ҚазҰУ-да жаңа Құрылтайдың саяси-құқықтық рөлі сарапталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Сайлаудан –  шешімдерге: жаңа Құрылтайдың қоғамдық сұранысты жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараны ашқан университет басшысының кеңесшісі Еркін Дүйсенов ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын жеткізіп, осындай кезеңде мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогты арттырудың өзекті екенін жеткізді.

Ол өз сөзінде ЖОО басшысы елде жүргізіліп жатқан саяси-құқықтық реформалар жағдайында азаматтардың мүдделерін білдіріп, халықпен тұрақты кері байланыс орнатудың маңыздылығына тоқталғанын атап өтті. 

Жиын барысында сарапшылар Құрылтай қызметінің конституциялық-құқықтық мәртебесін, өкілді орган ретінде қалыптасу ерекшелігін және мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысуын қамтамасыз ету тетігін жан-жақты талқылады.

Сонымен бірге азаматтық белсенділікті дамыту, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін қорғау мен мемлекеттік институттар және халық арасындағы өзара іс-қимылды арттыру жолына басымдық берілді. 

Дөңгелек үстел қорытындысында өкілді органның қызметін одан әрі дамыту, қоғамдық қатысу тетігін жетілдіру және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған практикалық ұсынымдар қамтылған арнайы қарар қабылданды.