Ал әскери медицинада бұл жауапкершілік әскери қызметтің талаптарымен ұштасады. Осы саланың қыр-сырын жақсы меңгерген ақ халатты абзал жандардың бірі – аға маман Айнұр Усанова.
Адам тағдырында кейде бала күнгі арманнан да биік аманаттар болады. Айнұр Мұратқалиқызының медицина жолын таңдауы да әкесінің арманынан бастау алады. Қызының дәрігер болғанын қалаған әке арманы оның жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Өкінішке қарай, әкесі өмірден ерте өтті. Бірақ артында қалған сол бір арман қызы үшін өмірлік мақсатқа айналды.
Әкесінің арманын орындауды мақсат еткен Айнұр Мұратқалиқызы мектепті тәмамдаған соң Өскемен қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Қолына диплом алғаннан кейін жас маман медицина саласындағы алғашқы қадамын Семей өңірінде бастап, жансақтау бөлімінде еңбек етті. Өмір мен өлімнің арасында жатқан науқастар үшін күрескен әр күн оның мінезін шыңдап, маман ретінде қалыптастырды. Кейін акушер мамандығын игеріп, жаңа өмірдің жарық дүние есігін ашуына себепкер болған абзал жандардың қатарына қосылды. Қаншама ананың қуанышына ортақтасып, қаншама сәбидің алғашқы тынысын көрді.
Бірақ оның өмір жолында тағы бір маңызды бетбұрыс күтіп тұр еді.
2016 жылы азаматтық медицинадағы мол тәжірибесін әскери қызметпен ұштастыруға бел буып, әскери салаға келеді. Алғашқы еңбек жолын 5573 әскери бөлімінде бастап, кейін әскери медицинаның маңызды буынына айналды. Бүгінде әскери медициналық басқармада медбике болып қызмет атқарады.
– Кейде бес минуттың ішінде ақ халатты шешіп, әскери форманы киіп шығатын күндер кездеседі. Бір қолыңмен адамның өміріне араша түссең, екінші жағынан әскери қызметкер ретіндегі міндетіңді атқарасың. Осы екі жауапкершіліктің қатар жүруі қызметіміздің ерекшелігі шығар, – дейді Айнұр Мұратқалиқызы.
Кейіпкеріміз әскери медицинадағы қызметтің басты ерекшелігі адамдардың денсаулығын тек емдеумен шектелмейтінін айтады. Бұл жерде әр әскери қызметшінің денсаулық жағдайына жіті көңіл бөлінеді. Медициналық тексерулер, оқу-жаттығуларды сүйемелдеу, төтенше жағдайларға дайындық – осының бәрі әскери медицина мамандарының мойнындағы міндет. Сондықтан әскери медицинада әр күн жауапкершілік пен тәртіптен басталады.
Шынында да, әскери медицина қызметкері үшін уақыттың әр минуты қымбат. Бір мезетте науқасқа көмек көрсетіп жатса, келесі сәтте жауынгерлік дайындық шарасына қатысуы мүмкін. Сондықтан бұл салада кәсібилікпен қатар төзімділік, тәртіп пен батылдық та қажет.
2020 жыл оның өміріндегі ұмытылмас кезеңдердің бірі болды. Әлемді алаңдатқан коронавирус індеті кезінде медицина қызметкерлері алдыңғы шепте жүрді. Сол қиын күндері Айнұр Мұратқалиқызы да мыңдаған әріптесімен бірге халық денсаулығы үшін аянбай еңбек етті. Ұзақ ауысымдар, қорғаныш киіміндегі ауыр жұмыс, науқастар үшін алаңдаған күндер мен түндер – бәрі де оның қызмет жолындағы ерекше сынақ болды.
Адал еңбек елеусіз қалған жоқ. Пандемия кезіндегі қажырлы еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің қолынан Алғыс хат алып, мемлекет тарапынан жоғары марапатқа ие болды.
Бүгінде ол – екі баланың ардақты анасы, әріптестері арасында сыйлы маман. Жалпы, еңбек өтілі 26 жыл болса, оның 10 жылы әскери медицина саласына арналған. Осы жылдар ішінде ол тек маман ретінде ғана емес, адам өмірінің қадірін терең түсінетін жан ретінде қалыптасты.
Әкесінің арманы оны медицинаға әкелсе, өмірдің өзі әскери қызметке жетеледі. Ал бүгінде ақ халат пен әскери форма Айнұр Мұратқалиқызының тағдырында бір-бірінен ажырамас ұғымға айналған. Өйткені оның өмірлік миссиясы – қандай жағдайда болмасын адам өмірін сақтап қалу және елге адал қызмет ету.
Жанерке МҰРАТҚЫЗЫ










