Виктор Гюгоның 1831 жылы жарық көрген «Париж Құдай-ана соборы» романы осындай мәңгілік туындылардың қатарында. Француз әдебиетінің гауhартасына айналған шығармада көтерілген махаббат, жалғыздық, әділетсіздік пен қоғамның қатыгездігі секілді мәселелер бүгінде де адамзатты толғандыруда. Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, романның көркемдік қуаты мен идеялық тереңдігі әлсірей қоймаған. Мұның жарқын дәлелі – 21 маусым күні «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында ұсынылған Ролан Пети қойған әйгілі «Париж Құдай-ана соборы» балеті.
Бұл балет алғаш рет 1965 жылы 11 желтоқсанда Париж операсында сахналанған. Музыкасын француз композиторы Морис Жарр жазса, либреттосы мен хореографиясын ХХ ғасыр балет өнерінің көрнекті тұлғасының бірі Ролан Пети әзірледі. Қойылымның декорациясын Рене Аллио жасап, костюмдерін сән әлемінің аңызы Ив Сен-Лоран дайындаған. Алайда спектакльдің құндылығы тек осы атақты есімдердің бас қосуында емес. Ролан Пети Гюго романының көпке таныс сюжетін сахнаға сол күйінде көшіруді мақсат етпеген. Керісінше, ол шығарманың трагедиялық өзегін тереңірек ашып, оқиғаның негізгі салмағын Эсмеральдадан Квазимодоның тағдырына аударуды жөн көрген. Оның интерпретациясында сыртқы сипаты үшін қоғамнан шеттетілген қоңыраушының ішкі әлемі, махаббатқа, мейірім мен достыққа деген құлшынысы алдыңғы қатарға шығады.
Балет басталған алғашқы минуттардан-ақ көрермен ортағасырлық Париждің қарбалас тіршілігінің ортасына еңеді. «Ақымақтар мерекесін» тойлауға жиналған жұрт ең ұсқынсыз адам, Квазимодоны «Ақымақтар папасы» етіп сайлап, оны күлкі мен кекетудің нысанына айналдырады. Осы тұста балеттің негізгі ойы ашыла бастайды. Квазимодоның трагедиясы бүкір денесінде емес, оны сыртқы келбетіне қарап бағалап, адамдық болмысын көруден бас тартқан қоғамның көзқарасында жатыр. Оқиға өрбіген сайын қойылым адамның шынайы қадір-қасиеті мен сыртқы бейнесі, қоғамдық пікір мен ақиқат, қатыгездік пен мейірім арасындағы қайшылықтарды тереңірек аша түседі. Осы тартыстың арасында Эсмеральданың Квазимодоға танытқан қарапайым жанашырлығы оның ішкі дүниесін өзгерткен күшке айналып, қоғам құбыжық деп қабылдаған жанның жүрегінде мейірім, адалдық пен шынайы махаббатты оятады.
Қойылымның ең үлкен жетістігінің бірі – сөзсіз сөйлей алуында. Балетте кейіпкерлер өз сезімін диалогпен емес, қозғалыс пен эмоция арқылы жеткізеді. Әсіресе, Квазимодо бейнесі көрерменге ерекше әсер қалдырмауы мүмкін емес. Кейіпкердің бүкірейген тұлғасы, ауыр қимылдары мен айналасына үрке қарауы оның жан дүниесіндегі жалғыздық пен қорғансыздықты айқын аңғартады. Бір қызығы, орындаушы бұл образды сыртқы атрибуттардың көмегінсіз сомдаған. Сахнада Квазимодоның дене кемістігін көрсететін арнайы жасалған бүкір немесе көлемді костюмдік шешім қолданылмаған. Соған қарамастан, әртіс кейіпкердің сырт келбетін түгелдей би мен пластика тілі арқылы жасап шықты. Иықтың төмен түсуі, қозғалыстың ауырлығы мен тепе-теңдіктің әдейі бұзылуы көрерменге кез келген атрибуттардан әлдеқайда терең әсер етті. Қойылым өрбіген сайын Квазимодоның пластикасы да өзгере бастайды. Эсмеральдаға деген сезім, оның бойынан көрген мейірім мен жанашырлық кейіпкердің ішкі әлеміне сәуле түсіргендей. Бір кездері бүк түсіп жүрген адамның қозғалысынан сенім мен қайсарлықтың нышаны байқалады. Бұл өзгеріс бірде-бір сөз айтылмаса да, анық сезіледі.
Балеттегі тағы бір маңызды кейіпкер – Клод Фролло. Оның бойындағы екіжүзділік пен билікке деген құштарлық трагедияның басты себептерінің біріне айналады. Қараңғы ішкі әлеміне қарамастан, ол – көптің сүйіспеншілігіне бөленген, қоғам пікірін қалыптастырушы жан. Халық оған кіршіксіз сенім артып, пір тұтады. Ал оның айтқан әрбір сөзі ақиқат ретінде қабылданады. Тап осы тұста қойылымның бүгінмен үндестігі байқалады. Орта ғасырдағы халықтың Фроллоның сөзіне еш күмәнсіз сенгені сияқты бүгінде де ел белгілі бір тұлғалардың пікірін ақиқат ретінде қабылдауға бейім. Әлеуметтік желілерде блогерлердің, танымал адамдардың немесе қоғамдық пікір көшбасшыларының бір ауыз сөзі мыңдаған адамның көзқарасына ықпал етеді. Бұрын жұрт алаңға жиналып үкім шығарса, қазір бұл процесс экранның ар жағында жүзеге асып жатыр. Адамдар көбіне оқиғаның мәніне үңілуден гөрі көпшілік пікіріне қосылуға асығады. Біреуді ақтау да, айыптау да оңай. Ал ақиқат көбіне сол шу мен ақпарат тасқынының арасында қалып қояды.
Астана Опера ұжымы қойылымның идеялық өзегін көрерменге үлкен шеберлікпен жеткізе білді. Сахнадағы балет әртістерімен қатар оркестр мен хордың үйлесімді жұмысы қойылымның эмоционалдық қуатын еселей түсіп, әр көрініске тереңдік пен әсер дарытты. Музыка мен бидің мінсіз үйлесімі көрерменді шығарма әлеміне жөнелтіп, оқиға желісінен бір сәтке де ажырауға мүмкіндік бермеді.
«Париж Құдай-ана соборы» – адам табиғаты, қоғамдық үкім, мейірім мен қатыгездік жайлы терең ой қозғайтын балет. Кей қойылым аяқталысымен, көрермен залдан асыға шығып, әсерін сол сәтте-ақ ұмыта бастайтын болса, кейбір туындылар сахна шамдары сөнгеннен кейін де көрермен санасында ұзақ уақыт бойы сөнбей, терең ойларға жетелейді. Астана Опера мемлекеттік опера және балет театры сахналаған «Париж Құдай-ана соборы» дәл сондай қойылымдардың қатарынан орын тапты.
Данажан АМАНГЕЛДИНА,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті









