Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Кипр Президентіне ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи мәнін атап өтті.
– 2019 жылы Сыртқы істер министрі лауазымын атқарып жүргеніңізде елімізге келіп, Қазақстанның Еуропа Одағындағы сенімді досы әрі қолдаушысы ретінде әрекет ететініңізді мәлімдеген едіңіз. Бүгінде біз айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік деп сеніммен айтуға болады. Мемлекеттеріміздің астаналарында елшіліктерімізді аштық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсі іске қосылды, басқа да бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылды. Дегенмен екіжақты ықпалдастықты кеңейту үшін әлеуетіміз жеткілікті деп ойлаймын. Өз тарапымнан көптеген бағытта ынтымақтастығымызды одан әрі дамытуға күш салуға дайынмын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Никос Христодулидис Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғыс айтты.
– Сіздің еліңізге Кипрден тікелей қатынайтын алғашқы рейс арқылы іскерлік делегация өкілдерімен бірге ұшып келгеніме өте қуаныштымын. Елдеріміздің әлеуеті мол. Бүгінгі келіссөздер өзара ынтымақтастықты арттыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сондай-ақ Қазақстанға басқа лауазымда келіп отырмын. Қазіргі уақытта еліміз Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатыр. Аталған өңірдің маңызын және Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, Еуропа Одағы мен Қазақстан арасындағы ықпалдастықты одан әрі ілгерілету жолдарын талқылауға әзірмін, – деді Кипр Президенті.
Мазмұнды мәмілелер жалғасы
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никос Христодулидистің келіссөзі екі ел деле-гацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Мемлекет басшысы Кипр Республикасының Президенті дипломатиялық қарым-қатынастар орнаған сәттен бері елімізге алғаш рет тарихи сапармен келгенін атап өтті.
– Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз. Сапарыңыздың Кипр Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп жатқан кезеңде өтуі символдық мәнге ие. Осы орайда Сіздің жетекшілігіңізді жоғары бағалаймыз әрі маңызды миссияны табысты аяқтауыңызға тілектеспіз. Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында Кипрдің халықаралық аренадағы беделі айтарлықтай арта түсті. Біз Кипрмен сан қырлы серіктестікті дамытуға мүдделіміз. Екі ел арасындағы қарым-қатынас саяси деңгейдегі тұрақты байланыстар және дипломатиялық ведомстволар желісі арқылы сенімді түрде ілгерілеп келеді. Астана мен Никосия қалаларында елшіліктеріміздің ашылуы жүйелі әрі нақты ықпалдастықтың берік институционалдық негізін қалайды. Сіздің Ларнака – Астана бағытындағы алғашқы әуе рейсімен ұшып келуіңіздің символикалық сипаты айрықша. Өйткені бұл екі елді жалғайтын тікелей әуе қатынасының іске қосылғанын көрсетеді. Қазіргі сауда көлемі экономикаларымыздың нақты әлеуетіне толық сай емес екенін түсінеміз. Сондықтан ортақ мақсатымыз – саяси ерік-жігерімізді нақты экономикалық нәтижеге айналдыру, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Никос Христодулидиспен бірге ауқымды бизнес делегация келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды.
Мемлекет басшысының пікірінше, бизнес-форум мен Сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою іскерлік топтардың тікелей диалогын жолға қоюға септігін тигізеді.
– Қазақстан кипрлік компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек, парламентаралық байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды, – деді Президент.
Никос Христодулидис Астанаға сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын жеткізді.
– Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, финтех, инвестициялық қорлар, кеме қатынасы, туризм, білім беру, жаңартылатын энергия және инфрақұрылым екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына айнала алады. Бүгін «Астана» халықаралық қаржы орталығына баруды жоспарлап отырмын. Аталған орталықпен әріптестікті, әсіресе қаржы қызметтері мен «жасыл» қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде зор әлеует бар, – деді Кипр Президенті.
Мемлекет басшысы нәтижелі экономикалық күн тәртібіне қол жеткізу үшін үкіметтер күшін үйлестіру маңызды деп санайды. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеуді ұсынды. Президент Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру, сондай-ақ сауда делегацияларымен тұрақты алмасу жөнінде бастама көтерді.
Тараптар сауда, инвестиция, көлік-логистика, цифрлық коммуникация, жасанды интеллект және қаржы салаларындағы ықпалдастықты нығайту перспективасын талқылады. Сонымен қатар мәдениет, білім, спорт және туризм бағыттарындағы байланысты кеңейту мүмкіндігіне назар аударды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Республикасының Президенті Никос Христодулидис жүргізген келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен ресми делегациялар мүшелері келесі ведомствоаралық құжаттармен алмасты.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Кипр Президенті Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кипр Президентінің Қазақстанға алғашқы тарихи сапары екіжақты ынтымақтастықты дамытудың маңызды кезеңі саналатынын атап өтіп, Никос Христодулидистің елдеріміз арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
– Мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздеген ниетіңіз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіруге рұқсат етіңіз. Қазақстандықтар Сізді айнымас дос әрі халықаралық деңгейдегі беделді мемлекеттік қайраткер ретінде таниды. Белсенді қызметіңіздің арқасында өзара сенім, саяси диалог және ынтымақтастығымыз нығая түсті. Ортақ күш-жігер арқылы қарым-қатынасымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін. Қазақстан мен Кипр арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесіңізге шексіз құрметтің белгісі ретінде Сізге І дәрежелі «Достық» орденін табыстау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл орден атауы айтып тұрғандай, достықты, Қазақстан мен Сіздің еліңіздің арасындағы қарым-қатынастың негізі саналатын сенім мен серіктестік рухын сипаттайды. Жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін! Достас Кипр халқының игілігі мен өркендеуі жолында жетістіктерге жете беріңіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кипр Президенті жоғары награданы табыстағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.
Кәрі құрлықтағы сенімді серіктес
Осыдан соң Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Мемлекет басшысы Кипр Республикасын еліміздің Еуропадағы сенімді әрі маңызды серіктестерінің бірі деп атады.
– Екі ел арасындағы саяси диалог жыл өткен сайын күшейе түсуде. Қадірлі Христодулидис мырза осыдан 7 жыл бұрын Кипрдің Сыртқы істер министрі ретінде Астанаға арнайы келген болатын. Сол кезде ол Кипр Қазақстанның Еуропа Одағындағы мүддесін ілгерілетуге әрдайым дайын екенін айтқан еді. Содан бері көп жұмыс атқарылды. Екі мемлекеттің елшіліктері ашылды. Осылайша, өзара қарым-қатынасымыз жолға қойылды. Қадірлі Президент мырзаның Астанаға тұңғыш сапары екі ел арасындағы алғашқы тікелей әуе рейсінің ашылуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның да символдық мәні зор, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мемлекеттеріміз ықпалдастықты одан әрі бекемдей түсуге ниетті. Бұл – тараптар мүддесіне сай.
– Кипр Республикасының басшысы осы оң үрдіске зор үлес қосып келеді. Мен мұны жоғары бағалаймын. Сол себепті бүгін Жоғары мәртебелі Президент Никос Христодулидис мырзаға І дәрежелі «Достық» орденін тапсырдым. Бұл награда – қазақ елінің Сізге және бүкіл Кипр Республикасының халқына деген ерекше құрметінің, шынайы ілтипатының белгісі. Құтты болсын! Елдеріміздің өзара серіктестігі нығая береді деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттер мазмұнды келіссөз жүргізіп, ықпалдастықты күшейтудің тың бағыттары туралы әңгімелескен.
– Өзара сауда-саттық көлемін арттыруға ерекше назар аудардық. Тауар айналымын ұлғайту, инвестициялық қарым-қатынасты дамыту және іскер топтардың байланысын одан әрі нығайту қажет екенін атап өттік. Бұл – маңызды міндет. Мен Қазақстан–Кипр экономикалық ынтымақтастығының жол картасын әзірлеуді ұсындым. Сондай-ақ Үкіметаралық комиссия және Іскерлік кеңес құру жөніндегі бастамалар көтерілді. Бұл қадам бірлескен жобаларды іске асырып, өзара алыс-берісті арттыруға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сонымен қатар біз логистика, қаржы, туризм, цифрлық технологиялар саласындағы өзара байланыстарымыздың келешегі зор деп санаймыз. Үкіметтерімізге осы бағыттар бойынша нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма беруге уағдаластық, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев кипрлік серіктестерді Транскаспий дәлізі жобасына атсалысуға шақырғанын жеткізді.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, Кипр әлемдік деңгейдегі теңіз хабы саналады. Орта дәліз аясында Қазақстанның құрлықтағы және Кипрдің теңіздегі инфрақұрылымын тиімді ұштастыруға мүмкіндік зор. Бұл қадам Орталық Азия айма-ғы, Каспий аймағы және Жерорта теңізі арасында жаңа көпсалалы логистика жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Сондай-ақ өзара алыс-берісімізді ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір елімізде Кипр капиталының қатысуымен 400-ден астам компания жұмыс істеп жатыр. Олардың 30-ға жуығы Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген.
– Осының өзі елдеріміздің іскерлік және инвестициялық байланыстары дәйекті түрде дамып жатқанын көрсетеді. Бүгін елордамызда Қазақстан–Кипр бизнес-форумы өтеді. Маңызды жиынға екі елдің іскер топтары қатысады. Кипр кәсіпкерлерінің делегациясы осы форумға арнайы келді. Сол үшін құрметті Президент мырзаға зор ризашылығымды білдіремін. Қазақстан өз нарығында жұмыс істеуге ниетті Кипр компанияларына қолайлы жағдай жасауға әрқашан дайын. Біз Кипрдің іскер азаматтарын ұзақ мерзімге арналған инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыруға шақырамыз. Жақында елімізде жаңа Конституция қабылданды. Ата заңға сәйкес Қазақстанда меншіктің барлық түріне кепілдік беріледі. Бас құжатымыз инвесторлардың құқығын барынша қорғайды. Бұған қоса, кипрлік әріптестеріміз Қазақстанның Altyn Visa бағдарламасын қолдана алады. Бұл визаны алған кәсіпкерлер мен мамандарға салық және көші-қон мәселесіне қатысты жеңілдіктер ұсынылады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекеттер басшылары келіссөз барысында цифрлық технологиялар және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударған.
– Кипр тарапы Қазақстанның eGov жүйесіне және елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз. Сонымен қатар келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлдік. Атап айтқанда, ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келістік. Жалпы, бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөз барысында халықаралық және аймақтық мәселелер де назардан тыс қалмағанын айтты.
– Жаһандық геосаяси ахуалдың ушығуына, қақтығыстардың көбеюіне бәріміз алаңдап отырмыз. Әлемдегі көптеген түйткілге қатысты мемлекеттеріміздің ұстанымы – ұқсас. Екі ел де кез келген шиеленіс бейбіт және дипломатиялық жолмен шешілуі керек деген қағидатты қатаң ұстанады. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, басқа да халықаралық ұйымдар аясында тиімді жұмыс істеуге келістік. Бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге белсене атсалысамыз деп уағдаластық. Қазақстанның ұстанымы бойынша барлық елдер Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысын, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттарын қатаң сақтауға міндетті. Қазақстан басқа елдердің аумақтық тұтастығын құрметтейді және бүкіл әлем мемлекеттерін осы қағидатқа басымдық беруге шақыруда. Жалпы, екі елдің байланысын бекемдеу – халықтарымыздың ортақ мақсаты. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзара тиімді ынтымақтастығымыз жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Достығымыз әрдайым берік болсын! Қазақстан мен Кипрдің қарым-қатынасы нығая берсін! – деді Президент.
Никос Христодулидистің айтуынша, келіссөздер барысында екі ел басшылары саяси және экономикалық салалардағы қарым-қатынасты одан әрі ілгерілету жолында саяси ерік-жігер танытатындарын растаған.
– Біз барлық деңгейде тұрақты байланыс орнатудың маңызын атап өттік. Өйткені орнықты саяси диалог – сенімді нығайту мен нақты нәтижеге қол жеткізудің негізгі факторы. Осы орайда жоғары білім, ғылыми зерттеу, мәдениет, спорт, инновация, цифрлық басқару және ақпараттық технология секілді маңызды салаларда өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумға қол қойылғаны қуантады. Бұл келісімдер – жай ғана техникалық құжаттар емес, екіжақты байланыстардың әлеуетін құрылымдық және мазмұндық тұрғыдан жандандыруды көздейтін ортақ шешіміміздің айқын дәлелі, – деді Кипр Президенті.
М.ТӨЛЕУ










