Жақында оның «Алтыннан да қымбат достық» атты балаларға арналған тұңғыш жаңа кітабы жарық көрді. Автор ертегі арқылы жас оқырманға түсінікті тілмен өмірлік құндылықтарды дәріптеп, жақсылық пен жамандықтың ара-жігін ажыратуға жетелейді.
Бұл кітапта әрбір оқиға, әрбір кейіпкер белгілі бір тәрбиелік идеяны жеткізуге бағытталған. Автордың басты мақсаты – бала бойына мейірім, адалдық, достық, жауапкершілік, сенім сияқты адамгершілік қасиеттерді сіңіру. Шығармадағы кейіпкерлер де жай ғана фантазиялық образ емес, олар қоғамдағы мінез-құлықтардың символдық көрінісі ретінде берілген. Мәселен, парасат пен сабырлылықтың бейнесі ретінде Үкі алынған. Ол әрқашан ойланып сөйлейтін, дұрыс шешім қабылдауға ұмтылатын кейіпкер ретінде суреттеледі. Бабасынан қалған аманатқа адал, алайда сол құнды затын жоғалтқан кезде оның да ішкі әлемінде арпалыс басталады. Автор бұл кейіпкер арқылы балаларға салиқалы тұлғалардың өзі де қиын сәтте уайымға берілетінін көрсеткен. Ал еңбекқор, бірақ кейде аңғал Тиін – өмірде жиі кездесетін қарапайым, адал адамның бейнесі. Оның басты қателігі сыр сақтай алмауында. Тиін кейіпкері арқылы кішкентай оқырмандарға сенімді ақтаудың және достыққа берік болудың маңызы түсіндірілетін болса, пайдакүнемдікті көрсететін Сауысқан, ол тек өз пайдасын ойлайтын мінезді ашады. Сауысқан жылтыраққа құмар, өзгенің дүниесіне көз алартатын жағымсыз кейіпкер. Бұл – өмірде олжасын оңай іздейтін адамдардың прототипі. Ал әділдіктің символы Тоқылдақ кез келген жағдайда шындықты қорғауға тырысатын бейне ретінде алынған. Кез келген даулы мәселеде шешімді ашу үстінде емес, сауаттылықпен, тәртіпке сүйеніп шешу керектігін дәлелдейтін тұлға.
«Бұл атауды таңдауымның өзіндік үлкен себебі бар. Қазіргі прагматикалық, материалдық құндылықтар алдыңғы орынға шыққан заманда балаларға шынайы байлықтың не екенін ұғындырғым келді. Атаудың астарында «дүние өткінші, ал достық мәңгілік» деген өмірлік философия жатыр. Алтын сағат қанша жерден бағалы жәдігер болса да, ол сенім мен кешірімнің жанында түкке тұрмайтынын баланың санасына егуді мақсат еттім. Қазіргі бәсекеге толы әлемде балаларымызға жетіспейтіні де осы мейірім мен шынайылық. Ал кейіпкерлерді таңдауда кездейсоқтық жоқ. Олардың әрқайсысы қоғамдағы нақты мінездердің бейнесі», – дейді автор.
Кітаптың дүниеге келу тарихы да ерекше. Бұл үлкен жоспардан емес, қарапайым әкелік қамқорлықтан басталған. Автор қызына ұйықтар алдында ертегі айтып беру барысында жаңа оқиғалар мен кейіпкерлерді ойлап таба бастаған.
«Қызыма ұйықтар алдында қазақ тілінде сапалы, мағыналы әрі тағылымы мол оқиға айтып бергім келді. Оған ертегіні құрастырып айтып жатқан кезде оның көзіндегі ұшқынды, кейіпкерлерге деген жанашырлықты байқадым. Ол Тиіннің аңғалдығына уайымдап, адамдардың кесірінен ластанған Бұлақтың халіне шын жүректен мұңайды. Баланың тап-таза санасы оқиғаны өте терең қабылдап жатқанын көрдім. Міне, дәл сол сәтте бұл оқиға тек менің отбасымның аясында қалып қоймауға тиіс екенін ұқтым», – дейді автор.
Қазіргі технология дәуірінде балалардың кітапқа қызығушылығын арттыру да күрделі мәселеге айналып отыр. Телефон мен түрлі ойын баланың назарын өзіне тартып тұрған заманда кітаппен бәсекелесу үшін ескі тәсілдер жеткіліксіз. Ең алдымен, кітап оқу балаға міндет ретінде емес, қызық процесс ретінде ұсынылуы керек. Бұл жерде отбасының рөлі ерекше. Егер бала үйде кітап оқуды көрмесе, оны талаппен сіңіру қиын.
Бүгінгі балалар ақпаратты жылдам қабылдайтын, визуалды ойлауы басым буын. Сондықтан кітаптың мазмұнымен қатар оның безендірілуі, дизайны, динамикасы да маңызды. Заманауи форматтағы, тартымды көркемделген кітаптар ғана гаджеттермен бәсекеге түсе алады. Баланың таңдау еркіндігін шектеу де дұрыс емес. Егер ол фэнтези, детектив немесе ғылыми бағыттағы қазақ тіліндегі кітаптарды оқығысы келсе, оған мүмкіндік беру қажет. Балалар әдебиеті тек тәрбиелік емес, сонымен бірге қызықты контент болуға тиіс.
Айбек Қосанның шығармаларының халықаралық деңгейде мойындалуы да қазақ балалар әдебиетінің дамып келе жатқанын көрсетеді. Болонья балалар кітап жәрмеңкесінде кітаптың көркемделуі мен мұқаба дизайнына берілген жоғары баға – отандық өнімнің әлемдік стандартқа сай бола алатынын дәлелдеген маңызды жетістік. Автордың айтуынша, жобаның жоғары эстетикалық деңгейде деп танылуы – қазақ балалар әдебиеті көркемдеу өнерінің жаңа белеске көтеріліп келе жатқанының айқын көрінісі. Бұл оларға қанат бітіріп, отандық өнімнің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті бола алатынына үлкен сенім ұялатады. Еңбек тек ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, ғаламдық эстетикалық талаптарға да толық жауап бере алатынын көрсетіп отыр. Дегенмен қоғамда кітапқа деген көзқарас әлі де алаңдатады. Кей ата-аналардың рухани құндылықтан гөрі көңіл көтеретін дүниелерге басымдық беруі, баланың кітапқа қызығушылығына әсер етеді. Сондықтан ең алдымен отбасындағы кітап оқу мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Балалар әдебиетінің дамуы – тек қаламгер еңбегі емес, тұтас қоғамның рухани жауапкершілігі. Кітап баланың қиялын дамытып қана қоймай, оның адамдық болмысын қалыптастыратын маңызды құрал.
Ақтілек МЕРЕКЕ,
ЕҰУ 3-курс студенті










