Астана туралы заң қаланы басқарудың тиімділігін арттырады – Нұртай Сабильянов

Бүгінгі мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы талқыланды. Сөз барысызда мәжіліс депутаты, «АМАNАТ» фракциясының мүшесі Нұртай Сабильянов бұл заң жобасында астананың дамуының құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

– Бүгінде Астана – мемлекеттік институттар шоғырланған орталық, іскерлік белсенділік, экономикалық әлеует және инфрақұрылымдық даму орталығы. Сондықтан оны басқару, аумақтық даму және қалалық ортаны жетілдіру мәселелеріне кешенді және жүйелі тәсіл қажет. 15 мамырда осы Конституциялық заң жобасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында Бірлескен комиссия Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен тұрақты комитеттерінің ұсыныстарын жан-жақты талқылап, қарады.

Біріншіден, За ң жобасының жекелеген нормаларын Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының ережелеріне сәйкес келтіруге бағытталған түзетулер енгізілді.  

Екіншіден. Астананың қала маңы аймағына қосылған жерлерді пайдалану тәртібі мен режимі бойынша нормалар нақтыланды. Осындай жерді пайдалану тәртібі мен режимін Үкімет қала және облыс мәслихаттары мен әкімдіктерінің,         сондай-ақ жергілікті агломерация кеңесінің бірлескен ұсынысы негізінде айқындайтын болады. (5-баптың 2-тармағының 2-бөлігі)  

Үшіншіден, астананың жергілікті мемлекеттік басқару органдарының міндеттері, астана мәслихаты мен әкімдігінің өкілеттіктері бойынша нормалар нақтыланды. Мәслихаттың астананы дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, астана бюджетін және олардың орындалуы туралы есептерді бекіту жөніндегі өкілеттіктері бекітіледі. (7-бап). Сонымен қатар, астана әкімдігінің жол жүрісін ұйымдастырудың кешенді схемасын әзірлеу, сондай-ақ транзиттік көлік жүрісінің схемасы мен тәртібін айқындау жөніндегі құзыреттері нақтыланады. (8-баптың 41), 21) тармақшалары)  

Төртіншіден, қала құрылысы саясатын іске асыру және астананың заманауи сәулеттік келбетін қалыптастыру мақсатында Сәулет-қала құрылысы кеңесін құру көзделген.   Оның құрамына астана әкімдігінің өкілдері, сондай-ақ сәулетшілер енгізіледі. Транспаренттік пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін депутаттар Кеңестің құрамына тәуелсіз және кәсіби сарапшыларды, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қосу жөнінде түзетулер енгізді, – деді Нұртай Сабильянов.

Оның айтуынша, қалалық ортаның қолжетімділігін арттыру мақсатында енді Сәулеттік-қала құрылысы кеңесінің құрамына мүгедектігі бар адамдардың мүдделерін білдіретін сарапшылар енгізілген. Сөйтіп, жекелеген нормаларды нақтылайтын және Заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер ұсынылған.