Reuters материалына сілтеме жасаған Aikyn.kz SpaceX-тің ғарыштан жасанды интеллектке бет бұру себебін түсіндіреді.
SpaceX алдағы IPO қарсаңында инвесторларға өзін тек зымыран ұшыратын немесе спутниктік интернет ұсынатын кәсіпорын емес, болашақтағы ауқымды ЖИ ойыншысы ретінде таныстыра бастады.
Reuters мәліметінше, SpaceX құпия S-1 құжатында өзінің жиынтық нарықтық мүмкіндігін шамамен 28,5 трлн доллар деп бағалаған. Соның 26,5 трлн доллары ЖИ саласына, ал 22,7 трлн доллары нақты корпоративтік ЖИ шешімдеріне тиесілі деп көрсетілген. Бұл компанияның болашақ өсімін тек ғарыш пен байланыс нарығынан емес, бизнестің цифрлық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін ЖИ өнімдерінен көріп отырғанын білдіреді.
SpaceX жазда IPO өткізуді жоспарлап отырғаны, шамамен 75 млрд доллар тартып, компанияның бағасын 1,75 трлн долларға көтеруді жоспарлаған. Бұндай жоғары бағалау қазіргі қалыптасқан бизнестің табысына ғана емес, ең алдымен ЖИ бағытына қатысты үлкен үмітке сүйенеді. Reuters осыны SpaceX-тің «келесі үлкен мүмкіндігі» ретінде сипаттайды.
Бұл бетбұрыстың Илон Маскпен тікелей байланысты екені де белгілі. SpaceX 2023 жылы құрылған xAI компаниясын сатып алған. Бірақ xAI әлі жас әрі шығынды жоба.
Reuters дерегіне сай, 2025 жылы SpaceX-тің ЖИ бөлімі 6,4 млрд доллар операциялық шығын көрсеткен. Бұл алдыңғы жылғы 1,6 млрд доллардан әлдеқайда жоғары. Тіпті, бұл шығын Starlink-тің операциялық пайдасынан да асып түскен. Starlink 2025 жылы 4,4 млрд доллар операциялық пайда әкеліп, компанияның жалпы 18,7 млрд доллар түсімінің 11,4 млрд долларын қамтамасыз еткен. Соған қарамастан, SpaceX өткен жылды 4,9 млрд доллар шығынмен аяқтаған.
Reuters компанияның ЖИ-ге шынымен басымдық беріп отырғанын капиталдық шығындар арқылы да көрсетеді. 2025 жылы SpaceX-тің жалпы капиталы 20,7 млрд долларға жеткен, оның 12,7 млрд доллары ЖИ-ге жұмсалған. Бұл дәстүрлі ғарыш және байланыс бағыттарына кеткен шығыннан да көп. Яғни, компания ЖИ-ді қосымша жоба емес, негізгі стратегиялық бағыт ретінде қарастырып отыр.
SpaceX компаниясы Grok Enterprise сияқты xAI өнімдерін және Tesla-мен бірге әзірленіп жатқан Macrohard атты агенттік платформаны корпоративтік нарыққа шығаруды жоспарлап қойған. Сонымен қатар компания GPU өндірісіне, инфрақұрылымға және корпоративтік клиенттермен тікелей жұмыс істейтін инженерлік және сату командаларына қаржы салмақ.
Қорыта айтар болсақ, компания енді тек ғарыш саласының көшбасшысы емес, болашақта ЖИ инфрақұрылымы мен корпоративтік ЖИ қызметтерінің алыбы болғысы келеді. Алайда бұл стратегия өте қымбат, тәуекелі жоғары және оның табысы инвесторлардың ұзақмерзімді сеніміне тікелей байланысты.










