Астанада өткен саяси жиын аясында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов партиялардың бірігуіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оның айтуынша, бұл үдерісті қандай да бір кезеңнің аяқталуы ретінде қабылдауға болмайды. Керісінше, ортақ құндылықтар мен мақсаттарды ұстанатын саяси күштердің бірігуі елдің дамуына жаңа серпін береді.
«Ешқандай қобалжу немесе қимастық сезімі жоқ. Өйткені біздің миссиямыз аяқталған жоқ, жұмысымыз жалғасып жатыр. Біз бөтен идеологиядағы партиямен емес, ұстанымы, көзқарасы және Әділетті Қазақстан құру идеясы ортақ саяси күшпен бірігіп отырмыз», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, бұл бірігу саяси күштердің әлеуетін арттырып, алдағы уақытта ауқымды мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
«Бүгін күшіміз одан сайын артып отыр. Біз бұдан да биік белестерді бағындырып, үлкен мақсаттарға жетеміз деген сенім бар. Қазір еліміз жаңа даму кезеңіне қадам басты», – деді ол.
Сондай-ақ депутат партия қызметіне қатысты барлық рәсімдер заңнамаға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтты.
«1 шілдеге дейін депутаттар өз қызметін жалғастырады. Алдағы уақытта заңда көзделген рәсімдер өтеді, партияның съездері ұйымдастырылады. Бұл процестер әлі жалғасып жатыр», – деді Асхат Аймағамбетов.
Ол Әділетті, Қуатты және Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы жұмыстар жаңа бірлескен саяси құрылым аясында да жалғасатынын атап өтті.
«Ештеңе тоқтаған жоқ. Біздің жұмысымыз да, миссиямыз да жалғасады. Барлық бастамалар Қазақстанның одан әрі дамуына бағытталады», – деді депутат.










