Жасанды интеллект технологиясынан кім пайда көруі тиіс: бизнес пе, қоғам ба?

Aikyn.kz жасанды интеллект технологиясынан алынған пайданы қоғамға әділетті бөлу жолын CNBC материалына сүйеніп талдайды.

Оңтүстік Корея билігі аса маңызды сұрақ көтеруде. ЖИ әкелетін байлықтан кім пайда көреді? Бұл технология тек ірі корпорацияларды байыта ма, әлде оның игілігін бүкіл қоғам көре ме? Оңтүстік Кореяның премьер-министрінің орынбасары әрі ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Ба Кен Хун CNBC арнасына берген сұхбатында ЖИ дәуірі жаңа әлеуметтік мәселелерді туындатуы мүмкін екенін айтқан. Оның пікірінше, технологиялық прогресс байлар мен кедейлер арасындағы алшақтықты күшейтіп, еңбек нарығында жаңа қақтығыстарға әкелуі ықтимал.

Бұл мәлімдеме Samsung Electronics компаниясындағы еңбек дауының аясында жасалды. Samsung-тің кәсіподақ мүшелері сыйақы жүйесін қайта қарауды талап етіп, 18 күндік ереуіл жасамақшы болған. Алайда үкіметтің араласуынан кейін тараптар өзара келісімге келді. Жұмысшылар компанияның операциялық пайдасының 15%-ын бонус ретінде бөлуді талап еткен.

Ба Кен Хун бұл жағдайды ЖИ дәуірінің алғашқы белгілерінің бірі деп санайды. Оның айтуынша, алдағы жылдары жасанды интеллектінің арқасында бұрынғыдан да ірі әрі ықпалды компаниялар пайда болады. Соның нәтижесінде жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы табысты бөлу мәселесі жиі көтеріледі.

«ЖИ дәуірінде осындай алып компаниялар көбейеді. Сондықтан еңбек пен капитал арасындағы қайшылықтар да жалғасуы мүмкін», – деді ол.

Министрдің пікірінше, Оңтүстік Корея елінің міндеті тек ЖИ арқылы «орасан зор байлық» қалыптастыру емес. Ең бастысы – сол байлықтың қоғамға қалай әсер ететінін бағалау және оның игілігін көпшілікке жеткізу.

«Жасанды интеллектінің пайдасы қоғамға да жетуі керек», – дейді Ба Кен Хун. Оның айтуынша, Оңтүстік Корея «ешкім шет қалмайтын инклюзивті ЖИ қоғамын» қалыптастыруға ұмтылып отыр.

Соңғы айларда Оңтүстік Кореяның технологиялық секторында қарқынды өсім байқалады. Samsung акциялары жыл басынан бері 144%-ға, ал SK Hynix акциялары шамамен 200%-ға қымбаттаған. Бұл өсімнің негізгі себебі – ЖИ мен жартылай өткізгіштерге деген жаһандық сұраныстың артуы. Дегенмен сарапшылардың пікірінше, технологиялық мол табыстың азғана компаниялардың қолында шоғырлануы ұзақ мерзімде әлеуметтік тұрақтылыққа қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан Оңтүстік Корея қазірдің өзінде жаңа экономикалық модель туралы ойлай бастады. Бұл модельдің негізгі қағидасы – жасанды интеллект тек технологиялық революция емес, қоғамдық игілік құралы болуы тиіс деген идея.

ЖИ дәуірінде басты сұрақ технологияны кім жасайтынында емес, оның нәтижесінде пайда болатын байлықтың қалай бөлінетінінде болып тұр.

Қазақ елінің саяси билігі бұл идеяға әлі жақындай алмауда. Ресми құжаттарда ЖИ көбіне экономиканы автоматтандыру, мемлекеттік басқару, мұнай-газ, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, дата-инфрақұрылым және цифрлық мемлекет құру құралы ретінде сипатталады. Үкіметтің 2024-2029 жылдарға арналған ЖИ тұжырымдамасында да басты екпін технологияны экономика секторларына енгізуге берілген.

Оңтүстік Корея үкіметі көтеріп отырған мәселе тереңірек. ЖИ мол табыс пен байлық әкелсе, ол байлық қоғамға қалай бөлінеді, еңбек нарығына қалай әсер етеді? Бұл қоғамдағы теңсіздікті күшейтпей ме? Қарапайым халық ЖИ-ден қандай игілік көрмекші? Қазақ елінде бұл сұрақтар әзірге көтерілген жоқ. 

Президент пен Үкімет ЖИ-ді стратегиялық басымдық деп жариялап, жаңа министрлік, заңдар мен стандарттар қабылдап, білім беру бастамаларын іске қосып жатыр. Бірақ ресми дискурста рухани-гуманитарлық, мәдени, этикалық және әлеуметтік әділет өлшемдері мүлдем естілмейді.

Қазақ билігі ЖИ-ге техникалық және экономикалық жоба ретінде қарайды. Оның қоғамды өзгертетін мәдени-гуманитарлық құбылыс екенін түсіне алмай отыр. Оңтүстік Корея «ЖИ игілігі қоғамға жетуі керек» деп әлеуметтік әділет мәселесін алға шығарып отырса, Қазақ елінде әзірге «ЖИ енгізу», «цифрлық мемлекет», «деректер орталығы» мен «инфрақұрылым жасау» деген ұғымдар басым. Біздің Үкімет ояну үшін тағы да «президенттің тапсырмасы» керек шығар. Өздігінен мәселе қоятын Үкімет мүшесі байқалмайды.