Неше жылдан бері экономикалық қылмыс ұғымының арасында жасырынып келгендіктен, жағдайдың мұншалық ушыққаны көп айтылмайтын. Былтыр қыркүйекте Қылмыстық кодекске осы мәселені жеке қарастыратын арнаулы бап енгізілгеннен кейін бүркемеленіп келген жайдың беті ашылғандай болды. Құқық қорғау органдарының құрығы ұзарып, қордаланып қалған қалың статистика су бетіне қалқып шықты.
Жалпы, дропперлік дегеннің өзі – көбіне интернет-алаяқтық, телефон алаяқтығы, есірткі саудасы, заңсыз онлайн-казино және букмекерлік қызмет, сыбайлас жемқорлық, ақшаны жылыстату, қаржы пирамидалары мен киберқылмыс сынды қылмыс түрлерінде қолданылатын тәсіл.
Енді ресми статистика не дейді? Елімізде биылғы әуелгі 9 айда экономикалық қызмет саласында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар саны былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,6 есе артқан. Алайда соның ішінде мұншалық қомақты өсімге негіз болып тұрған дропперлік болып шыққан. Әйтпесе экономика саласына жататын қалған заңбұзушылықтың статистикасы керісінше 35 пайызға азайып отыр. Айталық, ресми органдар мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында елімізде экономикалық қызмет саласында 1,4 мың қылмыстық құқықбұзушылық жасалған. Алдыңғы жылдардағы көрсеткіштерге қарасақ, мұндай күрт өзгеріс байқалмайды. Мәселен, 2023 жылы осы аралықта 531, 2024 жылы 526 жағдай есепке алынған.
Енді сол 1,4 мың істің ішінде дропперлік үлесі 1,1 мың. Былтыр осы кезеңде Қылмыстық кодекстің 232-1-бабымен бар-жоғы 4 іс тіркелген екен. Сайып келгенде, жыл басынан бергі барлық экономикалық қылмыстың 75,6 пайызы жаңа заман қылмысына тиесілі болып отыр. Тек ескере кететін бір жайт, соңғы екі жылдың көрсеткішін салыстыру орынды қисын дей алмаймыз. Өйткені жаңа бап 16 қыркүйекте ғана күшіне енгендіктен, аз уақытта қомақты мәліметтің анықтала қоюы екіталай.
Ал дропперлердің қылмыстық әрекеттегі рөлі қандай? Қарапайым тілмен айтқанда, олар алаяқтар мен олардың құрбандары арасында делдал болып жүреді. Алаяқтарға арбалған азаматтардың ақшасы алдымен осы дропперлердің банк шоттарына түседі. Кейін ол қаражат келесі делдалға, одан әрі тағы басқа шоттарға аударылып, ақыр соңында қылмыстық схеманы ұйымдастырушылардың қолына жетеді. Мұндай делдалдардың қатары неғұрлым көп болса, ақшаның ізін кесіп, қылмыстың нақты ұйымдастырушыларын анықтау да соғұрлым қиындай түседі. Мәселен, алаяқтарға алданған азамат полицияға шағымданып, ақша аударған банк картасының нөмірін көрсеткенімен, оның артында тұрған қылмыскерге емес, көбіне сол картаның иесі – дропперге ғана шығуы мүмкін. Осылайша, қылмыстың негізгі ұйымдастырушылары тасада қалып, құқық қорғау органдарының жұмысы күрделене түседі.
Бір қызығы, дропперлердің бәрі бірдей қылмыстық әрекетке саналы түрде бара бермейді. Оларды шартты түрде екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – алаяқтармен ауыз жаласып, заңсыз әрекетке қатысып отырғанын жақсы білетіндер. Екіншісі – өзінің қылмыстық схеманың бір бөлшегіне айналғанынан бейхабар, мұны табыс табудың заңды жолы деп қабылдайтындар. Алаяқтар көбіне соңғы топты әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы құрығына түсіреді. Ешқандай арнайы білім мен тәжірибені қажет етпейтін, есесіне оңай әрі жылдам табыс әкелетін жұмыс ұсынады. Дропперді алдап түсіретін белгілі әдістердің бір түрі осы. Бар болғаны банк картасын «жалға беріп», оған түскен ақшаны көрсетілген шоттарға аударып отыру жеткілікті. Ал әр аударымнан белгілі бір пайызын сыйақы ретінде қалдыруға рұқсат етіледі. Әрине, мұндай күмәнді әрекеттің заңдылығына сендіру үшін алаяқтар сылтаудың сан түрін ойластырып, алдын ала дайындап қояды. Ақырында оңай олжаға кенелем деген адам қылмыс тізбегінің бір буынына айналғанын аңғармай да қалуы мүмкін. Мұндай құқықбұзушылықтың сипаты мен ауырлығына қарай айыппұлдан бастап, мүлкін тәркілей отырып, жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Дегенмен мамандардың айтуынша, тіркелген істердің күрт көбеюін қылмыс та сонша есе өсті деп қабылдауға болмайды. Stop-Piramida.kz қоғамдық жобасының өкілдері бұл жерде заңнамадағы өзгеріс пен есепке алу тәртібін ескеру қажет екенін айтады. Дропперлік бұрын да болғанымен, оған қатысты деректер енді жеке бап бойынша тіркеле бастады. Сондықтан былтырғы төрт іс пен биылғы 1,1 мың құқықбұзушылықты тікелей салыстырып, жағдайға біржақты баға беру де қисынсыз. Оның үстіне, дропперлікті алып тастағанда экономикалық қызмет саласындағы өзге құқықбұзушылықтар саны 532-ден 346-ға дейін азайып отырғаны және бар.
– Біз үшін қозғалған істердің санынан гөрі, қанша адамның зардап шеккені, оларға келген залалдың көлемі, қаражаттың қаншасы қайтарылғаны және қылмысты ұйымдастырушылардың анықталғаны маңызды, – дейді жоба өкілі Нұркен Шардарбеков.
Оның сөзінше, дропперлікке тартылатындардың арасында оңай табыс туралы жарнамаға алданып қалғандар да, заңсыз әрекетке саналы түрде баратындар да бар. Әсіресе екінші топтағылар банк карталарын, шоттарын және қосымшаларына кіру мүмкіндігін сыйақы үшін саналы түрде береді. Қазір мұндай схемаларға криптобиржалардағы аккаунттар да пайдаланылатын болған.
– Алайда осы тұста мәселенің екінші жағын да ескерген жөн. Дропперлердің бәрін бірдей алаяқтардың құрбаны деуге келмейді. Сол сияқты шотына ұрланған ақша түскен әрбір азаматты қылмысқа біле тұра қатысты деп тану да дұрыс емес. Адамның кінәсін анықтау үшін оның нақты не істегенін және өз әрекетінің мәнін қаншалықты түсінгенін тексеру қажет, – дейді ол.
Айталық, тергеу барысында азаматтың шотына кіру мүмкіндігін кімге, қандай мақсатпен бергені, қандай нұсқау алғаны, оған сыйақы уәде етілгені және өзінің не білгені анықталуға тиіс. Жалған жұмыс хабарландыруына сеніп, кейін алданғанын түсінген соң полицияға жүгінген адам мен қайта-қайта шот ашып, оларды өзгелерге беріп, тұрақты түрде сыйақы алып отырған адамның жағдайы бірдей емес. Сондықтан хат алмасулар, ақша аударымдары және өзге де дәлелдер жан-жақты бағалануы керек. Сол себепті заңда арнайы талаптар сақталған жағдайда жауапкершіліктен босату мүмкіндігі де көзделген. Мұндай талаптардың қатарында өз еркімен хабарлау және қылмыстың ашылуына белсенді жәрдемдесу де бар. Дегенмен бұл кез келген жағдайда жауапкершіліктен құтылуға болады дегенді білдірмейді.
Ал жеке баптың енгізілуі қылмыстық ақшаны өткізу арналарына қаншалықты тосқауыл бола алды? Бұл мәселеде жоба өкілдері құқық қорғау органдарының мәліметін алға тартады. Бас прокуратураның бұған дейінгі жарияланымдарының бірінде жаңа бап енгізілгеннен бері 700-ден астам іс тіркеліп, 216 адам жауапкершілікке тартылғаны, 202 адамның сотталғаны көрсетілген. Бірақ бұл сандарды биылғы 9 айдың қорытындысы деп қабылдау қате. Өйткені олар сол ақпарат жарияланған кездегі кезеңді ғана қамтиды.
Сонымен бірге сондағы деректер бойынша 2026 жылдың алғашқы 5 айында дропперлердің шоттары арқылы ұрланған шамамен 400 млн теңге қолма-қол ақшаға айналдырылған. Демек, жауапкершілік күшейгенімен, қылмыстық қаражатты шығару арналары әлі де жұмыс істеп тұр. Яғни заңның нәтижесін сотталғандардың санымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Қанша күмәнді аударым тоқтатылды, жәбірленушілерге қанша ақша қайтарылды, қанша қылмыстық топтың жолы кесілді деген сауалдар да назардан тыс қалмауы керек.
Сарапшылардың қолында схеманы ұйымдастырушылардың қаншалықты жиі анықталатыны туралы расталған мәлімет жоқ. Олардың айтуынша, мұндай статистика Ішкі істер министрлігінің Киберполициясында жүргізіледі. Тек осы жерде, жоба өкілдерінің пайымынша, дропперлер, оларды тартушылар, ұйымдастырушылар және жолы кесілген қылмыстық топтар жөніндегі деректерді бөлек жариялаған жөн. Мұндай тәсіл мәселенің нақты ауқымын түсінуге мүмкіндік берер еді.
Бұл күресте банктердің де атқаратын рөлі аз емес. Бір шотқа әртүрлі адамнан көп ақша түсуі, қаражаттың іле-шала басқа шоттарға жөнелтілуі немесе ақша айналымының клиенттің әдеттегі қаржылық әрекетіне сәйкес келмеуі күмән туғызуы мүмкін. Дегенмен ірі көлемдегі әрбір аударымды алаяқтықтың белгісі деп қарастыруға болмайды.
Жоба өкілдері келтірген ресми мәліметке сүйенсек, Ұлттық банктің Антифрод-орталығы арқылы 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2,8 млрд теңгенің күмәнді операциялары бұғатталып, зардап шеккендерге 500 млн теңгеден астам қаражат қайтарылған. Мамандар осы бағыттағы жұмысты күшейту үшін банктер мен құқық қорғау органдарының ақпарат алмасуын жеделдету қажет деп есептейді. Әсіресе ақшаны қабылдап, бірден әрі қарай өткізіп отыратын шоттарды анықтау, аударымдар тізбегін, соның ішінде криптоактивтермен жасалатын операцияларды қадағалау маңызды.
Ербол ТҰРЫМБЕТ







