Starship кемесі ғарышты игеруді жаңа белеске шығарды

Associated Press мәліметтері бойынша Aikyn.kz Starship-тің 13-14 қарашада өткен сынағы қалай аяқталғанын талдайды.

Қазіргі ғарыш индустриясындағы ең үлкен шығындардың бірі – әр ұшырылымға қажет қымбат техника дайындау қажеттігі. Илон Маск бұны әр сапардан кейін ұшақты немесе автокөлікті тастап, жаңасын сатып алумен салыстырады. Оның пікірінше, зымырандарды бірнеше мәрте пайдалану ғарышқа ұшу бағасын айтарлықтай төмендетеді.

Бұл бағытта SpaceX-пен қатар Blue Origin және басқа да компаниялар жұмыс істеп жатыр. Алайда Starship толықтай қайта пайдаланылатын зымыран жүйесін жасау жолындағы ең ауқымды жобалардың бірі саналады.

Starship 13 қарашада АҚШ-тың Техас штатындағы Starbase ғарыш айлағынан жергілікті уақытпен сағат 16:47-де ұшырылды. Биіктігі 124 метр болатын жүйе Super Heavy үдеткішінен және Starship ғарыш кемесінен тұрады. Ұшырылғаннан кейін 2,5 минут өткенде екі саты бір-бірінен сәтті ажырады.

Super Heavy үдеткіші ұшыру алаңына қайтып оралып, мұнараның механикалық тұтқалары арқылы ұсталып қалуы тиіс еді. Алайда оның кері бағыттағы қозғалтқыш жұмысы жоспарланғаннан ерте аяқталып, автоматты басқару жүйесі мұнараға оралу әрекетін тоқтатты. Үдеткіш Мексика шығанағына бағытталып, жойылды.

Ал Starship ғарыш кемесі ұшуын жалғастырып, 275 шақырым биіктіктегі Жер орбитасына шықты. Ғарыш кемесі 26 Starlink V3 жерсерігін орбитаға орналастырды. Бұл аппараттар SpaceX компаниясының спутниктік интернет желісінің өткізу қабілетін арттыруға арналған. Одан кейін Starship Жерді 14 рет айналып, ғарышта 22 сағаттан астам уақыт болды. Кеме 14 қарашада Starship орбитадан шығу маневрін орындап, Жер атмосферасына қайта кірді.

Атмосферадағы аса жоғары температураға төтеп берген ғарыш кемесі, Тынық мұхиты үстінен Мексика мен АҚШ-тың оңтүстік-батыс аумағына қарай ұшты. Содан кейін Техастағы Starbase ғарыш айлағына бағыт алды.

Жерге жақындаған кезде Starship қозғалтқыштарын іске қосып, жылдамдығын төмендетті. Сағат 15:20 шамасында ұшыру мұнарасының алып механикалық тұтқалары ғарыш кемесін сәтті ұстап қалды.Бұл – орбитадан оралған Starship кемесінің мұнара арқылы алғаш рет ұсталған сәті болатын. SpaceX осылайша екі сатының бірін қайтаруға қол жеткізді. Бірақ Super Heavy үдеткіші жоғалғандықтан, толықтай қайта пайдаланылатын жүйені бір ұшуда көрсету мақсаты орындалмай қалды.

Planetary Society ұйымының ғарыш саясаты жөніндегі сарапшысы Кейси Дрейердің айтуынша, зымыран ұшыру шығындарының салыстырмалы түрде шағын бөлігін жанармай құрайды. Негізгі шығын күрделі техниканы жасауға, дайындауға және қызмет көрсетуге жұмсалады. Сондықтан зымыранды әр сапардан кейін жаңадан құрастырмай, қысқа мерзім ішінде қайта ұшыру мүмкіндігі ғарыш миссияларының құнын айтарлықтай төмендетеді.

Starship-тің 15-шұшырылымы ғарыш техникасын қайта пайдалану тарихындағы маңызды белес болды. Кеменің өз бетінше орбитадан оралып, ұшыру мұнарасы арқылы ұсталғаны SpaceX технологиясының мүмкіндігін көрсетті. Ендігі міндет – екі сатыны да сенімді қайтарып, оларды қысқа мерзім ішінде қайта ұшыруға дайындау. Егер компания бұған қол жеткізсе, ғарышқа жүк жеткізу құны төмендеп, жерсеріктерді ұшыру мен Айға, Марсқа бағытталған болашақ миссиялар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады.