Велосипед мінгенің – қауіппен қатар жүргенің

Алайда велосипед мінудің түрлі қатері бар екені рас. Оған кейінгі жылдардағы статистика нақты айғақ бола алады. Өткен мамыр айының өзінде Астанада екі адам велосипед мініп жүріп автокө­ліктің астына түсіп, қайтыс болды. Демек, велосипед мінушілердің де, жүргізушілердің де мұқият болмағы өзекті деген сөз.

Статистика деректеріне сенсек, елімізде балалар мен ересектерді қоса есептегенде шамамен 100 мыңдай адам велосипед мі­неді. Бірақ олардың барлығы велосипед­шінің де жол қозғалысының толыққанды қатысушысы екенін біледі десек, артық айтқандық болар еді. Тіпті, велоәуес­қой­лардың басым бөлігі жол ережесін бұзғаны үшін өздеріне айыппұл салынуы мүмкін екенінен хабардар болмауы да ықтимал. Ал жол қозғалысы ережесін бұзу тек айыппұл­мен шектелмейді. Өкінішке қарай кейде ереже бұзу адам өмірін де қиып жатады. Мысалы, Астана қаласында 26 мамыр күні 11 жастағы бала, 30 мамырда 35 жастағы ер азамат велосипед мініп жүріп көлікке со­ғылды, салдарынан екеуі де көз жұмды. Ал былтыр еліміз бойынша велосипедшілер мен электросамокат жүргізушілерінің қа­ты­суымен 210 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Бұл оқиғалардың 116-сы Алматыда, 45-і Астанада тіркелген. Алайда Ішкі істер ми­нистрлігі әдетте велосипед пен эклектро­самокат мінгендердің оқыс оқиғаларға ұры­нуы жөніндегі аймақтар бойынша де­ректерді ресми түрде таратпайтынын ес­ке­ру керек. Көбіне жалпы мәліметтерді ғана ұсынады. Ал жалпы велосипед мініп жүріп оқыс оқиғаларға көбіне балалар мен жасөс­пірімдер ұрынып қалатыны жасырын емес. 

Айталық, былтырғы жылдың алғашқы бес айында Астанада велосипед мінген балалардың қатысуымен 43 рет жол-көлік оқиғасы болған. Биылғы бес айда мұндай оқи­ға 52-ге жетіпті. Яғни, былтырғымен са­­лыстырғанда 20,9%-ға өсті деген сөз. Салда­рынан 53 бала зардап шегіп, бір бала көз жұм­ды. Бұл статистиканы өткен аптада Ас­тана қаласы Полиция департаменті әкім­шілік полиция басқармасының бөлім бас­тығы Бауыржан Тоқжұманов айтты. Ал жаз­­дың енді басталғанын ескерсек, оқыс оқиғалар саны күзге дейін біршама көбеюі мүм­кін. Сондықтан велосипедшілердің де жол қозғалысы ережесіне мұқият болуы керек.

Ережені ескеру қажет

Әдетте көбіміздің жол-қозғалысы ере­же­лерін тек көлік жүргізушілерге ғана қа­тысты норма ретінде бағалайтын кездеріміз болады. Іс жүзінде бұл ережелерге көлік жүр­гізуші де, велосипедші де, жаяу жүргін­ші де бағынуы керек. Өйткені аталған ере­желер адам өмірін сақтауға бағытталған. Ережеде жол-қозғалысына қатысушылар­дың барлығының құқығы ескеріледі. Мы­салы, велосипедшінің кесірінен жол-көлік оқиғасы тіркелсе, олар да жауапкершілікке тартылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ко­дек­сінің 615-бабына сәйкес, жол қозғалысы ережелерін бұзған велосипедшіге 2 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. 2026 жылы бұл шамамен 8 650 теңгені құрайды. Егер ереже бұзудың салдарынан басқа адам­ның денсаулығына жеңіл зиян кел­тірілсе немесе материалдық шығын келсе, айыппұл 10 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 43 250 теңгеге дейін өседі. Ал осындай құ­қықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, 20 АЕК (шамамен 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынуы немесе әкімшілік қамау қолданылуы мүмкін.

Жалпы, велосипедшінің веложолмен немесе жолдың оң жақ жиегімен жүруі міндеттелген. Әрі велосипед жылдамдығы сағатынан 20 шақырымнан аспауы керек. Жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілгенімен, оның да нақты талабы бар. Велосипедші өзгелерге қауіп төндірмеуге тиіс. Сонымен қатар велосипедпен қараң­ғыда жүру үшін алдынғы жағында жарық шамдары, артында кемінде қызыл жарықты шам немесе жарық шағылыстырғыш болуы керек. Сондай-ақ велосипедтің бүйірінде де жарық шағылыстырғыштар болуға тиіс. Велосипедші қорғаныс дулығасын киіп жүруге міндетті. Жаяу жүргіншілер өткелі­нен өтерде велосипедтен түсуі керек. Рөлді ұстамай немесе бір қолмен ғана ұстап жүруге, велосипед мінгенде құлаққап тағып жүруге болмайды. Бірақ көп адам мұндай ережелерді ескермейді немесе кейін еске алып жатады. Бізге пікір білдірген әуесқой велосипедші Мирас Жандосов жол ереже­лерін әу баста ескермегенін де мойындады. Кейін мұқият болуды үйреніпті. 

«Бір күні кешке жұмыстарымды бітіріп, үйге қайтып келе жатқанмын. Веложолмен жүріп, жол қиылысында бағдаршамның жасыл түсін күтіп тұрдым. Жасыл жанып енді жолдан өтейін деген кезде бір көлік жүргізушісі маған жол бермей, бұрылып кетті. Мен бірден велосипедті тоқтатып, соқтығысудан аман қалдым. Осыдан кейін жолдан тек велосипедтен түсіп өтетін болдым», – дейді М.Жандосов. 

Әрине, кейіпкеріміз өз қателігін дер кезінде аңғарған. Алайда мұндай қателік жасайтындар көп кездеседі. Ал полиция қызметкерлері әдетте оларға көбіне ескерту ғана жасайды. Шамасы, велосипедшілер өз қателігінен сабақ алсын дейтін болса керек. Тиісті сала қызметкерлері кейіпкерімізге де ескерту жасаған кез болыпты. 

«Иә, бір рет болды. Кешкі уақытта жа­рық шамымды қоспай жүргенімді полиция қызметкері байқап қалды. Ол мені тоқта­тып, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Айыппұл салынған жоқ, тек ескерту жасады. Қазір велосипедімнің алдыңғы және артқы жарық шамдарын үнемі қосып жүремін», – дейді кейіпкеріміз. 

Ал біз сөз басында айтып өткен жол-көлік оқиғалары велосипедшілердің жүк көлігіне соғысуының салдарынан болды. Осы тұста жүк және жеңіл көлік жүргізушісі Мейірбек Тойбаев екі жақтың да абай болуы қажет екенін айтты. 

«Меніңше, екі жақ та кінәлі болуы мүм­кін, өйткені екі жақ та өте сақ болуы керек. Мысалы, велосипед жүргізушісі жаяу жүр­гіншілер өткеліне келген кезде «мені жі­береді» деп өте сенімді болып, велосипедтен түспей өтіп кетеді. Өйткені велосипедтің немесе самокаттың жылдамдығы жоғары болады. Ал көлік жүргізушісі ар жақтан келе жатқан велосипедшіні түзу өтіп кетеді деп ойлауы мүмкін. Бірақ велосипед немесе самокат жүргізушісі кенеттен бұрылып, жасыл түске қарай жүріп кетеді. Ал көлік белгілі бір жылдамдықпен келе жатады. Оның тоқтау қашықтығы бар, сондықтан қанша тежегіш басқанымен, жол-көлік оқи­ғасы орын алуы мүмкін. Көлік жүргі­зушісі де, велосипедші де жылдамдығын азайтпай, екеуі де «бағдаршамның жасыл түсіне үлгеремін» деуі ең қауіпті сәт», – дейді Мейірбек Тойбаев.

Сонымен қатар кейіпкеріміз ЖКО ке­зінде көбіне көлік жүргізушілері айыптала­тынын айтады. 

«Бағдаршамның жасыл түсіне өтіп бара жатқан велосипедшіні көлік қағып кетсе, заң бойынша көбіне көлік жүргізушісі кінәлі болып саналады. Мұндай жағдайда вело­сипед жүргізушісінің әрекеті заң тұр­ғы­сы­нан әрдайым ескерілмеуі мүмкін. Сон­дық­тан велосипед жүргізушісі де, жаяу жүргінші де жүргізушіге белгі беріп, жүргі­зушінің оны көргеніне көз жеткізуі керек. Яғни, бағдар­шамға келген кезде тоқтап тұрса да, жүргі­зу­шінің жол беріп, не бермей тұрғанын анық­тап алған дұрыс. Ештеңеге қарамай, «ме­нікі дұрыс» деп өте салуға бол­майды. Әр адам, әр велосипед жүргізушісі өз қауіп­сіздігіне жауапкершілікпен қарауға тиіс», – дейді ол. 

Біз велосипедшілердің ішінен бала­лар­дың қауіпсіздігіне ерекше көңіл аудардық. Себебі балалар бұндай жағдайлардың қауіп­ті екенін әрдайым түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан ата-ана балаға жол қауіпсіздігі туралы көбірек айтқаны абзал. Сонымен қатар мектептерде және басқа да қоғамдық орындарда осындай тақырыптарға байла­нысты сабақтар мен практикалық іс-ша­ралар көбірек өтізілгені дұрыс шығар. Әсіресе, жүк көліктерінен сақтану өзекті болып тұр. Мамырда қаза тапқан бала жүк көлігінің астына түсіп қалған болатын. Демек, жол қозғалысы ережесін үйрету барысында жүк көліктеріне ерекше назар аударған жөн шығар. «Жүк көлігін жүргізу жеңіл көлікке қарағанда қиынырақ. Олар­дың көріну аймағы да шектеулі. Жүргізу­­­шінің назары көбіне көлікті басқаруға ауатындықтан, бұрылыстарда және бағдар­шам маңында жаяу жүргіншілер мен велосипед жүргізушілері ерекше сақ болуы керек. Әсіресе, үлкен жүк көлігі немесе автобус келе жатқан кезде мұқият болған жөн», – деді Мейірбек Тойбаев.

Қауіпсіздікке инфрақұрылым да әсер етеді

Негізі, велосипедшілердің қауіпсіздігі туралы сөз еткенде инфрақұрылым мәселе­сіне де назар аудару керек. Өкінішке қарай, еліміздің көптеген қаласында велосипедке арналған толыққанды инфрақұрылым жоқ. Астананың өзінде барлық ауданда заманауи велосипед жолдары жеткілікті деуге кел­мейді. Рас, қалада ұзындығы 23 шақырым болатын әдемі веложол бар. Бірақ көптеген көшеде арнайы жолдар әлі де жетіспейді.

Алматыдағы веложолдардың жалпы ұзындығы 100 шақырымға жақындады. Шымкент, Қарағанды, Өскемен қатарлы бір­қатар қалаларда да бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Алайда веложолдар са­лынбаған көшелер барлық қалада бар. Әрі қалалардағы веложолдар фрагменттел­ген, яғни бір-бірімен толық жалғасып жат­қан жоқ. Ал велосипедшілер күн санап кө­бейіп келеді. Сондықтан қауіпсіздік мә­селесі күн өткен сайын өткір бола түсуі мүмкін. 

Әуесқой велосипедші Мирас Жандосов­тың ойынша, қауіпсіздік деңгейін төменде­тіп отырған басты мәселе – тиісті инфра­құрылымның жеткіліксіз болуы. 

«Менің ойымша, басты мәселе – барлық жерде веложолдардың болмауы. Әсі­ресе, оң жағалауда веложолдар мүлдем жоқ десе де болады. Сондықтан кейбір кө­шелерде велосипедпен жүру ыңғайлы бол­са, кейбір жерлерде көліктердің арасымен жүруге тура келеді. Бұл ересек адамдар үшін қауіпті болса, балалар үшін тіпті қорқы­ныш­ты», – деп кейіпкеріміз пікір білдірді.

Әрине, инфрақұрылым мәселесі ірі қалалар мен облыс орталықтарында кезең-кезеңімен реттелуі мүмкін. Бірақ әзірге велосипедшілерге арналған арнайы жолдар ауылдықтар үшін әлі де арман күйінде қалатын сияқты.

Велосипед – экологиялық таза әрі қол­жетім­ді көлік. Алайда оның қауіпсіздігі тек велосипедшінің сақтығына ғана емес, жол қозғалысы мәдениетіне және инфрақұры­лым сапасына да байланысты. Сондықтан жүргізушілер де, велосипедшілер де жол ере­желерін қатаң сақтап, ал жергілікті би­лік қауіпсіз велоинфрақұрылымды дамы­туға басымдық бергені жөн. Сонда ғана қайғылы оқиғалардың алдын алуға болады.

Нұрай ТІЛЕК,

ЕҰУ-дың 2-курс студенті