Telegraph басылымының материалына сүйенген Aikyn.kz Еуропадағы саяси көшбасшылардың ауысуы Ресей мен Украина арасындағы соғыстың аяқталуына қалай ықпал ететінін бағалайды.
Соңғы жылдары Кир Стармер мен Эмманюель Макрон бұрынғы Лондон мен Париж арасындағы Brexit, вакцина және балық аулау мәселелерінен туған келіспеушіліктерді ұмытып, Еуропаның сыртқы саясаттағы негізгі тіректерінің біріне айналған еді. Екі саяси басшы Украинаны қолдайтын 30-дан астам мемлекетті біріктіріп, соғыс аяқталған соң Украинада қауіпсіздік кепілдігін қамтамасыз ететін еуропалық әскер орналастыру жоспарын да әзірлеген болатын.
Алайда Стармердің орнын басқан Энди Бернхэм ішкі саясатта тәжірибелі болғанымен, халықаралық қатынастарда әзірге өзін толық таныта қоймаған тұлға. Ол Украина мен НАТО-ға қатысты бұрынғы бағыттың жалғасатынына одақтастарын сендіргісі келеді. Бірақ коалицияның әлсіреуіне қатысты басты алаңдаушылық Макронның алдағы жылы қызметтен кетуімен байланысты.
Франция президенттігіне үміткерлердің қатарында Марин Ле Пен мен Жан-Люк Меланшон бар. Ле Пен бұған дейін Францияны НАТО-ның әскери қолбасшылығынан шығару, Ресейге қарсы санкцияларды тоқтату және Украинаны Мәскеудің талаптарына жақын келісімге көндіру жөніндегі пікірлер айтқан. Ал Меланшон Батыстың әскери одағынан толық шығуды ұсынған.
Батыс шенеуніктерінің пікірінше, осы екі үміткердің бірі жеңсе НАТО мен ағылшын-француз қарым-қатынасында «елеулі проблема» туады. Сондықтан Ресей мен Украина арасындағы шиеленісте Еуропаны «біріктіріп» келген Макронның орнын кім басады деген сұрақ Еуроодақ үшін өзекті болып отыр.
Басты үміткер ретінде Германия канцлері Фридрих Мерц аталады. Ол Германия әскерін Еуропадағы ең қуатты күшке айналдыру жоспарын іске асыруда. Алайда ішкі саяси дағдарыстар, Ресейдің арзан газынан бас тартқан Германия экономикасының тоқырауы оның беделін әлсіретуде. Христиан-демократиялық одақтың депутаты Родерих Кизеветтер Мерцті «Черчилль емес» деп сипаттады.
«Бұл – көшбасшылық емес. Еуропаны кім басқарады? Бізге Черчилль қажет, бірақ қазір Еуропада ондай тұлға жоқ», – дейді ол.
Польша премьер-министрі Дональд Туск пен Италия басшысы Джорджа Мелони де Украинаға әскер жіберуден бас тартқан. Сондықтан олардың Макроннан кейінгі еуропалық көшбасшыға айналуы екіталай.
Осындай кезеңде Еуропаның ірі мемлекеттері Украинаға қатысты саяси, әскери және экономикалық қолдауын қысқартса немесе өз ұстанымдарын қайта қараса, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс келіссөздер арқылы жылдам аяқталуы әбден мүмкін.
Бұндай жағдайда Мәскеу мен Еуропа арасындағы қарым-қатынас та біртіндеп қалыпқа келіп, энергетикалық ынтымақтастық қайта жанданып, ресейлік газ бен мұнай Еуропа нарығына қайта оралар еді. Бұл өз кезегінде Еуропа экономикасының тұрақтануына ықпал ететін маңызды фактор. Осы тұрғыдан алғанда, Стармер мен Макрон дәуірінің аяқталуы тек кадрлық ауысым емес, Еуропаның Ресей мен Украинаға қатысты стратегиялық бағытын қайта айқындайтын маңызды кезең болады деп болжануда.









