Көкшетауда 9 мамыр күні болған қайғылы жол-көлік оқиғасы тұтас өңірді дүр сілкіндірген. Тұрғын үй ауласына кірген көлік 52 жастағы әйелді қағып, басып-жаншып өтті. Артында 12 жастағы ұлы жетім қалды. Ең сорақысы, көлік тізгінінде жүргізуші куәлігі жоқ әйел отырған. Одан кейін де облыс орталығында бесіктен белі жаңа ғана шыққан балаларды соғып кетіп, ауыр жапа шектірген бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қоғам тарапынан үлкен резонанс тудырып, ащы жанайқайын әлеуметтік желілерде шырылдап жазған, шулаған халықта есеп болмады. Бірақ түйткілдің түйіні тым арыда жатқанын өзіміз жүргізген журналистік зерттеу барысында анық бағамдадық. Өкініштісі сол, бұл еліміздің қандай қиырында болмасын күні бүгінге дейін саладағы сорақы «тірліктің» жалғасып келе жатқанын әрі тамыры тым тереңге кеткенін айғақтап берді. Сондықтан заң арқылы тосқауыл қойып, реттелмесе өкінішті оқиғалар одан сайын жиілей беретіні анық көрінді.
Қоғамды аса алаңдататын ащы шындықтың бірі – көлік тізгіндегендердің көпшілігі қарапайым жол ережелерін білмеуі. Өйткені күні бүгінге дейін автомектептерде оқымай-ақ «оқыды» деген ресми сертификат құжатты сатып алу мүмкіндігі, тіпті куәлікті сатып-ақ ала салған оқиғалар жиі айтылады. Бұл жылдар бойы қордаланған жүйелі түйткілдің енді іс жүзінде сыртқа шыққан көрінісі десек те артық айтпаспыз. Ақмола облысында жол-көлік оқиғаларының жылдан-жылға көбеюі, жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндейтіндердің азаймай отырғаны, заңсыз жүргізуші куәлігін беру фактілерінің анықталуы және автомектептердің жұмысына қатысты сын әңгімелердің көбеюі қоғамды алаңдатпай қоймайды.
Жолдағы өлім неге көбейіп барады?
Ақмола облыстық Полиция департаментінің мәліметіне қарағанда 2024 жылы облыста 920 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 105 адам қаза тауып, 1 296 адам жарақат алған. Ал 2025 жылы жағдай одан әрі күрделене түсіпті. Бір жылдың ішінде 1 079 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 104 адам көз жұмса, 1 716 адам түрлі деңгейдегі дене жарақатын алған. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде-ақ 171 жол-көлік оқиғасы болып, жол бойында 7 адам қаза тауып, 246 адам жараланған. Тек соңғы үш жыл ішінде болған бұл оқиғалардың өзі-ақ жаныңды түршіктіріп жіберері хақ. Сандардың өзі-ақ жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғартып тұр.
Полицияның талдауынша, апаттардың негізгі себептері – жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуы. Атап айтқанда, жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығып кету, маневр жасау қағидаларын сақтамау, жаяу жүргіншілерге жол бермеу, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне де қарамай өтіп кету, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер мәдениетінің төмендігі сияқты себептер.
Аса алаңдатарлық тағы бір жайт – жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың жол қозғалысына қатысуы болып отыр. Көкшетау қаласының өзінде ғана 2025 жылы жүргізуші куәлігі жоқ адамдардың қатысуымен 13 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 2026 жылы мұндай төрт бірдей дерек тіркелген. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді. Ақмола облысында 2025 жылы жүргізуші куәлігі жоқ күйде көлік басқарғаны үшін 3 706 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 2026 жылдың алғашқы айларында-ақ дәл осылай заңды белден басқан 1 430 азамат жауапқа тартылып үлгерген болып шықты. Тағы бір ауыр мәселе – көлігін куәлігі жоқ адамға сеніп тапсыратындардың көптігі болып отыр. Былтыр облыста 730 адамға, биыл 266 адамға осындай әрекеті үшін әкімшілік іс қозғалған. Сонда мыңдаған адам заң талабын елемей көлік жүргізіп жүрсе, жолдағы қауіпсіздік туралы қалай айтуға болады?
Жасырын эксперимент нені көрсетті?
Жалпы, қазір жүргізушілер қалай дайындалады? Сабақ қалай өткізіледі? Материалдық-техникалық база жеткілікті ме? Жүргізушілердің алғашқы тәжірибе жинақтау үшін көлік жүргізу орындары мен автодромдар бар ма? Тағы да басқа сұрақтарымызға жауап іздеу үшін өзімізді қарапайым клиент ретінде таныстырып, Көкшетаудағы автомектептердің біріне арнайы бас сұқтық. Автомектеп менеджерінің айтуынша, оқу мерзімі – екі ай, бағасы – 75 мың теңге. Теориялық сабақтар онлайн форматта да өте береді. Жүргізуші куәлігін алу үшін сабаққа жазылғандарға бейнесабақтар жіберіледі. Өзінің қауіпсіздігі үшін автодромдарда және қала ішінде жүргізу тәжірибелік сабақтары өтеді екен. Бірақ қанша сағат жүретінін әркімнің өз қалауы біледі. Яғни «қатып қалған» қағида жоқ. Алайда әңгіменің ең назар аударарлық тұсы басқа болды.
Біз сабаққа мүлде қатыспайтын, жұмысбасты адамның сертификат алу мүмкіндігін сұрағанда, автомектеп қызметкері екі айдан кейін сертификат рәсімдеуге болатынын, бірақ «өзі үшін оқып алғаны дұрыс» екенін айтты. Әрине, бұл бір ғана автомектептегі әңгіме. Оның үстіне, мұндай жауаптың заңға сәйкестігін бағалау құзыреті уәкілетті мемлекеттік органдарға тиесілі екенін атап өткен жөн. Дегенмен мұндай тәжірибе жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты заңды сұрақтар туындатады.
Бұл күмән тек журналистік бақылаумен шектелмейді. Ақмола облысының прокуратурасы жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарына жүргізілген тексеру барысында да бірқатар өрескел заңбұзушылықты анықтаған. Бұған облыс прокуратурасына арнайы жолдаған ресми сауалдарымызға ұсынылған жауап арқылы көз жеткіздік. Атап айтқанда, оқу бағдарламасының қысқартылуы, практикалық сабақтардың толық өтпеуі, қажетті материалдық-техникалық базаның болмауы және медициналық бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған. Тексеру материалдары уәкілетті органдарға жолданып, прокурорлық ден қою шаралары қабылданған. Бұл сан соқтырған түйткілді түйіндердің кездейсоқ емес, жүйелік сипат алғанын айғақтай түседі.
Биыл Ақмола облысының Полиция департаментіне Ұлттық қауіпсіздік комитетінен жүргізуші куәліктерін заңсыз беру схемасына қатысты ұсыныс та түсіпті. Тергеу барысында Көкшетаудағы мамандандырылған ХҚКО-ның лауазымды тұлғалары мен басқа адамдардың заңсыз жүргізуші куәліктерін ақшаға рәсімдегені жөнінде қылмыстық іс қозғалды. Қазір он азаматтың жүргізуші куәлігін сот арқылы жарамсыз деп тану туралы талап-арыздар берілген. Бұл қоғамда бұрыннан айтылып жүрген «жүргізуші куәлігі сатылып жатыр» деген әңгіменің іс жүзінде құр қауесет емес екенін анық аңғартады.
Ресми деректерге жүгінсек, бүгінде Қазақстанда жалпы саны 727 автомектеп жұмыс істейді. депутаттар олардың едәуір бөлігінің материалдық базасы әлсіз екенін, сондай-ақ мемлекет тарапынан бақылаудың жеткіліксіз екенін бірнеше рет көтерді. Ал Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне қарағанда, қазір жүргізушілерді даярлау ұйымдарына мемлекеттік бақылауды қайтару мәселесі қаралып жатыр. Бұл өзгерістердің кездейсоқ қолға алынып отырмағанын айқын көрсетеді.
P.S.
Көкшетаудағы қайғылы оқиға бір ғана жүргізушінің қателігі емес. Өкінішке қарай, бұл жүргізушілерді даярлау жүйесіндегі олқылықтардың, заң талаптарының тым солқылдақтығы мен шикілігі әлі де көп екенін аңғартады. Бұған жол-көлік оқиғаларының салдарынан жүздеген, тіпті мыңдаған адамның ажалына, яки жарымжан болуына себепкер болуы айқын көрсетеді. Жол ережесін елемейтін азаматтардың және сондай-ақ құзырлы органдар тарапынан бақылау тетіктерінің әлсіреуі де осындай ауыр ахуалға әкелгендей көрінеді. Мыңдаған адам куәліксіз көлік жүргізіп жүргені шындық. Жүздеген адам көлігін ондай адамдарға сеніп тапсырғаны да ащы ақиқат. Мұндайда жүргізушілерді даярлау сапасына қатысты қандай сұрақ қоюға болады? Бір анығы, мәселені тек айыппұлмен немесе кезекті рейд шараларымен шеше салу мүмкін емес. Өйткені жол қауіпсіздігі көлік тізгіндеген әрбір адамның жауапкершілігінен басталмақ. Бірақ сол жауапкершілікті қалыптастыратын жүйенің өзі мінсіз жұмыс істемесе, жолдағы қайғылы статистиканың азая қоюы екіталай. Өйткені рөлдегі бір адамның қателігі бүтін бір отбасының ғана емес, тұтас қоғамның қасіретіне айналып отыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы










