Соның салдарынан БЖЗҚ-дағы жинағының бір бөлігін баспана алуға, ипотека төлеуге немесе емделуге жұмсай алатын азаматтардың қатары күрт азаймақ. Сарапшылар пікірі де екіге жарылып отыр. Бірі «зейнетақы жинағы – ай сайын жинап шешіп алатын депозит емес, қарттықтың қамын жасайтын құрал» дейді. Ал енді бірі «табысы төмен халық қаржысын бүгін қолдануға құқылы» деген пікірді алға тартады. Қордағы қаржы қымбатшылықтың құрбанына айналып бара жатқанын назарға алсақ, елдің елеңдейтіндей де жайы бар секілді.
Жаңа талапқа сәйкес, 20 жастағы азаматтың жинағында кемінде 6,67 млн теңге болуы қажет. 30 жастағылар үшін бұл көрсеткіш 9,75 млн теңгеге, 40 жастағылар үшін 13,37 млн теңгеге жеткен. Ал жасы ұлғайған сайын талап та күшейе түседі. Мәселен, 50 жастағы азаматтың шотында кемінде 17,59 млн теңге, ал 60 жастағы адамның жинағында 22,5 млн теңге болуы керек.
БЖЗҚ түсіндіруінше, шектің көтерілуі болашақ зейнетақы төлемдерінің көлемін арттыруға бағытталған. Қордың мәліметінше, зейнет жасына жақындаған сайын адамға қажет болатын жинақ көлемі де ұлғаяды. Сондықтан зейнетақы шотында көбірек қаражат қалдыру көзделіп отыр.
Алайда жаңа талаптарға жету үшін азаматтардың ресми табысы қандай болуы керек деген сұрақ туындайды. Сарапшылардың есебіне сүйенсек, бүгінгі шекке жету, әсіресе жастар үшін өте күрделі міндетке айналып отыр. Мысалы, 20 жасында жинағында 6,67 млн теңге болуы үшін азамат еңбек жолын бастаған сәттен ай сайын шамамен 2,8-2,9 млн теңге көлемінде ресми жалақы алуы қажет. Қазақстандағы еңбек нарығын ескерсек, мұндай табыс жастардың басым бөлігі үшін қолжетімсіз. 30 жасқа қарай белгіленген 9,75 млн теңгелік шекке жету үшін де жағдай оңай емес. Сарапшылардың есептеуінше, азамат 18 жастан бастап үздіксіз жұмыс істеп, ай сайын шамамен 630-650 мың теңге көлемінде ресми табыс көрсетуге тиіс. Ал еңбек жолының алғашқы жылдарында мұндай жалақы алатындардың саны аз.
Айта кетейік, бұл – биылғы екінші өзгеріс. Бұған дейін 2026 жылдың қаңтарында жеткіліктілік шегі 10 пайызға көтерілген болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай шешімді болашақ зейнетақының мөлшерін сақтау қажеттілігімен түсіндіреді. Ведомствоның мәліметінше, соңғы бес жылда қазақстандықтар БЖЗҚ-дан шамамен 5 трлн теңге қаражат алған. Оның басым бөлігі жастардың үлесіне тиесілі. Министрлік өкілдері мұндай үрдіс жалғаса берсе, болашақта көптеген азаматтың жинағы жеткіліксіз болып, тек ең төменгі базалық зейнетақымен шектелу қаупі бар екенін айтады.
БЖЗҚ-ның соңғы жариялаған 2024 жылғы есебі қазақстандықтардың басым бөлігінің зейнетақы жинағы әлі де салыстырмалы түрде төмен деңгейде екенін көрсетеді. Міндетті зейнетақы жарналары бойынша жинағы бар шоттардың жартысынан астамында 1 млн теңгеден аз қаражат жиналған. Қор мәліметіне сәйкес, салымшылардың 50,4 пайызының немесе шамамен 5,6 млн адамның шотындағы жинақ көлемі 1 млн теңгеге жетпейді. Ал 1 млн теңгеден 3 млн теңгеге дейін жинағы бар азаматтардың үлесі 26 пайызды немесе 2,9 млн адамды құрайды.
Сонымен қатар салымшылардың 11,5 пайызында 3-5 млн теңгеге дейін қаражат жиналған. Бұл шамамен 1,3 млн шотқа тең. Ал шотында 5-8 млн теңгеге дейінгі қаржысы бар азаматтардың саны 1 млннан асады немесе барлық салымшылардың 9,1 пайызын құрайды.
Ең жоғары санатқа жататын, яғни шотында 8 млн теңгеден астам қаражаты бар азаматтардың үлесі небәрі 2,9 пайыз болды. Сандық мәнде бұл шамамен 328 мың адамға тең.
Халық неге наразы?
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген жеткіліктілік шегінің күрт көтерілуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Экономист Айбар Олжайдың пікірінше, халықтың наразылығы – түсінікті құбылыс.
– Халықтың наразылығы түсінікті. Көп адам ай сайын қорға түсіп жатқан ақшаны ипотеканы жабуға немесе тұрғын үй мәселесін шешуге бағыттап отырды. Енді ол мүмкіндік айтарлықтай шектеліп қалды. Сондықтан адамдар бұл қаражатты өз ақшасы ретінде қабылдайды және оған қол жеткізу қиындаған сайын сұрақтар көбейеді. Мұндай реакцияны табиғи құбылыс деп бағалау керек. Өйткені көптеген отбасы осы тетік арқылы тұрғын үй мәселесін шешіп үлгерді, – дейді ол.
Осы пікірмен экономист Мақсат Халық та ішінара келіседі. Оның айтуынша, мәселенің түп-тамыры жеткіліктілік шегінің өзінде емес, халықтың табыс деңгейінде жатыр.
– Бұл мәселенің әлеуметтік желіде кәдімгідей дау туғызып жатқанын көріп отырмын. Бұған дейін де жеткіліктілік шегі халық үшін қолжетімсіз деңгейге көтерілген кездер болды. Сол уақытта да шекті көтермес бұрын халықтың нақты табысын арттыру қажет екенін айтқанбыз. Өйткені мәселе шектің жоғары болуында емес. Негізгі мәселе азаматтардың зейнетақы қорына жеткілікті қаражат жинай алмай отырғанында. Бұл – ең алдымен, халық табысының деңгейіне байланысты жағдай, – дейді сарапшы.
Шекті көтерудің экономикалық негізі
Жаңа шектерге қатысты пікірталас көп болғанымен, сарапшылар оның белгілі бір экономикалық негізі бар екенін де жоққа шығармайды. БЖЗҚ жеткіліктілік шегін есептеген кезде адамның жасы, болашақтағы өмір сүру ұзақтығы, күтілетін инвестициялық табыс және зейнетке шыққаннан кейінгі қажетті төлем көлемі ескеріледі.
Айбар Олжай бұл шешімнің түпкі мақсаты зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тәжірибесін біртіндеп тоқтату болуы мүмкін деп есептейді.
– Негізгі идеясы – осы тетікті біртіндеп тоқтату. Бірақ бағдарламаны бірден жауып тастау оңай емес, өйткені оған байланысты заңнамалық жұмыстар көп жүргізілуі керек. Ал жеткіліктілік шегін көтеру үшін бір ғана бұйрық жеткілікті. Сондықтан қазір ең оңай әрі жылдам жол осы болып тұр. Меніңше, бұл шешім тіпті кеш қабылданды. Негізі, екі жыл бұрын не бағдарламаны жабу керек еді, не жеткіліктілік шегін көтеру қажет болатын, – дейді экономист.
Ал Мақсат Халық есептеу тәсілінің өзіне үлкен күмән келтірмейді.
– Зейнетақы жүйесінде актуарлық есептер қолданылады. Онда адамның зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру кезеңі есептеледі және сол уақытқа жететін қаражат көлемі анықталады. Сондықтан қазіргі есептеулердің өзіне күмән келтіре алмаймын. Өйткені соңғы жылдары инфляция жоғары болды, өмір сүру құны айтарлықтай өсті. Мұның барлығы ұзақмерзімді болжамдарға әсер етеді. Сол себепті жеткіліктілік шегінің өсуінің белгілі бір экономикалық негізі бар деп ойлаймын, – дейді ол.
Сонымен бірге сарапшыны алаңдататын тағы бір мәселе бар. Оның пікірінше, соңғы жылдары зейнетақы жүйесіне қатысты қабылданған шешімдерде жүйелілік жетіспейді.
– Жалпы алғанда, зейнетақы жүйесінде жүргізіліп отырған саясат дұрыс емес деп есептеймін. Бірде рұқсат беріп, кейін шекті көтеріп жібереді, халық шулаған соң қайта төмендетеді, артынан тағы өсіреді. Бұл нақты әрі ұзақмерзімді стратегияның жоқ екенін көрсетеді. Қаржы жүйесіне қатысты шешімдер тұрақты болуы керек. Азаматтар бірнеше жылдан кейін қандай ереже жұмыс істейтінін алдын ала білуі қажет. Өкінішке қарай, бізде бұл мәселеде болжамдылық жетіспейді, – дейді Мақсат Халық.
Кейбір сарапшылар жеткіліктілік шегінің көтерілуін халық үшін жағымсыз шешім болғанымен, зейнетақы жүйесінің логикасы тұрғысынан орынды қадам деп бағалайды. Қаржы сарапшысы Андрей Чеботаревтің пікірінше, соңғы жылдары қазақстандықтар зейнетақы жинағын тұрғын үй немесе емделу шығындарын жабатын қосымша қаржы көзі ретінде қабылдап кетті. Алайда жинақтаушы жүйенің бастапқы мақсаты мүлде басқа.
– Көпшілік мұны шектеу ретінде қабылдап жатыр. Шын мәнінде, бұл – шектеу ғана емес, белгілі бір деңгейде мерзімінен бұрын алуға қойылған тосқауыл. Бірақ мен мұны дұрыс шешім деп санаймын. Өйткені зейнетақы жинағы тұрғын үй алуға немесе күнделікті мәселелерді шешуге арналған қаражат емес. Оның негізгі мақсаты – адамды қартайғанда табыспен қамтамасыз ету. Бүгін шешілген мәселе ертең үлкен шығынға айналуы мүмкін, – дейді сарапшы.
Чеботаревтің айтуынша, мерзімінен бұрын алынған қаражаттың шығыны тек алынған сомамен шектелмейді. Азаматтар болашақтағы инвестициялық табыстан да қағылады. Сондықтан зейнетақы жинағын қазіргі қажеттілік үшін пайдалану мен болашақтағы қаржылық тұрақтылықтың арасында таңдау жасауға тура келеді.
– Зейнетақы жинағы қарапайым депозит немесе қиын күнге сақталған қор емес. Бұл – ондаған жыл бойы жұмыс істеуі тиіс ұзақмерзімді қаржы. Адам бүгін сол ақшаны алған кезде тек жинақтың өзін ғана емес, болашақтағы инвестициялық табысты да жоғалтады. Көпшілік күрделі пайыздың әсерін бағалай бермейді. Ал ұзақ мерзімде дәл сол табыс жинақ көлемін бірнеше есе арттыруы мүмкін, – дейді ол.
Баспанаға жол ашып, бағаны да өсірді
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану тетігі алғаш енгізілген кезде қоғам оны оң қабылдады. Мыңдаған адам баспана сатып алып, ипотекалық қарызын азайтты. Алайда бұл шешімнің жанама әсерлері де байқалды.
Айбар Олжайдың пікірінше, тұрғын үй бағасының қымбаттауына осы тетік те ықпал еткен.
– Соңғы жылдары тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі де әсер етті. Әсіресе, 2024-2025 жылдары нарықтағы сұраныстың артуына бұл тетіктің ықпалы байқалды. Сондықтан қазіргі шешімді тұрғын үй нарығындағы теңгерімді қалпына келтіруге бағытталған қадамдардың бірі ретінде қарастыруға болады. Нарыққа көп көлемде ақша түскен кезде бағаның өсуі де заңды құбылыс. Сондықтан бұл шешімнің оң және теріс жақтарын бірге қарау қажет, – дейді ол.
Сарапшының айтуынша, бұл тәжірибе пандемия кезеңінде антикризистік шара ретінде пайда болған еді.
– Пандемия кезінде экономикаға қосымша серпін беру үшін халықтың қолындағы қаражат көлемін арттыру қажет болды. Соның нәтижесінде құрылыс пен сауда секторларында белсенділік байқалды. Алайда бұл тұрғын үй бағасының өсуіне де ықпал етті. Сондықтан бұл шешімнің пайдасы мен зиянын біржақты бағалау қиын. Бір жағынан, мыңдаған адам баспаналы болды, екінші жағынан, тұрғын үй нарығындағы инфляция күшейді. Дегенмен бұл тетік өз кезеңінде экономикаға белгілі бір серпін берген антикризистік құрал ретінде маңызды рөл атқарды, – дейді Айбар Олжай.
Мәселе шекте емес, жинақтың табыстылығында
Мақсат Халықтың пікірінше, бүгінгі даудың негізгі себебі жеткіліктілік шегінен де тереңде жатыр. Ол зейнетақы жинақтарының табыстылығы мен қор активтерін басқару сапасына қатысты мәселелерді көтереді.
– Ұзақ уақыт бойы зейнетақы қорындағы жинақтардың табыстылығы инфляциядан төмен болып қалды. Демек, халықтың жинаған ақшасының бір бөлігін инфляция жеп қойды деген сөз. Бүгінде зейнет жасына жеткен азаматтардың қолына түсіп жатқан қаражат көлеміне көңілі толмайтынын көріп отырмыз. Сондықтан ең үлкен мәселе – жинақтың дұрыс басқарылуы, дұрыс инвестициялануы және сақталуы. Егер қаражат тиімді жұмыс істемесе, жеткіліктілік шегін қанша өзгерткенмен түбегейлі мәселе шешілмейді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, қор активтерінің басым бөлігі мемлекеттік облигациялар мен қазыналық құнды қағаздарға салынғандықтан, олардың табыстылығы шектеулі болып отыр.
– Менің ойымша, зейнетақы қорындағы активтерді басқару тәсілін де қайта қарау қажет. Қазір бұл қаражаттың едәуір бөлігі мемлекеттік облигациялар мен қазыналық құнды қағаздарға салынып отыр. Әрине, мұндай құралдар тұрақты саналады, бірақ олардың кірістілігі салыстырмалы түрде төмен. Сондықтан инвестициялық портфельді әртараптандыру мәселесіне көбірек көңіл бөлінуі керек. Мысалы, халықаралық ірі компаниялардың акцияларына инвестиция салу мүмкіндігін кеңейткен жөн. Ең бастысы, зейнетақы активтері инфляциядан жоғары табыс әкелетіндей саясат қалыптастыру қажет, – дейді Мақсат Халық.
Сарапшының пікірінше, мәселені тек зейнетақы жүйесі арқылы шешу мүмкін емес. Ол үшін халықтың табысын арттыру, инфляцияны тежеу және ұзақмерзімді экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажет. Сонда ғана жеткіліктілік шегі төңірегіндегі даулар азайып, азаматтардың болашақтағы зейнетақысына деген сенімі күшеймек.
Андрей Чеботаревтың сөзінше, зейнетақы қаражаты қорда қалуға тиіс деген ұстаным БЖЗҚ жұмысына сын айтылмауы керек дегенді білдірмейді. Оның пікірінше, азаматтардың жинағын қорғаудағы басты міндеттің бірі – қаражаттың нақты табыстылығын қамтамасыз ету.
– Ақшаның қорда қалғаны дұрыс, бірақ бір шартпен ғана: ол ақша тиімді жұмыс істеуі керек. Қазір қор портфелінің едәуір бөлігі қазақстандық мемлекеттік бағалы қағаздарға шоғырланған. Мұндай құралдар қауіпсіз болғанымен, табыстылығы жоғары емес. Сондықтан халықаралық нарықтарға, баламалы активтерге және ұзақмерзімді табыс әкелетін құралдарға көбірек инвестициялау қажет. Инфляция жоғары жағдайда жинақтың нақты құнын сақтау үшін инвестициялық саясатты жаңарту керек, – дейді Андрей Чеботарев.
Оның сөзінше, мәселенің түйіні мерзімінен бұрын алу мүмкіндігін кеңейтуде емес, жинақтардың тиімді басқарылуында жатыр. Егер қор активтері инфляциядан жоғары табыс әкелсе, азаматтардың да зейнетақы жүйесіне деген сенімі арта түсер еді.
Инфляция V/S инвестиция
Бірақ бүгінгі ахуал басқаша, өйткені қордың инвестициялық қызметі биыл айтарлықтай жоғары табыс көрсете алмағанын байқап отырмыз. Мәселен, БЖЗҚ мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қордағы зейнетақы активтерінің көлемі 25,7 трлн теңгеге жеткен. Жыл басынан бері қордың инвестициялық табысы 5,7 млрд теңгені құрағанымен, таза инвестициялық табыс 2,3 млрд теңге көлемінде теріс көрсеткіш көрсетіп отыр. Соған қарамастан зейнетақы активтерінің жалпы табыстылығы нөл пайыз деңгейінде қалыптасты.
Қор мұны ұлттық валютаның нығаюымен түсіндіреді. Жыл басынан бері теңге АҚШ долларына қатысты 8,4 пайызға күшейіп, доллар бағамы 505 теңгеден 463 теңгеге дейін төмендеген. БЖЗҚ портфелінің бір бөлігі шетел валютасындағы активтерге орналастырылғандықтан, теңгенің нығаюы олардың теңгемен есептегендегі құнын азайтқан. Нәтижесінде, бағамдық қайта бағалау әсерінен инвестициялық нәтижеге теріс ықпал еткен.
Дегенмен қордың басқа бағыттардағы кірістері оң болып қалды. Бағалы қағаздар бойынша сыйақы, купондық төлемдер мен дивидендтерден табыс түсті, алайда валюталық фактор бұл өсімнің басым бөлігін өтеп жіберген. БЖЗҚ қысқамерзімді көрсеткіштерге қарап қорытынды жасамауға шақырады. Қор дерегінше, соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің табыстылығы 8,57 пайызды құрап, салымшылар шоттарына 2 трлн теңгеден астам инвестициялық табыс есептелген.
Жеткілікті шекті айналып өтудің амалын тапқандар бар
Жеткіліктілік шегінің көтерілуі барлық салымшыға бірдей әсер етпейді. БЖЗҚ деректеріне сәйкес, соңғы бес жылда 252 мыңға жуық қазақстандық зейнетақы аннуитетін рәсімдеп, жинақтарының бір бөлігін сақтандыру компанияларына аударған. Осы кезеңде аударылған қаражат көлемі 1,12 трлн теңгеден асты. Әсіресе, 2024-2025 жылдары аннуитетке қызығушылық күрт өсіп, аударымдар рекордтық деңгейге жетті.
Қолданыстағы заңнама бойынша аннуитет шартын жасаған азаматтар үшін БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегі нөлге теңестіріледі. Соның нәтижесінде салымшы тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу немесе білім алу сияқты мақсаттарға қалған және болашақта түсетін зейнетақы жарналарын пайдалана алады. Аннуитет дегеніміз – жинақтың бір бөлігін сақтандыру компаниясына аударып, оның орнына өмір бойы ай сайынғы төлем алу тетігі.
Бұл құралдың артықшылықтары да бар. Азаматтар зейнетақы төлемдерін ресми зейнет жасына жетпей ала бастайды, ал сақтандыру компаниясы төлемдерді өмір бойы жүргізуге міндетті. Алайда аннуитет рәсімделгеннен кейін қаражатты БЖЗҚ-ға қайтару мүмкін емес, ал төлемдердің индексациясы әрдайым инфляцияны толық өтей бермейді.
Сонымен қатар бұл мүмкіндік барлық азаматқа қолжетімді емес. Ер адамдар аннуитет рәсімдеу үшін кемінде 9,1 млн теңге, әйелдер 11,9 млн теңге жинақтауға тиіс. Ал БЖЗҚ мәліметінше, 2025 жылдың басында бір салымшының орташа жинағы небәрі 1,96 млн теңгені құраған. Сондықтан аннуитеттің өзі де әзірге қазақстандықтардың шағын бөлігі үшін ғана қолжетімді қаржы құралы болып отыр.
Қордағы қаржы қозғалысы
Жалпы алғанда, жыл басынан бері қорға міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен 965,7 млрд теңге түскен. Сонымен қатар жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша тағы 219,2 млрд теңге аударылып, осы бағыттағы жинақ көлемі 1 трлн теңгеден асты. Жылдың алғашқы төрт айында БЖЗҚ салымшыларға 522,7 млрд теңге төледі. Қазір қорда 12,6 млн-ға жуық жеке зейнетақы шоты тіркелген. Оның ішінде 11,3 млн шот міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі. Сондай-ақ жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары бойынша 5,8 млн-нан астам шартты шот ашылған.
БЖЗҚ деректері зейнетақы жинақтарының негізгі бөлігі 31-60 жас аралығындағы азаматтардың қолында шоғырланғанын көрсетеді. Ең көп салымшы 31-40 және 41-50 жас топтарында тіркелген. Жалпы алғанда, қор активтері мен жарналар көлемі өсіп келе жатқанымен, қомақты жинақ қалыптастыру үшін азаматтарға ұзақ жылдар бойы тұрақты еңбек өтілі мен үздіксіз аударым қажет болып отыр.
Бір кезде тұрғын үй мәселесін шешудің тиімді құралына айналған зейнетақы жинағы енді қайтадан өзінің бастапқы міндетіне – қарттықты қамтамасыз ету функциясына оралып жатқандай. Алайда бұл өзгерістің қаншалықты сәтті болатыны жаңа шектерге емес, азаматтардың табысы қаншалықты өсетініне және қордағы қаражаттың қаншалықты тиімді басқарылатынына байланысты болмақ. Өйткені болашақ зейнетақының көлемін бүгінгі жинақ қана емес, сол жинақтың қаншалықты өсетіні де анықтайды.
Кәмила ДҮЙСЕН









