Әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет

Мемлекет басшысы Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан көшбасшыларына саммитке қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі кездесу өңірді орнықты да­мы­ту қағидаттарына, прагматикалық жә­не өзара келісілген экологиялық күн тәр­­­­тібін ілгерілетуге бейіл екенімізді рас­­тай­ды. Осы жиында Қордың даму перс­­­­­­­­пек­тивасын талқылап, Арал теңізі бас­­сейнінің экожүйесін сақтауды көздейтін ортақ шешімдерді айқындаймыз. Бұл кең ауқымдағы халықаралық мәселе бол­ғандықтан, біздің жұмысымызға көптеген мем­лекеттер, халықаралық ұйымдар назар аударып отыр. Аралды құтқару мәселесі көп жылдар бойы аймақта да, әлемде де айтылып келеді. Өңірдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өркендету – ортақ әрі қол жеткізуге болатын міндет. Аталған бас­қосу ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беріп, аймақ мемлекеттеріне пай­дасын тигізеді деп үміттенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Халықаралық Аралды құтқару қоры Орталық Азиядағы су шаруашылығы мен экологиялық мәселелердің шешімін табу үшін өңірдегі мемлекеттердің күш-жігерін ортақ арнаға ұйыстыратын бірден-бір институционалдық платформа екеніне тоқталды.

– Қазақстан Қорға төрағалық ету ба­­рысында барлық құрылтайшы мем­ле­кет­тердің қатысуымен көптеген өзек­ті міндеттердің шешімін табуға дә­йекті түр­де ықпал етті. Мысалы, су-энергетика саласындағы ынтымақ­тастық нығайып, жо­баларды қаржы­ландыру тетіктері кеңейіп келеді. Қор­­дың Атқарушы ко­ми­те­тінің үй­лес­­тіру қызметін арттыру жөнінде ша­ра­лар қабылданды. Халық­аралық әріп­тестермен, соның ішінде БҰҰ құ­рылымдарымен, қаржы инсти­туттары­мен және донорлармен ықпалдастық кү­шеюде. Халықаралық табиғатты қор­ғау бастамалары аясындағы жұ­мыс жанданды. Қордың Атқарушы ко­митеті бірқатар маңызды жиынға, атап айтқанда, Рияд қаласында өткен One Water саммитіне, Найробиде ұйым­дастырылған БҰҰ-ның қоршаған орта жөніндегі 7-ші Ассамблеясына, сондай-ақ Бакудегі СОР-29 және Белендегі СОР-30 конференцияларына қатысты. Арал теңізі бассейніндегі елдерге көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасына және Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі Өңірлік бағдарламасына жіті назар аударылып отыр. Аталған бағдарламалар мен бастамаларды қаржыландырудың жалпы көлемі екі миллиард доллардан асады. Қазақстанның Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымымен серіктесе оты­рып әзірлеген 2026-2029 жылдарға ар­налған Өңірлік жол картасы Арал маңы тұрғындарының денсаулығын жақ­сартуға және әл-ауқатын арттыруға үлес қосады, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Солтүстік Арал­­дың экожүйесін қалпына кел­тіру бойынша бірлескен күш-жігер­дің арқасында оң нәтижеге қол жет­кізілгеніне мән берді.

– Теңіздегі су көлемінің 18,9-дан 23,5 текше шақырымға дейін ұлғаюы Арал маңындағы балық шаруашылығына, жалпы әлеуметтік-экономикалық ахуал­ға жағымды әсер етті. «Арал» геопаркі құрылды. Бұл – аумақтың орнықты даму үлгісі бола алатын бірегей табиғи әрі ғылыми нысан. Жобаның басты мақ­саты – Арал теңізінің табиғи-эко­логиялық және тарихи мұрасын сақ­тау. Қазіргі уақытта оны ЮНЕСКО гео­­парктері жаһандық желісінің ны­сан­дары қатарына қосу бойынша жұ­мыс жүргізіліп жатыр. Осылайша, Қазақ­станның төрағалығы Қордың тиімділігін көтеруге бағытталды. Қолдау көрсетіп, бірлесе әрекет еткен барлық құрылтайшы мемлекеттерге шынайы алғысымды ай­тамын. Жұмыла жұмыс істеп, мақсат пен нақты істі сабақтастыра отырып, ха­лықтарымыздың тұрақты болашағын қамтамасыз етуде бұдан да зор табыстарға қол жеткізе алатынымызға сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент назар аударған бір түйткіл: бүгінгі жетістіктерге қарамастан, эко­ло­гия­лық қатерлердің өсу қарқыны оны төмендету мақ­сатында қабылданған шаралардан асып түседі. Мұны Арал теңізі бассейнінің қазіргі жағдайын тал­дау нәтижелері көрсеткен.

– Арал бассейніндегі экологиялық ахуал алаңдатарлық. Оны барлығыңыз жақсы білесіздер. Арал маңайындағы климат айтарлықтай өзгеріске ұшырады: жаздағы ауа температурасы орта есеппен 2-2,5 градусқа көтерілді, құрғақшылық күшейіп, қыс суық бола түсті. 100 шақырым шеңберінде жауын-шашын көлемі азайды. Құмды дауыл жиіледі. Аралқұм шөлінен жыл сайын ондаған миллион тонна тұз, құм, түрлі химиялық заттар атмосфераға көтеріледі. Олар әлемнің ең шалғай түкпірлерінен, мә­селен, Солтүстік Мұзды мұхиттан табылып, алыс аумақтағы топыраққа, экожүйеге және адамдардың денсау­лығына зиян келтіріп отыр. Теңіз таба­нынан ұшқан тұзды шаңның Тянь-Шань мен Памир мұздықтарына дейін жетуі алаңдаушылық туғызады. Дүниежүзілік метеорология ұйымының мәліметіне сүйенсек, мұз­дықтар үшін кейінгі гидрологиялық жыл бақылау жұмыстары басталғаннан бергі (1950 жылдан) ең нашар кезең болған. Мұздықтардың азаюы тұтас аймақтағы су қауіпсіздігіне қатер төндіруде. Сондай-ақ су тұтыну көлемі тұрақты түрде артып келеді. Барлық су ресурстарының 80 пайыздан астамы ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылады, яғни суармалы жүйедегі шығын азаймай тұр. Мұндай жағдайда келісілген және ұзақмерзімді шешімдер әзірлеген жөн, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев су проб­лема­­­тикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар ау­­да­ратын өзекті мәселе ретінде қарас­тыруға шақырды.

– Бұл – ұлттық деңгейдегі немесе тактикалық емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет. Сондықтан нақты іске көшу керек. Қор жұмысының ұйымдастыру механизмдерін жаңарту да өзекті. Сол арқылы Ұйым қызметінің қолданбалы сипаты күшейе түседі. Біздің ойымызша, Қордың өңірге ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайта түскен жөн. Осылайша, су, экология және орнықты даму мәселелерін Ор­та­лық Азия елдерінің мүддесіне сай тиімді шешуге болады. Бұған дейін қа­лыптасқан өзара ықпалдастықты да­мыт­қан дұрыс. Халықаралық сарап­шылардың бақылауынша, соңғы жыл­дары су мәсе­лесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Яғни, халықаралық аспек­тілер, өзара ынтымақтастық, соның ішінде көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ес­ке­рілмейді. Олардың пі­кірін­ше, су-энергетика са­­ла­сында тепе-теңдіктің болмауы, транс­шекаралық өзендерді басқару тәртібінің бұзылуы, экологиялық зар­даптың салдарын еле­меу – негізгі се­беп. Дәл осындай қиын жағдайда әр елдің суға қатысты ст­ратегиясын ұш­тастыруға ұмтылып көру керек. Бұл су үнемдеу ісіндегі озық тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының пікірін­ше, аймақтағы су мәселелері мен эко­логия­лық сын-қатерлер арта түс­кен сәтте өзара келісімге келіп, кедергілерді бірлесіп еңсеру үшін күш-жі­гер жұмылдыру, бірлік таныту – өте маңызды.

– Баршаңызға белгілі, Қырғызстан­ның Қордағы қызметі тоқтап тұр. Бұл – Қырғыз мемлекетінің өз еркі. Қазақстан оған құрметпен қарайды. Бұл ретте Қазақ­стан ведомстволар арасындағы жұмыс деңгейінде Қырғызстанмен бай­ланыстың дамуын жоғары бағалайды және қарым-қатынасты одан әрі жандан­дыруға дайын. Орталық Азияның ор­нық­ты дамуы үшін Қырғызстанның тәжірибесі өте маңызды. Сондықтан еліміз Қырғызстанның Халықаралық Аралды құтқару қорындағы қызметін ертелі-кеш жаңғыртады деп есептейді. Біз бұған тек қуанар едік. Қордың аймақтағы рөлін нығайту мақсатында көпжақты ықпалдастықтың түрлі фор­матында, соның ішінде Консультативтік кез­десу­лердің күн тәртібінде су мәселесін қарастыруды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұдан бөлек, Президент сұраныс­қа ие жобалардың қосымша қорын жа­сақтау үшін халықаралық ұйымдар­мен, донорлармен және қаржы инсти­туттарымен бірлескен жұмысты кү­­­­шей­­тудің маңызына тоқталды.

– Бүгін Өңірлік экологиялық сам­миттің пленарлық отырысында БҰҰ-ның мамандандырылған институты ре­­тінде Ха­лықаралық су ұйымын құру туралы бастаманы қайта көтердім. Мұндай құрылымды жасақтау – уақыт талабы. Бұл бастаманы халықаралық су қоғамдастығы да қолдап отыр. Аталған тетік аймақтағы су қауіпсіздігін сақтау мәселесінде әлемдік қауымдастықтың күш-жігерін шоғырландыруға ықпал етеді. БҰҰ аясында жұмыс істейтін мұндай институт ешбір елге, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттеріне зиянын тигізбейді. Сондықтан осы бастамаға қолдау көрсетулеріңізді сұраймын. Тіпті, оны Біріккен Ұлттар Ұйымына Орталық Азия елдерінің ортақ жобасы ретінде ұсынуға болады. Осылайша, Орталық Азияның бірқатар мемлекеттерінің ас­тана­ларында UN Water ұйымының жекелеген сегменттерін ашуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, БҰҰ аясында Арал су жүйесінің, Әмудария мен Сырдария өзендерінің халықаралық күндерін бекіту туралы бірлесіп бастама көтерген жөн. Сол арқылы Аралдың су экожүйесін сақтау мәселесіне әлем назарын аудара аламыз. Мен айтқан ұсыныстардың бар­лығы біздің ортақ мүддемізге сай келеді. Бұл – саяси популизм емес, оның ешқандай астары да жоқ, – деді Мем­лекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Арал тағдыры – аймақ елдеріне төнген зор экологиялық қауіп-қатер ғана емес, нақты нәтижеге жету жолындағы әрекеттердің сыналар шағы екенін айт­ты.

– Аймақтың тағдыры тек қана өз қо­лымызда, сенімді диалог пен елдеріміз арасындағы тығыз ынтымақтастыққа тікелей байланысты. Құрметті әріптес­тер, президенттер, қадірлі бауырлар, бәріңіз су мәселесінің маңызын жақсы түсінетін ықпалды әрі тәжірибелі азамат­сыздар. Өңірде су болмаса, Орталық Азия елдерінің де күні қараң. Су жастары­мыздың тұрмысын жақсартып, болашағын жарқын етеді. «Су – тіршілік көзі». Бүгінгі саммит Халықаралық Аралды құтқару қорының қызметіне тың серпін беріп, халықтарымыздың игілігі жолындағы өңірлік өзара ықпал­дастықтың жаңа кезеңіне айналады деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті.

Кеңес отырысында Қырғызстан Пре­­­зиденті Садыр Жапаров, Тәжікстан Пре­зиденті Эмомали Рахмон, Тү­рік­­менстан Президенті Сердар Бер­дімұха­медов, Өз­бекстан Президенті Шавкат Мир­зиёев, Халықаралық Аралды құтқару қоры Ат­қарушы комитетінің төрағасы Асхат Оразбай сөз сөйледі.

Саммит қорытындысы бойынша Арал­ды құтқару жөніндегі төрт құжатқа қол қойылды.