Боччадан әлем кубогы басталды

Мәулен Әшімбаев салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде сайысқа қатысушыларға ілтипат білдіріп, Қазақстанда инклюзивті қоғам құру Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағ­дары­ның маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Канада, Қытай, Ұлыбритания, Франция, Пор­тугалия, Оңтүстік Корея, Бразилия және басқа да мемлекеттердің өкілдері бақ сын­айтын халықаралық доданың ауқымы кең екеніне назар аударды. Іс-шарада осындай деңгейдегі жарыстың Қазақстанда өтуі елде паралимпиадалық қозғалысты дамыту және әр азаматқа тең мүмкіндік жасау бағытында атқарылып жатқан жұ­мыстың нәтижесі екені де айтылды.

– Astana 2026 World Boccia Cup тур­нирі – Қазақстан Бочча федерациясымен қатар еліміздегі паралимпиадалық қозға­лыс үшін де маңызды оқиға. Бүгінде Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен елімізде параспорт­ты дамытуға және барша азаматқа тең мүмкіндік жасауға ерекше көңіл бөлініп келеді. Параспортшылардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына және өз әлеуетін толық жүзеге асыруына қа­жетті жағдай жасалуда. Астанада спорт­тық, медициналық, оңалту және білім беру инфрақұрылымын біріктірген елі­міздегі алғашқы бірегей Инклюзивті спорт орта­лығының ашылуы соның жар­қын көрінісі. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен елордадағы бұл тәжірибе Қазақ­станның басқа өңірлерінде де кезең-ке­зеңі­мен іске асырылады, – деп, Мәулен Әшім­баев Халықаралық бочча федера­циясына және турнирдің Қазақ­станда өтуіне атсалысқан серіктестерге алғыс білдірді.

Бочча Қазақстанда жай ғана спорт емес. Ол бүгінде мыңдаған мүмкіндігі шек­теулі азамат пен олардың отбасылары үшін әлеуметтік интеграция мен оңалтудың маңызды тетігіне айналды. Осы ретте боччадан Қазақстан ұлттық құрамасында қазір елуге жуық параспортшы өнер көр­се­тетінін атап өткен жөн. Жарыстың ашылу рәсімінде кейінгі жылдары Қа­зақстан Бочча федерациясы жаттықтыру­шылар, параатлеттер, олардың ата-аналары, сон­дай-ақ еріктілермен бірге бұл спортты дамыту бағытында ауқымды жұмыс ат­қар­ғанына да мән берілді.

– Бочча – ерекше спорт түрі. Ол ерік-жігер мен асқақ рух, табандылық пен қайсар мінез арқылы кез келген қиындықты еңсеруге болатынын дәріптейді. Бүгін жарыс алаңына шығатын әр спортшы – батылдықтың, төзімділіктің және өзіне деген сенімнің жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Астанада Әлем кубогы үшін жарыс­тың өтуі Қазақстанда боччаның одан әрі дамуына тың серпін беретіні анық, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар боччаны заманауи өнер арқылы кеңінен насихаттау мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте көрер­меннің ықыласына бөленіп, шетелдік әріп­тестердің жоғары бағасына ие болған «Ерекше» көркем фильмі әңгімеге арқау болды.

Айта кетейік, Astana 2026 World Boccia Cup халықаралық турнирі 2026 жылғы 1-9 маусым аралығында өтеді. Әлем кубо­гының бұл кезеңі ресми рейтингтік жарыстар жүйе­сіндегі бәсеке және алдағы Лос-Анджелес Паралимпиадасына жол­дама бере­тін маңызды іріктеу кезеңдерінің бірі саналады.

Өз алаңымызда өтетін дүбірлі додада Қазақстан намысын 10 спортшы қорғайды. Олардың үшеуі – қозғалыс мүмкіндігі аса шектеулі BC3 санатындағы спортшылар. Олар арнайы рампа арқылы допты бағыт­тап, жарыс барысында ассистенттердің көмегіне сүйенеді. Жарыстар жекелей, жұптық және командалық сындар бойынша өткізіледі.

Қазақстандық параспортшыларды даяр­лау және оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін Португалиядан тәжірибелі бап­кер Роберто Матеуш шақырылғанын да атап өткен жөн. Мамандар құрамына қосылған жаттықтырушы халықаралық жарыс қарсаңында команданың техника­лық және тактикалық дайындығын жетіл­діруге басымдық беріп, тиісті жұмыс жүр­гізді. Жалпы, аталған турнир Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министр­лігінің және серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы Ха­лы­қаралық бочча федерациясының президенті Джон Морганмен кездесті. Тараптар пара­лимпиадалық спорттың қазіргі ахуалы мен оны одан әрі дамыту перспективаларын, Қа­зақстанда бочча спортын кеңінен насихат­тау мәселелерін, осы бағыттағы халықаралық ынтымақ­тас­тықты нығайту жолдарын, сондай-ақ спортшылар мен жаттық­тыру­шыларды ірі халықаралық жарыстарға даярлау ісін қолдау тетіктерін талқылады.

Өз кезегінде Джон Морган Қазақстан­ның халықаралық серіктестікке ашық әрі сындарлы ұстанымына жоғары баға беріп, халықаралық федерация инклюзивті қоғам құруға бағытталған бірлескен бас­тамаларды қолдауға дайын екенін тілге тиек етті.

Айна ХАСЕН