Қызылордада өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қызылорда қаласында «Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аударуы» бағдарламасы аясында  Enbek hub – QYZYLORDA өңіраралық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шараны облыстық прокуратура, облыстық «AMANAT» партиясы филиалы, «Жастар Рухы» жастар қанаты және облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Ауқымды шараға 1 500-ге жуық жұмыс іздеуші жиналып, 10 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Ерекшелігі – тек жергілікті жұмыс берушілер ғана емес, еліміздің еңбек күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерінен келген компаниялар да қатысты. Атап айтқанда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынан мыңдаған вакансия ұсынылды.

Жәрмеңке барысында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 5 түлегіне тұрақты жұмысқа жолдама табысталып, пробация есебіндегі 6 азаматқа да еңбекке орналасу мүмкіндігі берілді. Қатысушылар жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен ақпарат алды.

Шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова, облыс прокурорының міндетін атқарушы Исламбек Төлегенов, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Облыстық «AMANAT» филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова мұндай алаңдардың маңызын атап өтті:

«Бұл жәрмеңке – тек жұмыс табу мүмкіндігі ғана емес, азаматтардың жаңа өңірлерде өмір бастауына жол ашатын нақты тетік. Мемлекет пен «AMANAT» партиясы тарапынан ұсынылатын қолдау шаралары жыл сайын жетілдіріліп, қоныс аударушыларға тұрғын үй, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделу бағытында жан-жақты көмек көрсетілуде. Сонымен қатар  партияның «Жастарға жұмыс» жобасы аясында жастарды тұрақты еңбекпен қамтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бастама арқылы мыңдаған жас маман алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтап, өз кәсіби жолын бастауға мүмкіндік алды. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азаматтың, жастың тұрақты табысқа қол жеткізіп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау», – деді ол.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, соңғы 6 жылда Қызылорда облысынан 710 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударып, тұрғын үй, тұрақты жұмыс және қаржылай қолдауға ие болған.

Жәрмеңкеге қатысушы, жұмыс іздеуші азамат Арнұр Ескербай өз әсерін бөлісті:

«Мен бүгін бірнеше жұмыс берушімен тікелей сөйлесіп, өзіме лайықты бос жұмыс орындары туралы нақты ақпарат алдым. Әсіресе, солтүстік өңірлерде ұсынылатын әлеуметтік қолдау, тұрғын үймен қамтамасыз ету және тұрақты жалақы мәселелері көңілімнен шықты. Бұрын қоныс аудару жайлы тек жалпы түсінігім болса, бүгін барлық шарттар жан-жақты түсіндірілді. Егер ұсыныстар толық сәйкес келсе, жаңа өңірге барып, еңбек етуге дайынмын. Мұндай жәрмеңкелер жастар үшін өте тиімді, себебі жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасында тікелей байланыс орнап, уақыт жоғалтпай нақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – деді қала тұрғыны.

Жәрмеңке қорытындысы бойынша, 200-ден астам азамат жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жолдама алып, 80-ге жуық тұрғын басқа өңірлерге көшуге ниет білдірді.