Яғни, жекеменшік балабақшалар көбірек. Әрине, екі түрлі балабақшаның айырмашылығы болатыны жасырын емес. Бірақ «бізге барлық балабақшада оқу бағдарламасы бір стандартқа негізделген бе?» деген сұрақ маңызды болды. Себебі қоғамда ата-аналар тарапынан балабақшаларға көңіл толмаушылықты байқаймыз. Олардың жиі қоятын сауалы: «Неге балабақшаны бітірген балалар мектепке толық дайын болмайды?». Бұған жауап іздеу үшін алдымен балабақшалардағы оқу жүйесіне үңіліп көрейік.
Қазақстандағы барлық балабақша мемлекеттік те, жекеменшік те бірыңғай құжаттарға сүйенеді. Олар – Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты және үлгілік оқу бағдарламасы. Яғни, формалды түрде елдегі барлық балабақша бір жүйемен жұмыс істейді.
Алайда бұл тек негіз ғана. Стандарт баланың жалпы дамуына қойылатын талаптарды белгілейді, бірақ оны қалай жүзеге асыруды әр балабақша өз бетінше шешеді. Соның нәтижесінде әртүрлі әдістемелер пайда болады. Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің жазбаша мәліметіне сәйкес, балабақшалар Стандарт талаптарын сақтап, Бағдарлама мазмұнына сүйене отырып түрлі технологияларды таңдайды және қолдануына болады. Балабақшалардың іс-тәжірибесінде бірнеше оқыту технологиялары қолданылады: ойын, дамытушы, жобалау және зерттеу іс-әрекеті, денсаулық сақтау, Step by Step, робот техникасы, интерактивті, шығармашылық, медиа технологиясы, жасанды интеллект элементтері қолданылатын технологиялар және т.б. Құзыретті органдар тарапынан тәрбиелеу-білім беру процесінде технологияларды қолдануға рұқсат берілген. Яғни, бір балабақшада Монтессори жүйесі қолданылса, енді бірінде дамытушы ойындар, жобалық оқыту, робототехника немесе интерактивті тәсілдер басым. Бір қарағанда бұл жақсы сияқты. Өйткені балабақшаларға еркіндік береді, жаңашылдыққа жол ашады. Бірақ дәл осы еркіндік білім, тәрбие сапасының әркелкі болуына да әсер етіп отыр.
Балалар неге жат елдің мультфильмдерін көреді?
Бірнеше оқыту технологиялары демекші, қазір әр балабақша балаларды әртүрлі әдіспен тәрбиелейді. Тіпті, кейбір балабақшаларда өзге елдің мультфильмдері де көрсетіледі. Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында депутат Ринат Зайыт баяндап, Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінен түсініктеме талап етті.
«Балабақшаға қашан барсаң да «Маша мен аю», «Фиксики» мультфильмдері қосылып тұрады. Жалпы, осы біздің балабақшаларда ұлттық тәрбие беретін бағдарлама бар ма? Ұлттық тәрбие беретін қандай мультфильмдер, қандай көрнекілік құралдары бар? Оны сұрап отырған себебім, кейбір балабақшаларда ЛГБТ символикасы бар ойыншықтар тұрады», – деді депутат.
Депутаттың сұрақтарына Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстанда мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бекітілген, онда ұлттық тәрбие бағыты қарастырылған. «Барлық балабақшалар, меншік нысанына қарамастан, осы бағдарламамен жұмыс істеуге міндетті», – деді вице-министр. Сондай-ақ ол балабақшаға арналған көрнекі және әдістемелік құралдардың тізімі министрдің арнайы бұйрығымен бекітілгенін, оның құрамына математикалық құралдар, геометриялық фигуралар, сағат макеттері, ұлт қайраткерлерінің портреттері және басқа да көрнекі материалдар енгізілгенін айтты. Әрине, бұл жерде вице-министрдің айтып отырғаны – біздің жоғарыда келтірген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты және үлгілік оқу бағдарламасы. Бірақ стандарт біреу болғанымен, әр балабақша әртүрлі оқыту технологиясын қолданатындықтан, балабақшаның бәрін бақылауға алу қиын болуы мүмкін.
Неге нәтиже әртүрлі?
Иә, теория жүзінде барлық бала бірдей стандарт бойынша тәрбиеленуге тиіс. Бірақ практикада балабақшалар арасындағы айырмашылық айқын байқалады. Біріншіден, педагогтердің кәсіби деңгейі әртүрлі. Кейбір балабақшаларда тәжірибелі тәрбиешілер жұмыс істесе, енді бірінде кадр тапшылығы сезіледі. Бұл – балалармен жұмыс сапасына тікелей әсер ететін фактор. Екіншіден, жекеменшік балабақшалардың деңгейі біркелкі емес. Олардың арасында заманауи, жақсы жабдықталған орталықтар да бар, сонымен қатар тек бизнес ретінде ашылған, білім сапасына жеткілікті көңіл бөлмейтіндері де кездеседі. Осы мақаланы жазу барысында біз екі жекеменшік балабақшаның тәрбиешісімен сөйлестік.
«Мен – жоғары топтың тәрбиешісімін. Балалардың қабілеті әртүрлі. Кейбіреуі тез үйренеді, кейбірінің оқуға, жазуға мүлдем құлқы жоқ. Оның үстіне біздің балабақшада балалар жазуды үйренуі керек деген арнайы талап жоқ. Мен өзім балалар мектепке барғанда қиналмасын деп үйретіп жүрмін», – дейді тәрбиеші Жұлдызай Асанова. Ал тағы бір тәрбиеші Гүлсара Нұрбергеннің айтуынша, олардың мекемесінде балаларды оқыту жолға қойылған. Бала балабақшадан оқуды, жазуды үйреніп, мектепке дайын болып шығады. Жалпы, балабақшаның қазіргі стандартында баланың негізгі іс-әрекеті ретінде ойын алға шығарылады. Бұл – халықаралық тәжірибеге сай тәсіл. Бірақ кей жағдайда «ойын арқылы дамыту» ұғымы дұрыс түсіндірілмей, нақты білім берудің әлсіреуіне әкелетіні де жасырын емес. Оған жоғарыда айтқанымыздай, балабақшаларда дамыту үшін әртүрлі тәсілдерді қолданатыны дәлел.
Ең үлкен мәселе – мектепке дайындық
Ата-аналарды алаңдататын негізгі мәселе – балабақшаға барған баланың мектепке дайын болмай шығуы. Яғни, ол әріп танымауы мүмкін, қарапайым санауды білмеуі мүмкін. Соның салдарынан көптеген ата-ана баласын қосымша дайындық курстарына беруге мәжбүр. Бұл – парадокс. Бала бірнеше жыл балабақшаға барады, бірақ мектепке дайындық үшін тағы да бөлек уақыт пен қаражат жұмсайды.
Зерттеп қарағанда, мұның бірнеше себебі бар екенін байқадық. Біріншіден, қазіргі бағдарлама академиялық білімнен гөрі баланың жалпы дамуына – сөйлеу, ойлау, әлеуметтік дағдыларға басымдық береді. Бұл дұрыс бағыт болғанымен, ата-аналардың күткен нәтижесімен сәйкес келе бермейді. Екіншіден, кейбір ұстаздар бірінші сыныпқа келген бала белгілі бір деңгейде буындап оқи және жаза білуге тиіс деп күтеді. Ал балабақша бағдарламасы мұны міндетті талап ретінде қоймайды. Негізі, мектепте де «бірінші сыныпқа келген бала оқи, жаза білу керек» деген арнайы талап жоқ. Үшіншіден, ата-аналардың өздері де баланы «ерте оқытуға» сұраныс тудырып отыр. Соның әсерінен дайындық орталықтары көбейіп кетті. Әрине, бұл жерде тағы бір жағдайды ескеру қажет деп ойлаймыз. Ол – елімізде балабақшаға бармайтын балалардың да бар екендігі. Олардың көпшілігі бірінші сыныпқа барар кезде міндетті түрде даярлау орталықтарында жазу мен әріптерді үйренеді.
Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру жүйесі аралас модельге негізделген. Бір жағынан, бірыңғай стандарт бар, екінші жағынан, балабақшаларға әдістемелік еркіндік берілген. Бұл модельдің артықшылығы – икемділік. Әр балабақша өз бағытын таңдай алады, жаңа тәсілдерді енгізе алады. Бірақ кемшілігі де айқын. Бақылау әлсіз болса, сапа да әртүрлі болады. Сондықтан мәселе стандарттың бар-жоғында емес, оның қалай орындалатынында сияқты. Әйтпесе, қоғам тарапынан балабақшадағы тәрбие мен оқуға қатысты сұрақтар туындамас еді.
Біздіңше, мектеп пен балабақша арасындағы сабақтастық күшейтілуі қажет сияқты. Баланың қай деңгейде мектепке келуі керектігі нақты әрі бірізді болуы тиіс. Екіншіден, ата-аналармен жұмыс жүйелі болуы керек. Ата-аналарға түсіндіру, ақпарат беру өте маңызды. Үшіншіден, жекеменшік балабақшалардың сапасына бақылауды күшейту қажет. Яғни, олар балаларды қалай тәрбиелеп жатқаны назарда болуы керек. Иә, Қазақстанда балабақшалар бірыңғай стандартпен жұмыс істейді. Бірақ бұл барлық жерде бірдей нәтиже береді деген сөз емес. Соның бір айқын көрсеткіші – ұлттық тәрбие мәселесі мен баланың мектепке дайындық деңгейі өзекті күйінде қалуда.
Адина ЖАНҒОЖИНОВА, ана:
– Қазіргі кезде көп ата-ана бірінші сыныпқа баратын баласын Мектепке дейінгі білім орталықтарында оқытады. Оны өз маңайымыздан да байқаймыз. Меніңше, олар балалары оқи алатын, сандарды алып-қосуды білетін болса, ары қарай сабақты өте жақсы оқып кетеді деп ойлайды. Сондай-ақ халық арасында мұғалімдер жақсы оқитын балаларға көбірек көңіл аударады, ал оқу, жазу білмейтіндер шетте қалып қояды дейтін де түсінік бар. Әрине, бұл тәжірибеде дәлелденген бе, жоқ па, ол жағын мен білмеймін. Өйткені әр баланың қабілеті әртүрлі. Мысалы, менің балаларым ондай орталықтарға барған жоқ. Балабақшадан кейін бірден мектепке барды. Бірақ біреуі өте жақсы оқиды, екіншісі кейбір пәндер бойынша аздап қиналады.
Әсел ҚҰРМАНБАЕВА, бастауыш сыныптың мұғалімі:
– Бірінші сынып оқушысының мектеп ішіне үйренуі, бейімделуі үшін үш ай уақыт кетеді. Осы үш айдың ішінде мұғалім әр баланың мінез-құлқын, әдет-дағдыларын, қабілетін де танып үлгереді. Сол үшін әрқайсысына тапсырма берерде сәл ерекшеліктер болуы мүмкін. Бірақ балалар балабақшадан жазуды, сандарды үйреніп келген болса да, біз олардың бәріне қайтадан үйретеміз. «Жақсы оқитын балаға ерекше көңіл бөлінеді» деген субъективті пікір деп ойлаймын. Негізі, бастауыш сыныптағы мәселе ол емес. Негізгі мәселе – кейбір ата-аналардың тілі орысша шыққан баласын қинап қазақша оқытуы дер едім. Нәтижесінде, баланың білімінің іргетасы дұрыс қалыптаспай қалады.
Айгүл СЕЙІЛ










