухына тағзым ете­міз. Қазақ – шекарасын ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен бекемдеген қаһарман халық, ержүрек ұлт. Батыр баба­лары­мыз ел тағдыры сынға түскен сәтте бір Тудың астына жиналған. Бірлігін ны­ғайтып, жұртын жаудан қорғаған. Байтақ даланы көздің қарашығындай сақтап, ұрпаққа аманат еткен. Осы аманатқа адал болу – біздің қастерлі борышымыз. Бір­тұтас Қазақстан халқы мұны жақсы тү­сі­неді. Наурыз айындағы конституциялық ре­форма – соның айқын дәлелі. Саяси нау­қан кезінде біз ең алдымен өскелең ұр­пақ алдындағы жауапкершілікті терең се­зіне отырып, тарихи таңдауымызды ж­а­са­дық. Бәріміз бір ел болып, жаңа Конс­ти­туцияны қабылдадық. Мұны ұлт бо­ла­шағына тікелей ықпал ететін аса маңызды ше­шім десек, қате болмайды, – деді Прези­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Конституция мем­лекеттігіміз бен егемендігіміздің мыз­ғымас кепілі екенін атап өтті.

– Бас құжатта халқымыздың мүддесі, мақ­сат-мұраты мен бірегей құндылықтары кө­рініс тапты. Жаңа Ата заңда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, азаматтардың құ­­­­қықтары мен бостандықтарын сақтау, хал­қымыздың әл-ауқатын арттыру, бір­лігін күшейту бұлжымас қағидат ретінде айқындалды. Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Осылайша, біз Заң мен тәртіп үс­темдік құратын, баршаға бірдей мүм­кін­дік берілетін, Әділетті, Қуатты, Өр­ке­ниет­ті мемлекет құру жолына бет алдық. Қа­зақ­станның мақсаты – биік, бағдары – айқын. Ырысты ынтымағымызды және бере­келі бірлігімізді сақтай білсек, осы мұра­тымызға жетеміз, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент егемен еліміз Қарулы Күш­терге зор сенім артып отырғанына тоқ­талды.

– Бүгінде Қазақстанның айбынды армиясы батыр бабалардың даңқты жо­лын лайықты жалғастырып келеді. Са­йып­қы­ран сарбаздарымыз – қасиетті Тәуелсіз­дігіміз­дің берік қалқаны. Олар елі­міздің тыныштығын, жеріміздің тұтастығын қас қақпай күзетіп тұр. Күштік құрылымдар заң үстемдігін, қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Құтқару­шылар қатер­ден қаймықпай азаматтардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етіп жүр. Жауын­герлеріміз күрделі міндеттерді табысты орындап, халықаралық тұрақты­лықты нығайту ісіне де зор үлес қосуда. Қазақ­стан – Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік миссиясын дербес орындау мәртебесіне ие болған Тәуелсіз Мемле­кеттер Достастығы ішіндегі жалғыз мем­лекет. Бұл әлем елдерінің қазақ армиясына деген сенімі жоғары екенін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сарбаздарымыз арнайы жасақтар мен күштік құрылымдар арасындағы жаһандық додаларда тамаша жетістікке қол жеткізіп жүргенін айтты.

– Биыл Дубайда өткен ауқымды ха­лық­аралық жарысқа еліміздің бес ко­ман­дасы қатысып, жүлдемен оралды. Байрақ­ты бәсекеде бірінші және екінші орынды Қазақстан құрамасы еншіледі. Әсіресе, әйелдер арасында топ жарған «Томирис» командасының қарым-қабілетіне жаһан жұрты тәнті болды. Мұның бәрі де – рухы мықты, қажыр-қайраты мол, Отан алдын­дағы антқа адал сарбаздарымыздың ерен еңбегінің жемісі екені айқын. Мемлекет осындай айбынды жауынгер­лерімізді қашанда қолдайды. Бұл – ең алдымен, ел мүддесі үшін, яғни, ұлтымыз­дың келешегі үшін аса маңызды міндет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бүгінгі таңда ар­мияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға қажетті барлық шара қабылданып жатқа­нына назар аударды.

– Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жыл­дары әскери қызметшілерге, құқық қор­ғау және арнаулы органдар қызметкер­леріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсыр­ма бердім. Парламентте үздік білім алу­шыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, еліміздің аумақтық тұтастығын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, «Заң және тәртіп» идеологиясын орнықтыру жауапты әрі жасампаз патриотизммен тығыз ұштасатын аса маңызды міндет.

– Біз құқықтық нигилизмге жол бермейтін, аңыздағы немесе қолдан жасалған «батырларды» емес, бұрынғы және бүгінгі нағыз қаһармандарды құрмет тұтатын үйлесімді қоғам құруымыз қажет. Туған елі мен халқының игілігі жолында адал қызмет еткен, ар мен намысты бәрінен биік қойған азаматтар жастарға үлгі болуға тиіс. Олардың қатарында қаза тапқаннан кейін ерліктері мен батыр­лықтары еленіп, орден-медальмен ма­рапат­талған әскерилер, полицейлер, құт­қару­шылар, арнаулы орган қызмет­керлері де аз емес. Менің бастамаммен олардың есімі көшелер мен түрлі мекемеге беріліп жатыр. Мұндай тәсілді ведом­стволық наградаға қатысты да пайдалануға болады. Осындай алғашқы марапаттың бірі – он бес жыл бұрын жанынан безген терро­ршыны ұстау барысында қаза тапқан полиция капи­таны Ғазиз Байтасов атын­дағы медаль. Біздің мақсатымыз – батыр­ларымыздың ерлігін мәңгі есте қалдыру, отандастары­мыздың жарқын бейнесін жүрегімізде сақтау, өскелең ұрпақты нағыз ерлікке, қайсарлыққа және шынайы патриотизмге тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, ерлік ешқашан ескірмейді.

– Баһадүр бабаларымыз рухы асқақ, намысы биік екенін ерен ерлігімен дәлел­деп келді. Даңқты ерлеріміз Екінші дүние­жүзілік соғыс кезінде қайтпас қайсарлық­тың озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Алайда көптеген майдангердің ерлігі еленбей қалғаны да жасырын емес. Ұлтына қорған болған ержүрек жауынгер­лердің есімін ұрпақ жадында сақтауымыз керек. Бұл – біздің перзенттік парызымыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы орайда отандасымыз Кенжебай Мәденовтің ерлігін ерекше атап өтті.

– Ұлы Отан соғысының соңында ол взвод командирі ретінде қандыкөйлек жолдастарымен бірге Берлиннің Ратуша ғимаратына Жеңіс туын ілді. Бұл нацистік режимнің күйреуін көрсеткен, майдан­герлердің рухын көтерген, шабуылды одан әрі үдете түсуге дем берген сәт еді. Оның қаһармандық жолы туралы маршал Геор­гий Жуков және басқа да мықты қолбас­шылар, сондай-ақ жеңіспен аяқталған қанды шайқас жөнінде қалам тербеген журналистер де жазды. Өкінішке қарай, бұл тарихи мән-маңызы айрықша даңқты ерлік осы кезге дейін лайықты бағасын алған жоқ. Сондықтан мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен жанқиярлығы мен батылдығы үшін марқұм Кенжебай Мә­деновке «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойдым. Осылайша, біз бүгін бір ел болып тарихи әділдікті қалпына келтіріп отырмыз, – деді Мем­лекет басшысы.

Президент Қазақстан өткенге зор құрметпен, болашаққа үлкен үмітпен қарайтын бейбіт ел екенін жеткізді.

– Біз кез келген қақтығыс дипломатия­лық жолмен, келіссөздер арқылы шеші­луге тиіс деп есептейміз, әрқашанда «ас пен тас» стратегиясын жүргізуге дайын б­олуы­мыз қажет. Біз халықаралық құқық қағи­даттары мен нормалары қатаң сақ­талуы керек деп санаймыз. Қазақстан әлемнің барлық елімен достық қарым-қатынасын нығайта береді. Осы мыз­ғымас ұстанымдар жаңа Ата заңымызда нақты айқындалды. Бірақ бұл қамсыз отыру қажет деген сөз емес. Еліміз түрлі сын-қатердің алдын алуға және кез келген қауіпке төтеп беруге дайын болуға тиіс. Сондықтан мемле­кетіміздің қорғаныс қабілетін күшейтіп, әскерімізді ең бірінші кезекте техно­логиялық тұрғыдан жаңғырта беруіміз қажет. Бұл – қазіргі тұрақсыз, құбылмалы заманның талабы, соны ескере отырып, ең алдымен, Қарулы Күштерімізді және әскери мекемелерімізді түбегейлі рефор­малау керек. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет, оны созбай, екі жыл ішінде орындау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халқымызда «Ба­тыр елі үшін туады» деген сөз барын, елге қорған болу ең абыройлы қызмет екенін айтты.

– Нағыз патриот азамат үшін бұдан асқан мәртебе жоқ. Күштік құрылым қызметкерлерінің күнделікті табанды еңбегі ел үшін жасалған ерлік екені сөзсіз. Сіздер әрқайсыңыз сертке берік болып, Отан алдындағы міндеттеріңізді мінсіз орындап жүрсіздер. Мен Мемлекет бас­шысы және Жоғарғы Бас Қолбасшы ретінде баршаңызға шынайы ризашылы­ғымды білдіремін. Бүгін сіздерге әскери атақ пен сыныптық шен беру туралы тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұған қоса, бір­қатар азаматты жоғары мемлекеттік награ­дамен марапаттау туралы шешім қабыл­дадым. Баршаңызға құтты болсын! Өскелең ұрпақ сіздерге қарап бой түзейді, туған елге адал болуды үйренеді. Сіздер жастарға үлгі болып, жол көрсетіп, әрдайым ұлт мүд­десіне қызмет ете бере­сіздер деп сенемін. Айбынды армия­мыздың абыройы арта берсін! – деді Президент.