The Telegraph басылымына сүйенген Aikyn.kz Пентагон басшысына қарсы импичмент бастамасының себептерін және Ирандағы соғыстың АҚШ-тың ішкі саясатына ықпалын талдайды.
10 қарашада Пентагонда өткен баспасөз мәслихатында Пит Хегсет Венесуэлада Николас Мадуроны қолға түсіру, есірткі тасымалдады деген күдікке ілінген қайықтарға соққы беру және Иранға қарсы әскери операцияларды бастау жөніндегі шешімдерін қорғады.
«Мен осы операциялардың әрқайсысын қолдаймын. Оларды жүргізгенімді мақтан тұтамын және ертең де дәл осылай істер едім», – деген еді министр.
Оның айтуынша, Иранға қарсы соғыстың негізгі мақсаты – Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу болған. Бұдан кейін Дональд Трамп Truth Social желісінде Хегсеттің мәлімдемесін жоғары бағалап, оған қолдау білдірген.
Министрге қарсы бастаманы Ирандағы соғысқа ашық қарсылық білдіріп жүрген республикашыл конгрессмен Томас Масси көтерген болатын. Ол 9 қарашада Хегсетке қатысты импичмент баптарын Конгреске ұсынған еді. Осыдан кейін заң шығарушылар министрдің Иранмен соғыс кезіндегі әрекеттері АҚШ Конституциясын бұзды ма деген мәселені қарастыруы тиіс еді.
Өкілдер палатасы процедуралық ұсынысқа дауыс беріп, сәрсенбіде (11 қараша) импичмент баптары бойынша ресми дауыс беруді ұйымдастырды. Хегсет бұл бастаманы «саботаж» деп атап, оның АҚШ қарсыластарына қате белгі беретінін мәлімдеді. Министр Трампқа қарсы бұрынғы импичмент әрекеттерін мысалға келтіріп, қазіргі бастама да нәтижесіз аяқталатынына сенім білдірді.
Импичмент төңірегіндегі дау республикашылдардың аралық сайлауда Конгреске бақылауынан айырылуынан кейін күшейді. The Telegraph мәліметінше, партияның жеңілісіне Ирандағы соғыс елеулі әсер етті деген пікір кең тараған. Вице-президент Джей Ди Вэнс те соғыстың сайлау нәтижесіне кері ықпал еткенін айтқан.
Алайда Хегсет президенттің ұстанымын қолдайтынын қайталаған. Оның пікірінше, Иранның ядролық қару жасауына жол бермеу үшін әскери операция жүргізу қажет болған. Бұндай ұстаным АҚШ әкімшілігінің ішінде соғысқа қатысты саяси жауапкершілік мәселесінің күрделене түскенін көрсетті.
Осы кезде министрдің баспасөзбен қарым-қатынасы да сынға ұшырады. Ирандағы соғыс басталғаннан кейін Хегсет журналистердің ведомство мәселесі бойынша ақпарат алуына шектеулер енгізген болатын. Қарашадағы брифинг кезінде министр негізінен Трамп әкімшілігіне жақын консервативтік ақпарат құралдарының, соның ішінде Fox News пен Daily Wire журналистерінің сұрақтарына жауап берген.Washington Post басылымының Пентагондағы тілшісі Тара Копптың айтуынша, баспасөз мәслихаты басталар алдында қауіпсіздік қызметкері журналистерге тәртіп сақтамаған жағдайда оларды залдан күштеп шығаратынын ескерткен. Тілші бұндай ескертудің бұрын-соңды болмағанын айтып, журналистердің дауыстап сұрақ қоюы қалыпты тәжірибе екенін ескерткен.
Министрге қарсы импичмент бастамасы Ирандағы соғыстың АҚШ үшін әскери ғана емес, саяси дағдарысқа да айналғанын көрсетіп берді.
Ендігі басты мәселе – Конгрестің атқарушы биліктің соғыс кезіндегі шешімдерін қаншалықты қатаң бақылауға алатыны және бұл текетірестің Трамп әкімшілігінің алдағы саясатына қалай әсер ететіні.
Қысқаша анықтама
АҚШ-та импичмент – жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерді (президентті қоса алғанда) Конституцияны немесе заңды бұзды деген айыппен жауапкершілікке тартудың конституциялық рәсімі.
АҚШ Конституциясына сәйкес, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге мемлекетке опасыздық жасау, парақорлық, сондай-ақ басқа да ауыр құқық бұзушылықтар үшін импичмент жариялануы мүмкін. Бұған билікті асыра пайдалану және конституциялық міндеттерді өрескел бұзу да жатқызылады.
Импичмент жариялау үшін Өкілдер палатасында қарапайым көпшілік дауыс жеткілікті. Одан кейін Сенат істі сот тәртібімен қарайды. Қызметкерді лауазымынан босату үшін сенаторлардың кемінде үштен екісінің қолдауы қажет. Импичмент жариялануы адамның қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын немесе кінәлі деп танылғанын, министрдің бірден қызметінен кететінін білдірмейді.








