Іс-шара барысында жазушы, ақын, драматург, «Дүрия дәурен», «Мәңгілік мұра», «Бойтұмар» жыр жинақтарының авторы Қадыр Әлімқұловтың «Әкемнің әлемі» атты роман-эссесінің таныстырылымы өтті. Қаламгер кітаптың жазылу тарихы мен әке тәрбиесінің адам өміріндегі маңызына кеңінен тоқталды.
– Әкенің рөлі қазір төмендеп кеткендей. Әке – тек билік жүргізуші емес, ол – тәрбиенің негізі. Біз «Әкең келе жатыр» деген үш-ақ ауыз сөзден тәрбиеленген ұрпақпыз. Сол сөздің өзінде үлкен мағына жататын. Өйткені тәрбиелеп отырған ана балаға, осы дүниедегі ең мықты, ең құрметті адам әке екенін ұғындыратын. Қазір біз сол құндылықтардан алыстап кеткендейміз, – деді қаламгер.
Жиынның қонақтары «Әкемнің әлемі» кітабының тәрбиелік мәніне тоқталып, әке өнегесінің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы ойларын бөлісті. Астана халықаралық университетінің профессоры, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Владимир Шнайдер:
– Мен бұл кітапты оқып шықтым. Алған әсерім – ең алдымен өз балалық шағымды, өз әкемді еске түсірді. Мұндай шығармалар бүгінде ұмыт бола бастаған құндылықтарды қайта жаңғыртуға ықпал етеді. Сондықтан бұл еңбектер жастар мен студенттер арасында кеңінен талқылануы қажет, – деді ол.
Іс-шара соңында қатысушылар әкенің отбасы мен қоғамдағы орнының ерекше екенін атап өтіп, кешті «Менің әкем – ең жақсы адам» әнімен қорытындылады. «Әке ізімен» атты тағылымды кеш әкеге деген құрметті арттырып, ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген мазмұнды рухани кездесу болды.
Ақтілек МЕРЕКЕ,
ЕҰУ-дың 2-курс студенті










