Әйелдер еңбегі әділ бағалануы керек

Кездесудің өзегінде өндірісте еңбек етіп жүрген әйелдердің кәсіби орны, олардың қоғам дамуына қосып отырған үлесі кеңінен сөз болып, қатысушылар осы мәселелер жөнінде ашық пікір алмасты. Жиындағылар әйелдердің еңбек жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік жасау, еңбек құқықтарын сақтау, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін қалып­тастыру және әйелдердің ман­саптық өсуіне жол ашу жөнінде ойларын ортаға салды.

Басқосуда әйелді белгілі бір әлеуметтік рөлмен шектемей, оның кәсіби әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасаудың маңызы айтылды. Атап өтуіміз қажет, өндірісте жүрген әйелдердің еңбек жолы бір күнде қалыптас­пайды. Кәсіпті меңгеру, тәжірибе жинақтау, жаңа технологияларға бейімделу, ұжымдағы жауап­кершілікті сезіну – мұның бәрі үздіксіз ізденісті қажет етеді. Ал осының барлығын отбасылық міндеттермен қатар алып жүру әйелден ерекше табандылықты талап етеді.

Осы мәселелерге тоқталған Тимур Қыдыралиев өндірістегі әйелдердің кәсіби өсуіне жағдай жасау еңбек нарығының сапасына да тікелей әсер ететін фактор екенін атап өтті. 

– Өндірістің ішіндегі жауап­кершілікті сол жерде жүрген адам ғана жақсы түсінеді. Күнделікті жұмыста қауіпсіздік талаптарын сақтау, тапсырманы уақытында әрі сапалы орындау, жаңа тех­нологияларды меңгеру – мұның бәрі кәсіби тәртіпті талап етеді. Әйел адам бұл жауапкершілік­ті арқалай отырып, отбасының да қамын қатар ойлайды. Сондық­тан өндірістегі әйелге ең алды­мен оның еңбегі мен кәсібилігі тұрғысынан қарауымыз керек деп ойлаймын. Бізге әйелді аяушы­лықпен емес, оның мүмкіндігіне сеніммен қолдау маңызды. Егер білім алуға, біліктілігін арттыруға, өз қабілетін көрсетуге мүмкіндік берілсе, әйел өндірісте де, қоғам­дық өмірде де үлкен нәтижеге жете алады. Бұл жерде мәсе­ле тек әйелдерге жағдай жасауда емес. Бұл – еңбекке адал адамның ең­бегін бағалау, әр азаматқа өз қа­білетін іске асыруға тең мүмкіндік беру мәселесі. Меніңше, әділетті қоғамның мәні де осында, – деді ол.

Қатысушылардың пікірінше, білікті маманға мүмкіндік беру арқылы кәсіпорынның әлеуеті артады, ал тұрақты жұмыспен қамтылған от­ба­сының әлеуметтік жағдайы нығаяды. Осы ретте әйелдердің еңбек құқықта­рын қорғау мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Еңбек жағдайының қауіпсіздігі, кәсіби өсуге мүмкіндік, біліктілікті арттыру, еңбекті әділ баға­лау – жұмыс орнындағы тұ­рақтылық­тың маңызды шарттары.

«Әділет» партиясы үшін бұл мәселелердің маңызы зор. Себебі партияның ұстанымында әлеу­меттік әділеттілік тек жәрдемақы немесе әлеуметтік қолдаумен шектелмейді. Әділеттілік – адам­ның еңбек етуіне, білім алуына, кәсіби тұрғыдан өсуіне және өз еңбегінің нәтижесін көруіне мүм­кіндік беретін орта қалыптастыру. Өндірістегі әйелдердің белсенділігі де осы тұрғыдан маңызды. Кәсіби ортада өз орнын тапқан әйел өз тәжірибесі арқылы еңбек мә­дениетіне, ұжымдық жауапкер­шілікке және жас мамандардың қалыптасуына ықпал етеді. 

Кездесу барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өндірісте кездесетін мәселелер мен оларды шешу жолдары жөнінде пікір білдірді. Әйелдердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдау, олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына жағдай жасау қажеттігі де айтылды. Әділетті қоғам – әр адамның еңбегі бағаланатын, қабілетіне қарай мүмкіндік берілетін және кәсіби дамуына жол ашылатын қоғам. Ал өндірістегі әйелдердің ең­бегін қолдау осы ұстанымның нақты көріністерінің бірі екеніне баса мән берілді.

Бекбол АМАНГЕЛДІ