Ақылы жолдарда әр өңірде жылдамдық режимі әртүрлі – Болатбек Нәжметдинұлы

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжметдинұлы  Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа халықаралық тасжолдардағы жылдамдық режимі туралы  депутаттық сауал жолдады. 

Болатбек Нәжметдинұлының айтуынша, соңғы жылдары мемлекет халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға және жаңғыртуға қомақты қаражат жұмсады. Соның ішінде еліміздің ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі.

Бұл жоба – Қазақстанның оңтүстік өңірлерін еліміздің басқа аймақтарымен байланыстырып қана қоймай, Орталық Азия мемлекеттерін Ресей және Еуропа нарықтарымен жалғайтын маңызды халықаралық көлік дәлізі.

Аталған жобаны іске асыру кезеңінде мен Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы – ред.) әкімінің орынбасары ретінде оның жүзеге асырылуына тікелей қатыстым. Жобалау және құрылыс барысында жолдың өткізу қабілеті, қауіпсіздігі, болашақтағы көлік ағыны және инженерлік шешімдер бірнеше рет жоғары деңгейде талқыланды. Мен де сол кезде осы оңтүстік  бағыттағы жолды төрт жолақты, жылдамдығы жоғары, қауіпсіздік талаптарға сәйкес, бағыттары толық бөлінген автомагистраль ретінде салу қажеттігін қолдап, көтерген лауазымды азаматтардың бірі болдым.

Өйткені бұл – еліміздегі халық ең тығыз орналасқан өңірлердің бірі. Сонымен қатар Қазақстанның оңтүстігі арқылы өтетін ішкі көлік ағындары мен халықаралық транзит көлемі жыл сайын артып келе жатқан болатын.

Сондықтан жобаның басты мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, көлік қозғалысын жеңілдету, өткізу қабілетін арттыру, жылдамдығы жоғары және қозғалыстың үздіксіздігін қамтамасыз ету.

Осы мақсатта қарсы бағыттағы қозғалыстар толық бөлінді, жол бойы қоршалды, көпдеңгейлі жолайрықтар салынды, жаяу жүргіншілердің жолға шығуы шектелді және халықаралық талаптарға сәйкес қауіпсіздік инфрақұрылымы қалыптастырылды.

Яғни, бұл жолдар ең алдымен қауіпсіз әрі жылдам қозғалысты қамтамасыз ету үшін салынды.

Алайда бүгінде азаматтардан және жүргізушілерден аталған жолдағы жылдамдық режиміне қатысты көптеген өтініштер мен шағымдар келіп түсуде. Ол жағдайды өңірде өзіміз де көріп отырмыз. 

Әсіресе, толық қоршалған, барлық қауіпсіздік талаптарына сай салынған төрт жолақты магистральдарда елді мекендер маңында бірнеше шақырым бойы жылдамдықтың 60 км/сағатқа дейін төмендетілуі көптеген сұрақтар туындатады.

Егер мұндай учаскелерде жаяу жүргіншілердің жолға шығу мүмкіндігі болмаса, қарсы бағыттағы көлік ағындары толық бөлінген болса және қауіпсіздікке қатысты барлық инженерлік шешімдер іске асырылған болса, онда мұндай шектеулердің қажеттілігі неде?

Азаматтардың пікірінше, дәл осындай учаскелерде жасанды түрде қауіпсіздікті сылтау етіп төмендетілген жылдамдық режимі, полицияның патрульдік қызметтердің бақылауы мен жылдамдық режимін қадағалау ерекше күшейтілген. Соның салдарынан көптеген жүргізушілер жол қауіпсіздігіне емес, айыппұл алмауға көбірек алаңдайтын жағдай қалыптасқан.

Нәтижесінде, азаматтар ақылы жолды пайдаланып қана қоймай, кей жағдайларда ондаған мың, тіпті жүз мың теңгеге дейін жететін айыппұлдар алып жатыр.

Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе түсініксіз болып отыр. Егер бұл республикалық маңызы бар автомобиль жолдары болса, онда неге әр өңірде жылдамдық режиміне әртүрлі тәсіл қолданылады?

Мәселен, кейбір облыстарда дәл осындай санаттағы жолдарда рұқсат етілген жылдамдық 120-140  км/сағатқа дейін көтерілген. Ал Түркістан – Шымкент өңірлерінде техникалық сипаттамалары ұқсас жолдарда әлдеқайда төмен шектеулер белгіленген. Бір қызығы жолдың ақысының мөлшері бірдей. 

Бұл жағдайда “жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлері қандай және неге бірдей санаттағы, яғни 1 категориялық жолдарға әртүрлі талаптар қойылады?” деген заңды сұрақ туындайды.

Жолдың санаты да, қауіпсіздік талаптары да бірдей болған жағдайда жүргізушілерге қойылатын талаптар да бірдей болуы тиіс деп есептеймін.

Бұл мәселе тек жүргізушілердің қолайлылығы туралы емес.

Мемлекет мұндай жолдарды азаматтардың уақытын үнемдеу, өңіраралық байланысты жақсарту, көлік қатынасының тиімділігін арттыру және еліміздің транзиттік әлеуетін дамыту үшін салды.

Сондықтан қауіпсіздік талаптары толық сақталған учаскелерде жолдың нақты мүмкіндіктері мен белгіленген шектеулердің өзара сәйкестігіне объективті баға берілуі қажет деп санаймын.

Осыған байланысты депутат мына мәселелер туралы:

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі мен басқа да республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қолданыстағы жылдамдық режимдеріне кешенді ревизия жүргізуді;

Қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келетін, қоршалған және қарсы бағыттары толық бөлінген учаскелерде рұқсат етілген жылдамдықты кезең-кезеңімен арттыру мүмкіндігін қарастыруды;

Елді мекендер маңындағы, бірақ жаяу жүргіншілер қозғалысы жоқ және барлық қауіпсіздік талаптары сақталған учаскелерде 60 км/сағаттық шектеудің негізділігіне талдау жүргізуді;

Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында (магистральдарында) жылдамдық режимдерін белгілеудің бірыңғай критерийлерін қайта қарап, олардың өңірлер бойынша әртүрлі қолданылу себептері жөнінде түсініктеме беруді сұрады.