Алпысыншы жылдың ақпанында басталған Америка сапарына Мұхтар Әуезов Кеңес Одағының ең мәртебелі марапаты – Лениндік сыйлықты иеленіп, атақ-даңқы жердің жүзін шарлап кеткен мәшһүр жазушы ретінде аттанды.
КСРО-ның соңғы жылдары Коммунистік партия идеологиясының тізгінін ұстаған академик А.Яковлевтің деректері бойынша 13 миллион адам Азамат соғысы мен ашаршылық құрбаны болса, 20 миллион жазықсыз жан сталиндік репрессияның қанды қасабына түсіп, сұмпайы саясат әр кезеңде жалпы саны 60 миллионнан астам адамның өмірін жалмаған екен (Яковлев А.Н. Большевизм – социальная болезнь ХХ века. Черная книга коммунизма. М., 1999, с.12-13).
Сталиннің жауыздықтарын кеңес адамдарына ғана емес, күллі әлем алдында әшкерелеген 1956 жылғы тарихи съезден соң КСРО – АҚШ қарым-қатынастары жандана түсті. Кеңес ғалымдары мен жазушылары ілгеріде батыс авторлары індете жазып келген ел тарихындағы сұмдық саяси науқандар мен қанқұйлы репрессиялар тақырыбын игеру мүмкіндігі туындады.
Кеңес Одағының АҚШ-тағы елшісі Г.Зарубин мен мемлекеттік хатшының арнайы көмекшісі У.С.Лейсидің қол қоюымен 1958 жылдың 27 қаңтарында екі ел арасындағы ғылым мен техника, мәдениет пен білім саласындағы алыс-берістер туралы арнайы келісім жасалды. Ол әрбір екі жыл сайын ұзартылып, жетпісінші жылдарға дейін жалғасты. Он төрт тараудан тұратын бұл құжат Кеңес Одағы мен Америка Құрама Штаттарының алуан саладағы қарым-қатынастарының тамырына қан жүгіртті.
Келісімде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым мен медицинада делегациялар алмасулармен қатар, университеттер, кино және теледидар, мәдениет, әдебиет, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелері де кеңінен қамтылды.
Жақындасуға жол ашқан құжатқа сай МГУ мен Колумбия университетінің, ЛГУ мен Гарвард университетінің арасында әуелі оқытушылар мен профессорлардың тәжірибе бөлісуі мен әр тараптан жиырмадан студент алмасу қарастырылып, оның санын 1959-1960 жылдары 30-ға дейін жеткізу көзделді.
Ғылым академиялары тарапынан алыс-беріс жанданып, түрлі басқосу өткізіле бастады. Кеңес-американ қарым-қатынасына іргетас болып қаланған дәл осы келісім негізінде мәдениет, өнер саласындағы шығармашыл ұйымдардың өнері жаңа өріске шықты. Үлкен театр, Ленинград опера және балет театры, МХАТ-тың АҚШ-тағы гастрольдері зор табыспен өтіп, әлемге әйгілі кеңес музыка шеберлері Д.Ойстрах, С.Рихтер, М.Ростроповичтердің өнеріне американдықтар тамсана қол соқты.
Қарсы жақ та қарымта ретінде Бостон, Нью-Йорк, Филадельфия симфониялық оркестрлерінің гастрольдерін өткізіп, әлемдік опера жұлдыздары Рената Тебальди, Поль Робсон, Марио Ланцалар Кеңес Одағының айтулы сахналарында өнер көрсетті. Мұның бәрі кеңестік музыка кеңістігіне еркін леп, өзгеше ырғақ, сырлы саз әкелді.
ХХ ғасыр музыкасына зор серпіліс әкелген әйгілі джаз композиторы Дюк Эллингтон 1971 жылы өз оркестрімен Москва, Ленинград, Киевтің көрермендеріне ұмытылмас қуаныш сыйлап, кеңес кеңістігінде джаздың кеңінен қанат жаюына жол ашты.
Алпысқа толғанша соңынан аңду кетпеген, жиі-жиі сүргінге ұшырап, абақтыға дейін қамалған, «ұлтшыл-алашордашыл» деген атағы үнемі алдынан шыға берген М.Әуезовтің АҚШ-қа сапары екі ел арасында жасалған жоғарыдағы келісім мен соның аясында алдын ала жоспарланып, құзырлы органдардың қадағалауымен өткізілген шаралардың арқасында ғана мүмкін болды.
Мұхтар Әуезовтің ғылыми, ұстаздық және жазушылық қызметі қазақ-американ келісімінің үш бірдей шартына әбден сәйкес келетін.
Біріншіден, Мұхаң Қазақстан Ғылым академиясы құрылған күннен оның толық мүшесі – академигі болды. Екіншіден, келісімде аты аталатын Ленинград университетінің түлегі болумен қатар, құжатта тәжірибе алмасу қарастырылған Москва мемлекеттік университетінің де профессоры еді. Оның үстіне Мұхаң дәл осы кезде Орталық Азия мен Кавказ республикалары жазушыларынан шыққан жалғыз Лениндік сыйлық лауреаты болатын.
Сонымен 1960 жылдың ақпанында дала данышпанын мол әсерге бөлеген Америка сапары басталды. Елге оралған соң денсаулығы сыр бере бастаған жазушы «Америка әсерлерінің» екі тарауын ғана дауыстап оқу арқылы машинкаға түсіріп үлгереді. Өзі бір көруді талайдан армандаған ел туралы кемеңгердің кеңінен көсіліп, құлаштай сермеген ойларының үлкен бөлігі күнделік дәптердің беттерінде қалды. Тасқа басылған қос тараудың өзі жазушы қайтыс болған соң араға үш жыл салып, 1964 жылы ғана баспа бетін көреді.
Айтылмаған ойлары мен ашылмаған сырлары ұзақ жылдар бойы шаң басқан мұрағаттағы күнделік жазбаларда қалған бұл қандай сапар еді? Енді осы тақырыпқа ойысайық.
Ең әуелі, «Америка әсерлері» туралы әр жылдары қазақ баспасөзі тарихы мен теориясының білімпазы, профессор Н.Омашұлы, әуезовтанушы ғалым, филология ғылымының докторы Г.Пірәлиева, мұрағаттанушы Т.Әкім, филология ғылымының кандидаты Д.Қонаевтар тарапынан қарастырылғанын атап өтуді өзімізге парыз санаймыз. Кейінгі жылдары бұл қатарға америкалық Денис Кин есімді зерттеуші азамат қосылып, ол жазушының «Америка әсерлері» очеркі мен күнделік жазбаларын үлкен ұқыптылықпен ағылшын тіліне аударып, кеңес жазушыларының сапары туралы америкалық баспасөздің не жазғанын жарияға жеткізді. Ұлы қаламгер шығармашылығына құрметпен қараған зерттеушілердің бәріне ілтипатымызды білдіре отырып, Америка жазбалары туралы өзіміз байқаған ой-пікірлерді ортаға салуды жөн көрдік.
М.Әуезов – ұлт тарихының ғана емес, әлем әдебиеті төрінен орын алған классик қаламгер. Біз үшін жазушының қаламынан туған әрбір шығармамен бірге, оның жазылу тарихы да айрықша қымбат. Сол себепті суреткер сырларына тереңірек үңілу үшін жарыққа жеткен жолбаян мен мұрағатта қалған күнделікті қатар қарастырамыз.
Мұхаң «Америка әсерлерінің» бастау алар тұсында оқырманға «әсерлердің» үш түрлі ерекшелігін санамалап өтеді.
Қашанда кісілік пен кішіпейілдікті ту еткен жазушы әуелден-ақ жазбалардың Америка туралы өзіне дейін жарияланған түрлі деректің жалғасы екендігін ескертіп, оқырманның «біздің кейбір көзбен көрген, құлақпен естіген күйлерімізді, көріністерімізді өз деректеріне тіркей түссін» деген ниетпен жазылғанын жеткізеді.
Екінші ерекшелікті «мен саяхатшы емеспін. Жазатыным саяхатнама емес» деп баса көрсетіп, саяхатшы өзі зерттеген өлкеге «ұзақ заманға барып, сан саладан көп ғылымдар құрамымен, баппен ізерлеп танып шығушылар» екендігіне тоқталып, өзінің жазатыны «тек көргеннен, көзбен көргеннен алған тікелей әсерлер ғана» екенін тағы да ілтипатпен ескертіп өтеді.
Үшінші өзгешелігі ретінде «аса зор ұлы мемлекетті» «зерттеуші ғалым боп та, Америка тіршілігінің белгілі саласының маманы болып та жазбайтынын» алға тартып, естіген, көрген, білгендерін: «жай жанды, жұпыны ғана әңгіме етіп бермекпін» деп әдептіліктің әдемі үлгісін көрсетеді.
Жазушының «жұпыны ғана» деген жазбалары әлі күнге дейін оқырманды сан алуан ойға жетелеп, түпсіз тереңдігімен таң-тамаша қалдырумен келеді.
Мұхаң сапарға шығар алдында Үлкен кеңес энциклопедиясындағы Америка Құрама Штаттарына арналған мақаламен мұқият танысып, зер сала оқыған.
Көлемі жүз бетке жуық мақалада АҚШ-тың арғы-бергі тарихы, экономикасы, табиғаты, мемлекеттік құрылымы, ғылымы, мәдениеті, әдебиеті мен өнері түп-түгелімен қамтылған. Энциклопедия 1956 жылы жарық көргенін ескерер болсақ, онда АҚШ өміріндегі елуінші жылдардың басында орын алған ең соңғы деректер молынан берілгенін аңғаруға болады.
Ұлы жазушының басқан ізімен жүріп отыру үшін «әсерлерден» бұрын әуелі күнделікке үңілуге тура келеді. Ондағы алғашқы жазба 16 ақпанда түскен. Мұхаң: «Бүгін таңертең, сағат тоғызда «Москва» гостиницасынан мені жолға шығарып салуға достар келді. Зоя, Абель, Ахмет, Жұмағали және түннен қасымда қонып шыққан Мұратым», – деп сапар алдында сүйеніш болған ұлына жаны жапырақ болады.
Ұшақ екі сағаттан соң Копенгагенге қонып, жолаушылар қала ортасындағы «Европа» қонақүйіне орналасады. Кешке дейін аздап дамылдап, аяқ жазған соң сағат тоғызда әуежайға келіп, ұзақ ұшуды жалғастыра түседі. Дәл осы сәттегі өз жай-күйін «Көңіл, жүрек, ой үйде, артта, ал сапар алға тартады. Сәт болсын!!», – деп қос леп белгісімен өрнектелген екі сөйлеммен әдемі жеткізеді.
Бұл тарауда біз жазушы күнделігіне жиі үңіліп, оның көрген-білгендерін қалт жібермей, табан астында тауып айтылған сөз бен келісті образ, сөйлеп тұрған суреттермен бейнелейтін жазбаларына жиі ораламыз. Өкінішке қарай, машинкаға асығыстау оқып, ежелгі дағдысымен үстінен қайта қарап, редакциялап өтуге мүмкіндігі болмаған күнделіктегі көрікті ойлардың көбі «Америка әсерлеріне» енбей қалған. Мәселен, жазушы ұшақта 6 сағаттай ұйықтап, тыңайып оянған сәттегі Америка жағасындағы көргендерін: «Бір сағаттан бері Америка жағасындамыз. Ай жарық еді. Жер жақсы көрініп отырды. Самолет қанаты астында селдір-селдір, топ-топ оттар – бәрінде аз да болса әр бояулы көрік, рең бар. Дәл қазір бір жағымыз су – асты бұлт, бірақ бұлт астынан ел-ел көрінеді. Таң сызып атып келіп, қазір көк сәуле молайды. Бірақ шығыс ғаламат қызық боп көп уақыт өз реңімен өзгеше боп тұрды. Дәл көкжиек қан-күрең – ұзын тура сызық… Содан үстіңгі қабат қоңыр қошқыл бұлт. Ал одан жоғары аппақ ақ таңдақ – кәдімгі таң… Ал ең асты, көкжиек орны қызыл күрең, қан күрең боп тұрып алды», – деп суреттейді.
Кеңес жазушылары Америкада
Бір-ақ абзацтың өзінде Мұхаңдай сыршыл суреткер ғана сомдай алған бояуы қанық, ойы анық, оқыған жанды алуан әсерге бөлейтін «көк сәуле», «көкжиек қан-күрең», «қоңыр қошқыл бұлт», «селдір-селдір от», «бұлт астындағы ел» сияқты қайталанбас суреттер бар.
Жазушы күнделігінің 18 ақпанында «Шорм» қонақүйіне орналасқаны туралы жалғыз сөйлем жазылса, келесі күндегі жазбада Вашингтонда өткен баспасөз мәслихаты сөз болады.
Жолбаянға келер болсақ, онда Нью-Йорк әуежайы туралы әсерін келістіре жазған. М.Әуезов: «Айдл-Уайлдың аты да қазақ құлағына өзінше ойда жоқта қызық естіледі. Сөз мәнісі үйлеспесе де, сыртқы дыбыс бойынша естілу қалпында Айдл-Уайл – айдын ауыл тәрізді естіледі», – деп әуежай атының қазақ құлағына жылы тиетінін атап өтеді.
Бүгінгі Нью-Йоркте мұндай әуежай жоқ. Әуезовті тамсандырған Айдлуайлд (Idlewild) 1947 жылы ашылыпты. Әуезов сапарынан небәрі үш жыл өткенде оған АҚШ-тың 35-президенті Дж.Ф.Кеннедидің есімі берілген. Қазақ жазушысының көңіліне жаққан әуежай бүгінде Нью-Йорктің бас әуе қақпасы ретінде JFK деген атпен әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр.
Біз де үлкенді-кішілі әуежайларда болып, осы заманғы ұшақтардың неше атасымен ұштық. Бірақ оларға Әуезовтей көрген-білгенін сол сәтінде-ақ сөйлеп тұрған суреттерге айналдыратын көзбен қарай алмаған екенбіз. Оқып көріңіз: «Самолеттер ұшатын жолдарымен біреуі баяулап, біреуі ағызып жүріп жатады. Кейбіреулер қалықтап, жаяулап барып-барып біраз шаққа қалтиып, қозғалыссыз тұрып қалады. Содан кейін ағыза-зырлай, оқтай зулай жөнеледі. Бейне бір үлкен теңіз түбіндегі әр алуан, әр атаның ұлы балықтар, жайындар теңіз түбіндегі өзгеше айуанаттары тәрізді. Біріне-бірі жылжи тақай келіп тұрысып, бір кішілеуі жүйткіп өтіп, кейбір үлкендері қалғығандай мелшиіп, бір сәт тұрып қалып, енді бірде үнсіз ағыза жөнелетін тәрізді, сондайлық теңіз жүзіндей, не теңіз түбіндей ұшып-қонысқан, сүңгіп шүйген мол әлемнің көп өзгеше жәндігі өз қимыл-қозғалысын, барлық болмысын аңдатады». Мұндай ұшқыр ой, ұтқыр теңеу Әуезовтей сөз зергерінің ғана қолынан келсе керек.
Сөздің басы – Абай
Әуезов өмірін зерттеушілердің басым бөлігі оны Америкаға барған алғашқы қазақ деп жазуға әуес. Енді жиі-жиі алдыңнан көлденеңдей беретін осы сұраққа да жауап іздеп көрелік.
Америкаға өзі болмаса да есімі алғаш жеткен қазақ ұлт ұстазы Абай болып шықты. Оны жеткізген, Сіз ойлағандай М.Әуезов емес, америкалық жазушы Джордж Кеннан. Бір ғажабы, Абай есімі дала данышпанының көзі тірісінде-ақ хатқа түсіпті.
Он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында өнеркәсіп айрықша қарқынмен дамып, жаңа жерлер ашылып, қазба байлықтар игеріле бастайды. Осы кезде араны ашылған алпауыт Америка көзінің сұғын Аляскаға қадайды. Ресей империясы ХVІІ ғасырдан-ақ «Русская Америка» деп ен тағып қойғаны болмаса, қойны қазынаға толы, табиғаты қатаң өлкенің байлығын молынан пайдалануға қуаты жетпеген. Ресей қиырдағы Алясканы былай қойғанда, ұлан-байтақ Сібірдің мол байлығын да қисынмен кәдеге жарата алмады.
Қиыр Шығыстың қисапсыз мол қазынасын орталыққа тасымалдау үшін Ресейге әуелі теміржол салу керек еді. Аз халықтарды бірінен соң бірін оп-оңай отарлап ала берген озбыр империяның экономикалық, өнеркәсіптік жағдайы Еуропаның екпіндеп даму жолына түскен елдерімен салыстырғанда әлі мешеу күйде болатын. Ресейдің осындай кіражу кейпін жақсы білетін Америка 1876 жылы Алясканы небәрі 7, 2 миллион долларға (бүгінгі бағамен 200 миллионға жуық) сатып алады. Осының өзі-ақ үнемі асыра мақталып келген Ресей империясының өзінен зор мемлекеттермен салыстырғандағы әлжуаз халін анық көрсетсе керек.
Жер көлемі жағынан АҚШ-тың ең үлкен штаты саналатын Алясканың бұдан кейінгі тағдыры мен одан алынған ұшан-теңіз байлықтың тарихы ғылыми әдебиетте аз жазылған жоқ. Аляска Америкаға сатылған соң түрлі салада ресей-американ қатынастары өркендеп, бірлескен кәсіпорындар мен толып жатқан сауда-саттық ұйымдары ашылады.
Америкалық журналист-жазушы Дж.Кеннан 1865 жылы осындай мекемелердің бірі – Орыс-американ телеграф компаниясы деген кәсіпорынға жұмысқа тұрып, Аляска арқылы Чукотка мен Сібірге келеді. Екі жыл бойы Ресейдің аяз қысып, мұз құрсаған қарлы-боранды өлкесін армансыз аралап, соның нәтижесінде 1870 жылы «Сібір орманындағы өмір» атты кітабын жариялайды.
Ресей тақырыбы америкалық оқырмандардың зор қызығушылығын туғызғанын бірден байқаған журналист алтын шыққан жерді белден қазып, Сібірге оралған екінші саяхатын тура Петербордан бастайды. Кеннан Джордж Фрост дейтін суретшімен бірге Сібірдің каторгаларында азап шеккен орыс зиялы қауымының қайғы-қасіреті жайлы көркем суреттермен безендірілген очерктерін «Сенчури мэгэзин» (The Century Magazine) журналында жариялайды. Бұл жазбалар Америка мен Ресей қоғамында үлкен талқылауға түсіп, оған қос елдің әдебиет алыптары Марк Твен мен Лев Толстойға дейін қолдау білдіреді. Аяқ астынан қатардағы журналистен танымал жазушыға айналып шыға келген Кеннан америкалықтарға тән әбжілдік танытып, 1891 жылы Нью-Йорк пен Лондон қалаларында орыс ормандарына жасаған саяхаттары негізінде «Сібір және сүргін жүйесі» (Siberia and the Exile System) атты кітабын басып шығарады. Ол 1906 жылы Ресейде «Сибирь и ссылка» деген атпен орыс оқырманына жетеді.
Сібір сүргіншілері. Дж.Кеннан түсірген фото
Кейін әлденеше рет басылған осы кітаптың 7-тарауы «Үлкен қазақ даласы» деп аталады. Онда Дж.Кеннан Түмен – Омбы – Павлодар – Семей – Өскемен – Барнауыл бағытымен жүріп өткенде қазақ даласында көрген-білгендерінің бәрін суреттеген. Кітаптың «Менің саяси жер аударылғандармен алғашқы кездесуім» атты тарауында Семей қаласында айдауда жүргендердің жай-күйі баяндалады. Императорлық Паж корпусын бітіргеннен кейін Санкт-Петербор университеттерінде оқып жүргенде Қазақ өлкесіне жер аударылған жас ғалым А.Леонтьев: «Я знаю одного образованного старика-киргиза, которого зовут Ибрагим Конобай, так он не только ходит в библиотеку, но и читает таких авторов, как Бокль, Милль, Дрейпер… Когда я впервые увидел его он поразил меня тем, что спросил разницу между индукцией и дедукцией. Потом я узнал, что он и вправду изучал английскую философию и прочитал в русском переводе всех названных мною авторов», – деп Кеннанды таң-тамаша қалдырады (Кеннан Дж.Сибирь и ссылка. С-Пб, 1999, 1-том, 198-бет).
Әрине, Еуропаға терезе ашқан тұңғыш қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов екені даусыз. Ол туралы 1865 жылы Англияда басылған ағайынды Джон және Роберт Митчелдердің «Капитан Уәлиханов пен М.Венюковтың жазбаларындағы «Орта Азиядағы орыстар» кітабынан бастап, XIX ғасырдың соңына қарай бірқатар француз, неміс басылымында Шоқанның есім-сойы мен еңбектері жайлы мақалалар жарияланды. Бірақ америкалық журнал мен кітапта аты аталған семейлік оқыған қазақ Ибрагим Конобайдың данышпан Абай екендігі еш күмәнсіз. Сондықтан араға ғасырға жуық уақыт салып Америка төріне сол Абайдың рухани мұрагері Әуезовтің шығуы қазақтың қос алыбы өмірбаянындағы ғана емес, халқымыздағы рухани-мәдени сабақтастық дәстүрінің айрықша көрінісі деп білеміз.
Абай Семей кітапханасында. Л.Леонтьевтің картинасы (1954)
Алтын шыққан тақырыпты белден қаза түсер болсақ, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін америкалықтар азат еткен аймақта қалған соғыс тұтқындары ішіндегі ондаған қазақ азаматы Отанында өздерін сталиндік лагерьлер күтіп тұрғандығын білгендіктен АҚШ-қа кетуді жөн көрген. Қазақстан тәуелсіздік алған соң ғана сол ғаріп жандардың тірі қалғандары мен ұрпақтары ата-бабасының топырағын тапты. Орайы келгенде тереңдете жазылатын мұңлы тақырыптың тізгінін осы тұстан тартып, қайтадан Әуезов туралы әңгімеге қарай ойысайық.
Егер есімі Америка құрлығына алғаш жеткен данышпан Абай болса, алып елдің топырағына тұңғыш табан тіреген қазақ Мұхтар Әуезов болып шығады емес пе? Олай болмай шықты. Сонда «Ол кім болды екен?» деген заңды сұрақ туындайды.
Ақ үйдегі Қонаев
Екі ел арасындағы ынтымақтыққа жол ашқан «Лэйси-Зарубин келісімінен» кейін 1959 жылдың 15-27 қыркүйегінде Кеңес Одағының басшысы Н.С.Хрущев пен оны қоштап-қолпаштаған алпыстан астам үлкенді-кішілі кеңестік шенеуніктер бар делегация АҚШ-қа ресми сапармен келеді. Осы кезде әлем назары қос алып арасындағы қарым-қатынасқа ауып, оның егжей-тегжейін жаһандық ақпарат құралдары жарыса жазды.
Хрущев сапары Америкада маккартизм тұсында әбден ушығып кеткен коммунистерге деген жаппай сенімсіздікті аздап болса да жұмсарта түсті. Үнемі қабағынан қар жауып тұратын Сталинмен салыстырғанда, алды-артына қарамай сөйлей беретін әпербақандау Хрущев қарапайым америкалықтардың көңілінен шығады.
Елуінші жылдар соңында Кеңес Одағы мен АҚШ қарым-қатынасы әбден шиеленісіп кетті. 1958 жылдың қарашасында орын алған Берлин қаласының құзыретіне байланысты туындаған дағдарыс кезінде екі тарап та ядролық қару пайдалану жөніндегі қоқан-лоқыға дейін жетті.
Соғыс қасіретін өз көзімен көрген президент Д.Эйзенхауэр мемлекеттік хатшының орынбасары Роберт Мерфи арқылы 1959 жылдың 12 шілдесінде Кеңес үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Фрол Козловтан Хрущевке хат жолдап, күрмеуі қиын мәселелерді бірлесіп талқылап, тығырықтан шығар жолды бірге іздеу үшін екеуара кездесуге шақырады.
Өзі бірінші болып қол созған Эйзенхауэрдің бұл хатына Хрущевтің көңілі жібіп, мұның соңы 1959 жылдың жазында вице-президент Р.Никсонның қатысуымен Мәскеуде өткен америкалық көрменің ашылуымен жалғасты.
Тапқыр журналистер «ас үй дипломатиясы» деп атаған көрмеге Хрущевтің өзі қатысып, журналистер қауымы «ас үйдегі пікірталас» деп ат қойған түрлі қағытпа әңгімеге негіз болды. Жайлы өмірге лайықталып жасалған америкалық пәтерлер мен тұрмыстық техниканы көрсетіп масаттанған вице-президент Никсонға Хрущев: «Біздің адамдарға тұрғын үй алуға құқық беретін Кеңес Одағында тұрудан асқан бақыт жоқ», – деген жаттанды жауабын кеңес журналистері тапқырлықтың үлгісіндей тамсана жазды.
Хрущевтің Америкадағы екі аптаға созылған сапарын ядролық қақтығыс алдындағы жаһан тағдырына алаңдаған әлемдік ақпарат құралдары жарыса жариялап, күн сайын дерлік насихаттаумен болды.
Сол кезде қалыптасқан ахуалды академик-философ Л.Ильичев, жазушы, Социалистік Еңбек Ері Н.Грибачев, дипломат О.Трояновский, журналист А.Аджубей (Хрущевтің күйеу баласы), т.б. авторлығымен дайындалып, саяси әдебиет үшін орасан зор таралыммен (750 000) басылған «Лицом к лицу с Америкой» атты кеңестік қызыл насихат үлгісімен жазылған жинақта: «человечество вступает в пору обнадеживающего поворота, что тучи, затянувшие планету, светлеют, что в международных отношениях подул сильный ветер, который обещает быть устойчивым», – деп суреттейді («Лицом к лицу с Америкой». М., 1960, с.23).
(Жалғасы бар)









