Қара жердің бабы мен бағы

Өткен ғасырдан дала төсінің дара патшасы болған алтын бидай биыл тағынан тайғандай: шаруалар одан теріс айналып жатыр. Мемлекет те қолдау бағытын мал шаруашылығының берекесіне бұрып, төрт түліктің жемазық базасын нығайтуды көздейді. Ендеше диқан қауымы биыл қай дақылға басымдық беріп, қай өнімнен байлық-бақуат күтеді? Дала дидарындағы өзгерістер қалай өрбімек?

Егісте еңбек дүбірі қызып тұр

Аграрлық секторда шешуші кезең: елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық қуатын айқындайтын ұлы науқанның қар­қыны үдеді. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, өткен аптаның соңындағы жағдай бойынша ел аумағындағы егіс алқаптарының 77%-ы егіліп болды. Облыс әкімдіктерінің жедел дерек­тері бүгінде ауыл шаруашылығы да­қыл­дарының 16,3 млн гектар алқапқа себіліп болғанын сүйіншілейді. 2026 жылы егістіктердің жалпы ауданы 23,8 млн гектарға жет­пек. Бұл был­тырғыдан 180 мың гектарға көп.

Дала еңбеккерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында қазірдің өзінде топыраққа еніп үлгерген дақылдардың құрылымы ауқымды­лығымен таңғалдырады. Атап айтқанда, қазірдің өзінде дәнді (бидай және дәнді бұршақ) дақылдары – 11,2 млн гектар, майлы дақылдар – 3,6 млн гектар, мал-азық­тық дақылдар – 973,2 мың гектар, мақта – 167,6 мың гектар, картоп – 116,9 мың гектар, көкөніс дақылдары – 112 мың гектар, бақша дақылдары – 81,1 мың гектар, қант қызылшасы 22 мың гектар алқапқа себіліп те қойылды.

Егіс науқаны оңтүстік өңірлерде дәстүрлі түрде ерте басталып, алғашқы серпін берсе, енді еліміздің негізгі астық қоймасы сана­латын 5 өңірде көктемгі егіс жұмыстары екпінді жүргізілу үстінде. Ақмола облысында 4,1 млн, Қостанай облысында – 3,7 млн, СҚО-да 2,7 млн гектар жерге егін егілді. Алып майданға тартылған техниканың күші де орасан: егіс науқанына 133,9 мыңнан ас­там трактор, шамамен 5,6 мың жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш және 188,5 мың топырақ өңдеу құралы жұмыл­дырылған. Жұмыс қызған шақта сыр беріп, сынып қалған техниканы жөнге салып, аграршыларға күндіз-түні көмек қолын созуға 70 сервис орталығы (бұрынғыша – МТС) жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығында тек егу емес, жердің бабын табу – басты қағида. Осы мақсатта 2026 жыл бойы егіс алқаптарына жалпы көлемі 2,3 млн тонна тыңайтқыш енгізіледі деп жоспарланған. Бүгінде соның 1,5 млн тоннасын жеткізуге келісімшарттар бекітіліп, 1,3 млн тоннасы аграршыларға жол тартты. Мұның стратегиялық маңызы зор, себебі кейінгі жылдары бұл өнім қатты қым­баттап кеткен. Кейбір диқан тыңайт­қыштан үнемдеуге көшіп, соның кесірінен ауыл шаруашылығы жерлерінің тез тозып, құнарлы гумусынан айырылып, тақырға айналу қаупі төнген. Топырақтың құруына жол бермеу және тыңайтқыштарды қолжетімді ету үшін 2026 жылы облыстар бюджетінен оны субсидиялауға 56,3 млрд теңге қомақты қаражат шығындау қарастырылды.

Бұл маңызды науқанның басы-қасында Үкімет өкілдері жүр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен оның орын­басары өңірлерді аралап, ауыл шаруа­шылығы өндірушілерімен жеке кездесіп, егіс науқанының барысымен танысып жатыр. Министрлік мәліметінше, 2025 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 5,9%-ға өсіп, 9,8 трлн теңгеге жетті. Бұл – экономиканың базалық саласының елдің шынайы тірегіне айналғанының бұлтартпас дәлелі. Отандық агросектор екінші жыл қатарынан рекордтық нәтиже көрсетті және АШМ осы жетістіктің биыл да қайталанғанын, тіпті еселенгенін қалайды.

Агросектордағы жаңа нарық заңы

Әйтсе де, елдегі «тіршілік нәрінің» тапшылығы мен трансшекаралық су проблемалары Үкіметті аграршылар алдына қатал талап қоюға мәжбүрлеп отыр: суды мейлінше көп қажет ететін бидай, күріш пен мақта алқаптарының көлемін жыл сайын қысқартып келеді. Әрине, білікті мамандар соя секілді бұршақ тұқымдастар да, қияр, қырыққабат, баклажан сияқты бау-бақша өнімдері де, тіпті асқақ бойлы жүгері мен көпжылдық мал азығы да бұл кәусарды ашкөздікпен сіміретінін еске салады. Бірақ АШМ бұл дақылдарға тосқауыл қойған жоқ, керісінше, олардың өрісін кеңейтуге қолдау көрсетеді.

«Биыл саланы дамытудың жаңа қозғаушы күші мал шаруашылығы болуға тиіс. Бұл бағытта қалыпты өсімнен жедел даму кезеңіне өтіп, серпінді нәтижелерге қол жеткізу қажет», – дейді Азат Сұлтанов.

Вице-министрдің кешегі Қостанай облысына жұмыс сапары бұрын қалпымен бидай егетін бұл өңірде де «егістік патша­сының» үстемдігінен айрылып жатқанын паш етті. Қостанай облысында ауыл шаруашылығы дақылдарын осы жылы 5,5 млн гектар жерге егу жоспарланыпты. Мұн­да дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 4 млн гектарға себілмек: оның ішінде бидай­дың үлесі – 3 миллиондай ғана. Қалған құнар­лы алқаптардың бағыты өзгерген: майлы дақылдар 887 мың гектарға, ал малға азық дақылдар 559 мың гектарға егіліпті.

Егістік трансформацияның тағы бір жарқын мысалы ретінде ХХ ғасырдан бері егіс алқаптарында негізінен бидай жайқала өскен Ақмола облысын айтуға болады. Мұнда да егіншілердің монодақылдан белсенді бас тартып жатқаны анықталды. Облыстың беткеұстарының бірі – Зеренді ауданындағы Namys Group компаниясында 2026 жылы жалпы егіс көлемі 15 мың гектардан аспақ. Алайда енді оның небәрі 5 мың гектары бидайға бөлінген. Қалған ал­қаптың 4 мыңына зығыр, 3 мыңына жасы­м­ық егілетін болды. Себебі олардан түсетін таза табыс әлдеқайда жоғары және бұл өнімдер үшін мемлекеттік бюджеттен мол субсидия беріледі.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахмет­жанов диверсификацияға басты екпін түсіріп отырғандарын жеткізді: үлкен сұранысқа ие майлы дақылдардың алаңы 2026 жылы 600 мың гектарға дейін артты­рылған. Ауыл шаруашылығы министрі Ай­дарбек Сапаров Ақмола облысына сапар­ында диқандарды жаңа қолдау тетіктерін сұрай бермей, қолда бар құралдарды барынша тиімді пайдалануға, тыңайтқышты жеткілікті көлемде төгу сияқты агротехнология талап­тарын қатаң сақтауға және егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын күшейтуге шақырды. 

– Мемлекет тарапынан егіс науқанын сапалы әрі уақытылы өткізу үшін барлық жағдай жасалған! Ақмола облысы – еліміздің жетекші аграрлық өңірлерінің бірі. Өткен жылы диқандар 7,5 млн тонна астық жинап, республика бойынша ең жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Бұл – жүйелі жұмыстың, аграршылардың кәсібилігінің және мемле­кеттік қолдауды тиімді пайдаланудың нә­ти­жесі. Ауа райы қолайлы болса, егіс науқаны жоғары деңгейде ұйымдастырылса, биыл бұдан да мол өнім алуға толық мүмкіндік бар, – деп міндет қойды А.Сапаров.

Министр Мемлекет басшысының тап­сырмасымен, соңғы екі жылда агроөнеркәсіп кешенін жеңілдетілген несиелеу көлемі едәуір артқанын еске салды. Оның дерегінше, ел көлемінде 2026 жылы көктемгі дала және егін жинау жұмыстары үшін 750 млрд теңге арзандатылған несие таратылады. Бүгінде жалпы сомасы 626,3 млрд теңгеге 5 102 өтінім түсті. 4,7 мыңнан астам аграршыға 566,4 млрд теңге несие беріліп, 6,7 млн гектар астам егіс алқабы қамтылды. Ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизингі бағдарламасы аясында жыл басынан бері 224,8 млрд теңге көлемінде өтінімдер түсті. Бұл отандық агросектордың жаңа деңгейге көтерілуге деген зор талпынысы мен құлшынысын көрсетеді.

Алтын дәннің мұңы мен құны

Бидай егістіктерінің қысқаруы суды үнемдеуді мемлекеттік саясаттың бір басымдығы ретінде бекіткен Үкімет үшін аса қажет. Ал егіншілер ондаған жылдар бойы жинаған тәжірибесін тәрк етіп, не себепті бұл дақылдан теріс айналып жатыр? Оның ащы шындығын қарағандылық «Черниговский и К» ЖШС басшысы Айдос Қанапин түсіндірді. 

– Ең сапалы бидай орталық-солтүстік облыстарымызда өседі. Мұндағы аптап ыстық пен құрғақ климат кез келген дақылдан үлкен өнім алуға мүмкіндік бермейді. Бірақ табиғаттың дәл осы қатал мінезі бидай құра­мындағы ең құнды көрсеткіш – желімтек-клейковинаның деңгейін арттырады. Түсін­ген адамға бұл нағыз элиталы өнім! Алайда қазіргідей күрделі экономикалық кезеңде нарықтағы трейдерлер, өзге клиенттер астықтың бұл керемет сапасы үшін артық төлегісі келмейді. Осы аяусыз нарық заңы фермерлерді бидай егістігін амалсыз қыс­қартуға және нарықта әлдеқайда табысты, рентабельділігі жоғары майлы және мал азығы дақылдарына шұғыл ден қоюға мәжбүр етіп отыр, – деді ол.

Айдос Қанапин басқаратын шаруашылық Қарағанды облысының Нұра ауданында орналасқан және шамамен 13 мың гектар аумаққа егін салады. Енді оның алдында тұрған басты бір міндеті – өзімен серіктес «Рамадан» сүт-тауарлы фермасын мал азығымен қамту. Осы мақсатта шаруашылықта 700 гектарлық суармалы алқап іске қосылып, онда жүгері, жоңышқа, судан шөбі мен райграс өсіріле бастады. Биыл 400 гектардан астам егіске жүгері себіліп жатыр. Былтыр жүгерінің өнімділігі шамамен 300 ц/гектарды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр бидайдың орташа өнімділігі гектарынан 21 центнерден айналды. 

Негізінде, Нұра – топырағы айтарлықтай жұтаң, ауа райы өте құрғақ аймақ. Сондықтан мұнда ғасырлар бойы тек бидай өсіп келген. Бірақ биылғы маусымда 13 мың гектар тәлімдік (богарлық) жердің тек 8 мың гектары ғана бидайға қиылды. 

«Соңғы жылдары бидайға қатысты жағдай қуантпай тұр. Біздің аймақ қуаң болғандықтан, өнімділік жоғары емес, мә­сел­ен 2025 жылы орташа есеппен 17 ц/гектар ғана болды. Сапасы өте жоғары. Әйтсе де, сатып алушыларға алтынға бергісіз сапаның қажеті шамалы болып шықты: олар клейковинасы жоғары астық үшін артық төлеуден үзілді-кесілді бас тартты. Ал бізде былтыр бидайдың желімтегі 24%-дан 30%-ға дейінгі ең жоғары деңгейді көрсеткен-тін! Сатып алушының бәрі мал азықтық ұн өндіру үшін 4-5 сыныпты арзан бидай іздеді. Өз бидайымызды тоннасына 95 мың теңгеден әзер өткіздік», – дейді ЖШС басшысы.

Дрон «құлағында ойнаған» диқан

Осы және басқа да факторлар фермерлерді дәнді дақылдар алқабын қысқартып, күн­бағыс, рапс, зығыр, мақсары сияқты майлы дақылдар алқабын кеңейтуге мәжбүр етті. Соңғы жылдардағы нарықтық жағдай фермерлердің таңдауын майлы дақылдардың пайдасына бұрды. Кейбірі тіпті бір маусымда барынша көп пайда табу үшін ғылыми негізделген ауыспалы егіс тәртібін бұзып, күнбағысқа егістік алқабының 25%-ынан астамын бөлуге дейін барды. Әрине, сауатты фермерлер егіс алқаптары құрылымын бұзудың қандай қауіп-қатер әкелерін біледі, сондықтан ауыспалы егіс теңгерімін сақтауға тырысады.

«Победа» ЖШС бас агрономы Петр Чернецкийдің мәліметінше, жүгері дәнінің бағасы жоғары – тоннасына шамамен 150 мың теңге. Ал бидайдың тоннасын 95-100 мың теңгеге әрең өткізуге болады. Айырма­шылық айқын. Айтпақшы, заманауи техно­ло­гиялық жаңалықтар мен цифрландыру үрдісі ауылға да жетті. Көштен қалмаған «Победа» ЖШС да өткен маусымнан бастап гербицидтік, фунгицидтік өңдеулер жүргізу, сондай-ақ күнбағысты жапырағынан қорек­тендіру үшін агродрондарды қолданысқа енгізді.

«Күнбағыстың бойы 1,8 метрге жеткенде оны өңдеу үшін дрондар – таптырмас құрал. Өйткені қалың ну болып өсетіндіктен, бүріккішті арқалап немесе трактормен оның арасына қойып кете алмайсың, тек аспандағы дрондарға жүгіну қалады. Оның артық­шылығы – еңбек және қаржы шығыны өте аз. Біздің шаруашылық паркінде екі мықты агродрон бар, олар 12-13 сағатта 400 гектар алқапты түгел өңдеп тастайды!» – деп мақтана бөлісті бас агроном Петр Чернецкий. 

Шаруашылықтың жоспарында ұш­қышсыз ұшу аппараттарының паркін кеңейту бар. Себебі бүгінгі заманауи фер­мерлер ауыл шаруашылығының болашағы мен берекесі дәл осы жоғары технологиялар мен цифрлық шешімдерде екеніне көз жет­кізіп отыр.

Айхан ШӘРІП