Шанхай тарихи музейінде «Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» халықаралық көрмесі ашылды , – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара Алматы қаласы музейлер бірлестігінің бастамасымен Алматы қаласы әкімдігінің, Қазақстан Республикасының Шанхайдағы Бас консулдығының және Шанхай халық үкіметінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Жиын 2025 жылы өткен «Қытай – Орталық Азия» екінші саммитінде Алматы мен Шанхайға бауырлас қалалар мәртебесі берілгеннен кейін басталған мәдени ынтымақтастықтың жалғасы болды. Сондай-ақ 2026 жылғы сәуірде Шанхай мэрі Гун Чжэннің Алматыға ресми сапары екіжақты байланысты жаңа деңгейге көтерді.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мәліметінше, с апар қорытындысында Алматы қаласы музейлер бірлестігі мен Шанхай тарихи музейі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Көрмеге Алматы қаласы музейлер бірлестігінің қорындағы 100-ге жуық жәдігер қойылған.
Экспозиция қазақ халқының тарихын, мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырады. Онда этнографиялық бұйымдар, архив құжаттары мен фотосуреттер, ұлттық музыкалық аспаптар, сондай-ақ 1287 жылы Алматыда соғылған күміс дирхемдер ұсынылған. Халықаралық көрмеде ұлттық музыка өнеріне айрықша мән берілген. Келушілер QR-кодты сканерлеу арқылы қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының әуезін тыңдай алады.
Жиын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланысты нығайтуға, музейлер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған.
«Бабалар мұрасы – дәстүр сабақтастығында» көрмесі 2026 жылғы 30 тамызға дейін жалғасады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.









