Биыл да жылыту маусымына дайындық – күн тәртібіндегі мәселе. Ендеше, Алматы алдағы аязға қаншалықты әзір? Жылу желілерін жаңғырту жұмысы қандай нәтиже берді? Жақында осы сауалдарға жауап іздеп, Алматы қаласының әкімдігі мен «Алматы жылу жүйесі» ЖШС-не ресми сұрау салдық.
Қала әкімі Дархан Сатыбалдының мәлімдеуінше, бүгінде Алматы жылыту маусымына 100 пайыз дайын. Қазір шаһардың жылумен жабдықтау жүйесі қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Қысқа дайындық аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген. Дәлірек айтсақ, 21 шақырым жылу желісі жаңартылып, құбырлардың тозу деңгейін төмендетуге бағытталған жұмыс жалғасын тапты.
– Кейінгі үш жылда қаладағы жылу желілерінің тозуы 59,2 пайыздан 53,9 пайызға дейін азайған. Мамандар мұнымен шектелмей, жылу жүйесінің беріктігін тексеріп, сорғы станциялары мен апаттық қызметтердің дайындығын қамтамасыз етуге күш салды. Нәтижесінде, қала тұрғындары жылуға уақытылы қосылды, – деді «Алматы жылу жүйесі» ЖШС өкілдері.
Қала инфрақұрылымының тұрақты жұмыс істеуі ең әуелі инженерлік желілердің жай-күйіне тәуелді. «Алматы жылу жүйесі» ЖШС дерегінше, 2023-2025 жылдар аралығында кәсіпорын шамамен 67 шақырым жылу желісін жаңғыртқан. Жауапты мамандар жүргізілген жаңғырту 2027 жылдың басына қарай желілердің тозуын 1,8 пайызға азайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Қазір мекемеге қарасты жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1 409,8 шақырымға жетеді.
Жылу желілерін жаңғырту барысында жұмыстың көлемімен қатар, қолданылатын материалдардың сапасы да маңызды. Себебі құбырлардың беріктігі мен жылуды сақтау қабілеті жүйенің ұзақ мерзімде жұмыс істеуіне әсер етеді. Кәсіпорын мәліметінше, жаңғырту жұмысында заманауи жылу оқшаулау материалдары мен технологиялар пайдаланылған. Соның бірі – алдын ала көбікполиуретанмен (КПУ) оқшауланған құбырлар. Мұндай технология жылу энергиясын үнемдеп, құбырларды коррозиядан қорғайды.
Жылу желілерін жаңартумен қысқа толық әзірміз деу әлі ерте. Себебі қаладағы жылу желілерінің кейбір бөлігі әлі де тозған құбырлардан тұрады. Олардың қысқы жүктемеге төтеп беруі маңызды. Осы мақсатта «Алматы жылу жүйесі» ЖШС жыл сайын гидравликалық сынақтар жүргізеді, яғни құбырларға жоғары қысым беріліп, олардың беріктігі тексеріледі. Бұл қыстың қақ ортасында құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалмас үшін қажет.
Бұдан бөлек, дайындық аясында құбырлар мен бекіткіш арматураны жөндеу, бүлінген жылу оқшауламасын қалпына келтіру және қақпақтарды ауыстыру көзделген. Сондай-ақ 69 сорғы станциясының жабдықтарын жөндеу қарастырылыпты.
«Алматы жылу жүйесі» ЖШС ақпаратына сәйкес, биылғы жылыту маусымына 141 маманнан тұратын төрт жөндеу қызметі әзірленген. Ал апаттық қызметте әр ауысымда 22 адам кезекшілік атқарады. Одан өзге жеті пайдалану ауданына қарасты 33 учаскеде 625 маман жұмысқа жұмылдырылған.
– Жөндеу бригадалары қажетті материалдармен, жабдықтармен және арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның барлық арнайы техникасы тексеріліп, жұмысқа дайындалған. Оқыс жағдайларға арнап материалдар мен жабдықтардың апаттық қоры да жасақталды. Бұл – құбыр жарылған немесе басқа да техникалық ақау туындаған жағдайда қажетті бөлшектерді іздеп уақыт жоғалтпау үшін қабылданған шара, – деді сала мамандары.
Осыған дейін мегаполис басшысы Дархан Сатыбалды жылыту маусымына қатысты өткізген жиында тұрғын үй қоры, мектептер мен балабақшалар, сондай-ақ денсаулық сақтау нысандары қысқы кезеңге толық әзір екенін мәлімдеген. Әкімнің сөзінше, арық желісіндегі 129 күрделі учаскенің 117-сінде жұмыс аяқталды. Қалалық коммуналдық қызметтер мен арнайы техника жауын-шашын кезінде де, қыс бойы да үздіксіз жұмыс істеуге дайын.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы









