Telegraph хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz корольдік отбасының сүйікті демалыс орнына байланысты қызықты оқиғаны баяндайды.
Патшайым: «Мен онымен кездеспедім, бірақ Дик оны жиі көреді». Фото nbcnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Steve Parsons
Елизавета II патшайым туралы бір қызықты әрі шынайы оқиға осы Балморал маңында болған. Шамамен 2005 жылы Патшайым мен оның жеке күзетшісі Дик (Ричард) Гриффин (ресми лауазымы Патшайымның полицей офицері) Шотландиядағы корольдік Балморал қамалы маңындағы төбелерде серуендеп жүреді. Оларға екі турист жақындап, әңгімелесе бастайды. Гриффин былай деп еске алады:
«Бізге қарай екі турист келе жатты. Патшайым әдеттегідей тоқтап, амандасты. Олар жаяу серуенге шыққан екі америкалық екен, Патшайымды танымады. Америкалық мырза Патшайымға өздерінің қайдан келгенін, әрі қарай қайда баратынын және Ұлыбританияда қай жерлерде болғандарын әңгімелеп берді.
Мен ішімнен оның енді қандай сұрақ қоятынын алдын ала сездім. Әрине, ол Мәртебелімнен: «Сіз қайда тұрасыз?» деп сұрады. Ол: «Мен Лондонда тұрамын, бірақ мына төбелердің ар жағында үйім бар», – деп жауап берді. Америкалық: «Сіз бұл жерге қанша уақыттан бері келіп жүрсіз?», – деп сұрады.
Патшайым: «Мен бұл жерге бала кезімнен бері келемін, яғни 80 жылдан астам уақыт болды», – деді.
Патшайым: «Ол бұл суреттерді Америкадағы достарына көрсеткенде, мен көзге көрінбейтін куәгер болғым келеді. Біреу оған менің кім екенімді айтып берер деп үміттенемін». Фото cntraveller.com сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Tim Graham
Америкалықтың миы жылдам жұмыс істей бастағаны көрініп тұрды, содан кейін ол: «Егер сіз мұнда 80 жылдан бері келіп жүрсеңіз, демек сіз Патшайыммен кездескен шығарсыз», – деп сұрады.
Патшайым: «Мен онымен кездеспедім, бірақ мына Дик оны жиі көреді», – деп бірден жауап берді.
Бұдан кейін турист Гриффиннен Патшайымның шынайы өмірде қандай монарх екенін сұрайды. Жоғары Мәртебелі тұлғамен ұзақ уақыт бірге болғандықтан және аздап әзілдеуге болатынын білгендіктен, Дик: «Ол кейде сәл қабағы қатулы болады, бірақ әзіл-қалжыңы өте жақсы», – дейді.
Кенет Диктің жанына бір жігіт келіп, иығынан құшақтап алады да, оққағар не болып жатқанын түсініп үлгергенше, фотоаппаратын шығарып, оны Патшайымға беріп: «Біз екеумізді түсіріп жібересіз бе?», – дейді, Патшайымды күнде көретін адаммен суретке түскісі келіп.
Дик Гриффин бұдан кейін әңгімесін былай жалғастырады: «Содан кейін біз орын ауыстырдық. Мен оларды ПАТШАЙЫММЕН БІРГЕ СУРЕТКЕ ТҮСІРДІМ. Біз бір сәтке де олардың алдында Патшайым тұрғанын білдіртпедік, қоштасып қол бұлғадық. Осыдан кейін Мәртебелім маған: «Ол бұл суреттерді Америкадағы достарына көрсеткенде, мен көзге көрінбейтін куәгер болғым келеді. Біреу оған менің кім екенімді айтып берер деп үміттенемін» деп күлді».
Бұл жазба Уэльс Ханшайымы Кэтрин Элизабет Миддлтонның Facebook парақшасында 2022 жылы 20 қыркүйекте жарияланған екен.
Төбенің арғы жағындағы Елизавета II Патшайымның үйі осы. Фото glamour.com сайтынан алынды
Балморал аймағындағы жерді (поместье) 1852 жылы Виктория патшайым мен ханзада Альберт сатып алған. Кейін бұл жер Виктория патшайым екеуінің Шотландия таулы өлкесіне деген ерекше сүйіспеншілігінің символына айналады. Қазіргі қамал 1856 жылы салынған және содан бері корольдік отбасының жазғы демалыс орны болып келеді.
Король Чарльз жаңа кітапта Балморалды «жанға сергектік беретін, уақыттан тыс мекен» деп сипаттайды. Ол бұл жердің «таңғаларлық даралығы бар ғимараттарымен» және «қасиетті табиғи ландшафтымен» ерекшеленетінін айтады. Чарльз үшін Балморал – жай ғана резиденция емес, балалық шақтан бері жүрегінде сақталған рухани кеңістік.
Бұл қамал марқұм Елизавета II Патшайымның ең сүйікті орындарының бірі болған. Чарльз анасының Балморалды ерекше бағалағанын айтып, оның соңғы күндерін дәл осы жерде өткізуді таңдағанын еске алады. Елизавета II 2022 жылғы 8 қыркүйекте 96 жасында Балморалда өмірден өтті.
Балморал бүгінгі күні британ монархиясының жеке тарихын, табиғатқа құрметін және Шотландиямен рухани байланысын көрсететін ерекше орын болып отыр.
Виндзор қамалы мен Букингем сарайы сияқты ресми корольдік резиденциялар британдық салық төлеушілер қаржыландыратын Crown Estate (Корольдік мүлік) иелігінде болса, Балморал – Елизавета II-нің отбасынан мұраға қалған жеке меншігі. Оның тағы бір жеке резиденциясы – Англияның Норфолк графтығында орналасқан Сандрингем сарайы.










