Жиында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, журналист Сауытбек Абдрахманов, жазушы Қуаныш Жиенбай, Шархан Қазығұл, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлі, дипломат Қалыбек Қобландин, ASTANA AQSHAMY газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр сынды мамандар қонақ болып, жылы тілегін жаудырды.
«Соңғы мүмкіндік», «Болмысы бөлек бес қала» туындылары автордың 1992 жылдан бүгінге дейін еткен еңбегінің жемісі десек болады. Кітаптарда жазушының әр жылдарда басылым беттерінде жарияланған үздік материалдары топтастырылған.
– Екі кітапқа кейінгі жылдары жазған еңбектерім енді. «Соңғы мүмкіндік» ұлттық, мемлекетшілдік мәселесі, еліміздің тәуелсіздігі хақында баяндалады. «Болмысы бөлек Бесқала» кітабы туған жерім Бесқалаға арналады, өйткені өзім Қарақалпақстанда дүниеге келгенмін, қазір ол жер басқа мемлекеттің аумағында жатыр, бірақ туған жер алдындағы парызымды өтемек ниетте жаздым. Сол жерден шыққан мықты батырлар, атақты адамдарды насихаттадым. Мысалы, қазақтан шыққан кеңес батырларының бірі өзбек ұлтынан деп жазылып кеткен, сол 104 батырды қазақ батырларының қатарына қостық деп айтуға болады, – дейді жазушы.
Ғабит Мүсірептің «Соңғы мүмкіндік» кітабы – 500, «Болмысы бөлек Бесқала» кітабы 400 данамен басылып шықты, сонымен қатар бүгінге дейін автордың бес кітабы жарық көріп отыр. Жазушының 2024 жылы «Тоғызыншы территория» атты кітабының жарық көрген еді, бұл кітаптың бір тарауы Желтоқсан оқиғасына арналған. «Желтоқсан жылнамасы», «Қыршыннан қиылған ғұмырлар», «Ұлтшыл» ұстаз», «Он бес күндік оқиға», «Қалтарыста қалған қаһармандар», «Дара тұрар даталар», «Жайыма қалдырыңыздаршы мені…», «Желтоқсан жастары экстремист пе?» деген мақалалары осы тарауға жинақталған.
Саладағы ұстазы, жазушы Сауытбек Абрахмановтың сөзінше, автордың портреттік очерктерінде ерекше бір сарын бар. Ол очерктерінде Төлеген Айбергенов, Өмірзақ Қожамұратов, Нұрмахан Оразбек, Сағат Әшімбаев, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ержұман Смайыл, Артығали Ыбыраев, Жұматай Сабыржанұлы, Амантай Шәріп, Шархан Қазығұл, Самат Мұса, Серікқали Мұқаш, Ермахан Шайхы, Меңдібай Әбілұлы сынды қаламгерлердің тұтастас галереясын жасап шықты.
Ғабит Мүсірептің публицистикалық еңбектері ұлт тағдыры мен ел тарихының дәлелі іспетті. Ол күні бүгінге дейін газет журналистикасына адалдық танытып, осы салада аянбай қызмет етіп келеді. Бұл еңбектерінің де ел арасында бағасы әлдеқашан берілгеніне күмәніміз жоқ.
Айсұлу СЪЕЗХАН










